Жаһандану үрдісі етек алып тұрған заманда әлем түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, өмір сүру үшін өзгере білу керек.

Білім саласындағы өзгеріс не үшін қажет? Сапалы білім алу нәтижесінде оқушылар өз ойын анық, еркін жеткізе алады. Олар алған білімдерін өмірде қолдануға  бейімделеді. Білімді, саналы адамдар өмір сынақтарына төтеп бере алады. «Бір мұғалім болады алдынан тез кеткің келіп тұрады, бір мұғалім болады артынан қуып жеткің келіп тұрады, бір ұстаз болады алдында мәңгі жүгініп өткің келіп тұрады» деген мағыналы сөз  қазіргі  мектеп  мұғалімдеріне  заман талабына  сай   өзгеруді  талап етеді.

Осы  мақсатта  педагогтардың  кәсіби  құзыреттіліктерін  арттырудың, кәсіби дамудың  бірден  бір жолы – коучинг пен  тәлімгерлік дер едім. Себебі, коучинг үдерісі  кезінде үйренуші мұғалім  рефлексивті  диалог  арқылы өзінің  кәсіби  білімін, дағдылары мен тәжірибесін  жетілдіреді. Ал, тәлімгерлік барысында  тәлімгер өзінің  білімімен  және тәжірибесімен өз еркімен  бөліседі, ал тәлім алушы өзінің  кәсіби  дағдыларын  дамытады, өзгерістерге қол  жеткізу үшін мәселелердің  шешімін  іздейді. Осы   іс — әрекетті тиімді  жүзеге асыру үшін мектепте коучинг пен  тәлімгерлік  үдерісті  жауапкершілік, еркіндік, ашықтық, ынтымақтастық  принциптеріне   сүйене  отырып, жүйелі  жүргізуді басты  назарда  ұстадық. Қазіргі  таңда мектеп мұғалімдерінің  кәсіби дамуын қолдау  мақсатында  құрылған  желілік  қоғамдастық  мектептер  арасында  озат  тәжірибелермен бөлісуге,  кәсіби қолдау  көрсетуге   оң ықпалын  тигізіп келеді.

Соның  бір айғағы —   Алматы қаласы Алатау  ауданының №182 жалпы білім беретін  мектеп мұғалімдерінен   құралған  «Жаңашылдық» қоғамдастығы. Мектепішілік педкеңестің қаулысымен  «Дамытушы», «Зерделілер», «Зерттеушілер» тобының  құрамы  бекітіліп, атқарылатын  іс — шаралардың  жоспарымен  мақсат — міндеттері   нақтыланып, мектептің  даму  жоспары жолға  қойылған. Мектеп  әкімшілігінен құралған  «Дамытушы» топ мүшелеріне  мұғалімдердің  кәсіби дамуын жетілдіру, желілік  қоғамдастық пен  ата- аналар қоғамдастығын  ұйымдастыру, қолдау көрсету  міндеттері  жүктелсе, І,ІІ деңгейлі  мұғалімдерден  құралған  «Үйлестіруші»  топқа  коучинг, тәлімгерлік  үдерістерін  жүргізу мен бақылау  міндеттелді. Жоспарлы жұмыстың  нәтижесінде  «Мектеп мәдениеті», «Критериалды  бағалаудың тиімділігі», «Оқушылардың  өзін — өзі  бағалауын дамытуда  қалыптастырушы бағалаудың тиімділігі», «ОМЖ мен ҚМЖ — ға кері байланыс» тақырыптарында  коучингілер өткізілді. Жас мамандар, тәжірибесіне өзгеріс енгізуді мақсат еткен мұғалімдер коучингтерден, тәлімгерлік  үдерістерден  өздеріне  көп мәлімет алып, сабақ процесіне  оң өзгерістер енгізуде.

Ұжым мүшелері  бірлескен  әрекеттен  ұйымшылдықпен  жұмыс жасау дағдысын  қалыптастырып, бөлінген көшбасшылықты  дамыту арқылы, нәтижелі  мақсатқа  жетуді  жолға  қойды.

  Білім беру нысаны мұғалім үшін – оқушы. Бірақ оқушыны дәстүрлі оқытумен өмірге дайындай алмайтындығымызға көзіміз жетті. Мектептегі оқыту мен оқуға, осы процеске қатысатын барлық адамдар: ата-аналар мен оқушылар, мұғалімдер де өзгеріске ену керектігі өмірдің басты  талабы болып қалмақ. Заманауи талапқа сай болу, өмір көшіне ілесу  үшін де Елбасы айтқандай, «Өмір бойы білім алу» мұғалімдер мен оқушылардың тіпті  әрбір адамның қажеттілігіне айналуы тиіс.

Табысты мектеп  деңгейіне жету үшін бірлескен жақсы  әрекет, тиімді қарым — қатынас және кәсіби қолдаудың керектігі анық. Жаңаша оқуда мұғалімдер коучинг, тәлімгерлік үдерістерін  меңгеріп, көшбасшылық туралы түсініктері біршама кеңейді. Осы оқу арқылы ұстаздық жолымда жарқын болашаққа жол ашылғандығы мені қуантады. Оқып — үйренуде биік мақсатқа қол жеткізу үшін мұғалім  ретінде өзімнің білім, білік, дағды, құзіреттілігімді үнемі жетілдіру керек деген тоқтамға келдім. Үйренгенімді еліміздің патриоттарын тәрбиелеу мен оқыту игілігіне жарататыныма сенімдімін. Ендігі  мақсат — мектептегі өзгеріс тұрақтылығын  қалай сақтап қалу, қоғамдастық аясын кеңіте түсу,  ұжым мүшелеріне кәсіби қолдау көрсетуді тұрақты үдеріске айналдыру. Мектепке енген өзгеріс тұрақтылығын сақтап қалу қажеттілікке өзінен өзі айналып отыр.

Мұғалімдер сабақтарын жаңа форматта өтуді дағдыға айналдырды. ҚМЖ жазудың көп ізденісті қажет ететінін ұғынды  және ізденіс арқылы табыс критерийіне жететінін білді. Қажеттіліктеріне қарай кәсіби даму мен қолдау көре алады. Коучинг арқылы  кәсіби дамуға мүмкіндік алды. Бұрынғы кезде мұғалімдердің өздерін дамыту сөз және қағаз жүзінде болса, бүгінде кәсіби дамуға  шынайы мүмкіндік алды. Тәлімгерлік арқылы кәсіби қолдау да таба алатындықтан, бұл өзгеріс мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді екендігі айқындалды.Оқушы үнін тыңдау, оқу  сапасы мен үлгеріміне,сынып оқушыларының тәртіп пен мінез — құлықтарына да әсері зор деген тұжырымға келді. ХХІ ғасырдың оқушысын оқыту талабының өзгергендігін саналы ұғынған мұғалімдер мектепке енген өзгерістің  тұрақты сақталуын қалайды. Әлем жылдам өзгеріп жатқандықтан, біз жастарымызды өзгермелі өмірге бейім етіп дайындау — мұғалімнің  басты міндеті  екенін  ұмытпайық!

САБИРОВА  Ардақ Қуанышбекқызы,

                                                                              Алматы қаласