Ақын Ақұштап Бақтыгереева – 80 жаста!

…Поэзия – рух пен қуат. Поэзия – уақыт пен кеңістіктен тыс, өйткені ол – мәңгілік. Нағыз ақынға тән қасиет, мейлі толқып тасыған теңіз болсын, мейлі ұшырып әкетер даулы боран болсын,  мейлі жақын адам, не, бейтаныс кісі болсын, өз кейіпкерінің күйіне еніп, тіл құдіретін аспап етіп, бар болмысты «СӨЗ» құдіретімен ақ қағаз бетіне нота сияқты өрнектейді. Осылайша, біз оқып отырған өлеңге күш-қуат беріліп, рухтанады, ерекше сезімге толы өлең жолдары өмірге келіп, дыбысталады.

Әр сөзінде жан мен сананың тазару  әуені бар, ақ ерке ақ Жайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған ақын, көрнекті публицист, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева биыл 80 жастың биігіне көтеріліп отыр.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, халқы «Ақ шағала» деп құрметтеген ақын апамыздың осынау мерейтойына орай Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Сенше Жайық арнамнан төгілер ем…» атты әдеби-поэзиялық кеш өткізді. Кешке Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының Үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлыбек Қалауов, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің білім алушылары, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жоғары колледж білім алушылары, Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің жастары және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Әдеби поэзиялық кештің шымылдығы мерейтойесі Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әніне ақын апамыздың фото-суреттерінен бейнебаян көрсетіліп ашылды. Тікелей эфирде байланыста болған Ақұштап Бақтыгереева кештің алғы сөзін өзі бастап, оқырман қауымға қазіргі елімізде орын алып отырған су тасқыны зардабы туралы тоқталып өтті: «Ел басына төнген қиын-қыстау күндерде халықпен бірге екендігімізді айтып, бүкіл ел  болып жұмыла бірігіп, үйсіз, күйсіз қалған отандастарымызға рухани да, материалдық қолдау көрсетуге шақырды, және су басқан аймақтарға көмек қолын созып, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге ат салысып жатқан ел азаматтарына алғысын жеткізді».

Ақұштап Бақтыгереева  1944 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген.
Мектеп қабырғасында жүріп өлеңге құмарлығы оянған ақын апамыз 1961 жылы Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 орта мектепті бітірген соң арман қуып, Алматыға оқуға аттанады. 1966 жылы қазіргі Қазақ Қыздар Педагогикалық Университетін тәмамдап, ақын баспасөз жұмысына араласа бастайды. Еңбек жолын «Орал өңірі» облыстық газетінен бастап, онан кейін Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер болып қызмет етеді. 1971-1972 жылдар аралығында  «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975-1981 жылдар аралығында «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор бол­ып қызмет атқарады.

Жайықтың жағасында тулап өскен Ақұштап апамыз Жайығын жырынан бір сәт тастаған емес. Талпынысын да, толғанысын да, күңіреніп, тебіренген шағын да Жайыққа арнады, сонымен тілдесті. Өмірлік жары Ғабдірахим ағамызды  Алатаудың баурайында жолықтырды. Тұрмыс құрып, бір шаңырақтың ұйтқысы атанады. Өмірлік белестердің ортасында жүріп, Ақұштап Бақтыгереваның  өлеңдер жинағы да жарық көріп, қалың оқырман қауымға жол тартты.

Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Өрімтал» деген атпен 1967 жылы жарық көрді. Кейіннен «Наз» (1969 жыл), «Қанышым – іңкәрім» (1971 жыл), «Сені ойлаймын» (1973 жыл), «Ақ қанат» (1975 жыл), «Бақыт әні» (1978 жыл), «Жайық қызы» (1980 жыл), «Белокрылая» (1981 жыл), «Ақжелең» (1985 жыл), «Сүмбіле» (1990 жыл) атты кітаптары басылып шықты.
2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрген.
Ақын ретінде А.Бақтыгерееваның азаматтық үні «Трибун-ақын», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Елдің елдігі – бірлігі», «Оралдағы ойран» сияқты өлеңдерінде айқын көрінді.

Филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртпай ағамыз өз естелігінде :«…Сол жылдары жарық көрген «Өрімтал» атты жинағын жастығымның астына қойып қойып, оқып, өзімше еліктеп өлең жазатынмын,… ақыры, соның әсерінен үлкен рецензия жаздым» деп мақтанышпен еске алады.

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған кеште сөз алған  ақын Нұрлыбек Қалауов  Ақұштап Бақтыгереева туралы естелік сырларымен бөлісіп, ақынның мерейтойына  жүрек жарды құттықтау лебіздерін арнады. Сондай-ақ Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің білім алушылары мен Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары ақиық ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерін жатқа оқып, сахнада поэзиялық композция ұсынды.

Әдеби кеш барысында «Ақын әлеміне саяхат» айдарына кезек беріліп, А.Бақтыгереева туралы сұрақ-жауап сергіту сәті жүргізілді. Сұрақтар қатысушы қонақтардың әсте қызығушылықтарын, поэзия  әлеміне деген шабыттарын асырды. Бірінші сұрақ: «Ақұштап» есімі қандай мағына береді?-деп қойылды. Бұл сұрақтың жауабына тоқталар болсақ: «Ақұштап  — «ақ жібек» ұғымын беретін өте сирек кездесетін есім, ерте кездері әппақ, әрі берік жібек матаны «ұштап» деп атаған екен. Сондықтан да болар ақын өлеңдері атына сай өршіл рухта жібектей төгіліп тұр».

Сергіту сәтінің екінші сұрағы «ақын Ақұштап Бақтыгерееваның бірінші оқырманы кім?» деп қойылды. Қонақтар тарапы қызу талқыға түсіп, әртүрлі нұсқаларын айтып жатты. Бұл сұрақтың жауабы ретінде телеэкраннан бейне үзінді қойылып, онда Ақұштап апамыздың жолдасы Ғабдірахим Жаңбырбаев ағамыздың сұхбаты көрсетілді. Сұхбатта Ғабдірахим ағамыз «… ақын ретінде Ақұштап Бақтыгерееваның бірінші оқырманы мен боламын» деген жауабы айтылды. Бейне сұхбаттағы бұл көрініс қонақтарға ерекше әсер сыйлап, қошеметпен қабылданды.

Ия, Ақұштап апамыз өзге ақындар сияқты шабытын шалқыған теңізден, тасыған судан, самал желден емес, жүректің түбінен іздеді. Онысын тапты. Сол бір сәтте ойға қандай арман салады, не толғандырады, ….бәрі жыр жолдарына көмкеріледі. Өлеңдері суретке, образға тура құрылатын, бояуы қанық болып, көңілдерге бірден, бірдей әсер ететін ақын Ақұштап апамыздың қай өлеңі болмасын,  алған тақырыбы да, айтар ойы да салмақты. Тыңдаған адамды, оқыған оқырманды ойды-қырды кезіп кетпей, өлеңінің ішіне  сыйғыза білген дара ақын. Оның сырын ақтарған, мұңын шаққан өр толқынды Ақ Жайығына келіп:

Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,

Тыңдадым Сандуғаштың сүйкімді әнін.

Мен сенің қырыңда өскен қызғалдаққа,

Тәй басып, саусақ жайып ұмтылғанмын…-деуі, жырдан шашу шашқандай бой тулатар әсер қалдырады.

Ақұштап Бақтыгереева – көптеген ән мәтіндерінің авторы. Оның өлеңдеріне Ө.Бәйділдаев, Ш.Қалдаяқов, Т.Бақтыгереев, Б.Оралұлы, С.Жолбарыс т.б. композиторлар ән жазған.

Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жас мерейтойына арналған әдеби поэзиялық кешті Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы директорының міндетін уақытша атқарушы Ермекбаева Алтынгүл Асқарқызы қорытындылап, кеш барысында мәнерлі жыр өлеңдерін оқыған жас шығармашыл студенттер мен оқушыларға кітапхана әкімшілігі атынан Алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ кітапхана ұжымы атынан мерейтой иесі, ақын Ақұштап Бақтыгереева апамызға мерейлі тойының төл куәсі болып, елін қуантатын,  халқын қуаттандыратын, оқырмандарын сүйсіндіріп, шабыттандыратын өлең жырлары бір сәтке де тоқтамай, ақ қағаз бетіне ақ қаламымен жазыла берсін деген тілегін жолдады.

Жазушы Тұрсын Жұртпай ағамыздың естелігінде  айтылғандай,… «Ақұштап Бақтыгерееваның бейнесі маң даланы мәңгілік сағынып, жусанын сағынып, соған ұмтылып өскен көк қаршыға сияқты. Өзінің мінезі де, ақындығы да осы қаршыға сияқты ұшқыр, таза, сергек, ашық, өткір».  

Әдеби кешімізде тікелей эфирде Ақұштап Бақтыгереевамен болған тілдесуде расында да ойдың ұшқырлығы, тазалығы, сергектігі әрбір әңгімесінен байқалып тұрды. Ерекше қасиетке ие ақын апамыздың сөзінің ашықтығы, өткірлігі сонысымен ерекшеленеді емес пе?… Олай болса, өлең-поэзия әлемінде дара тұлғаларымызды ұлықтайтын сән-салтанатты жыр керуенінде амандықпен қауыша берейік, қадірлі оқырман!

ЕГІЗБАЕВА Сандуғаш Нұрлыбекқызы.

Сағи Жиенбаев атындағы
Ақтөбе облыстық жасөспірімдер
кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

Ақұштап Бақтыгерееваның суреттері: ашық дереккөздерінен алынды.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *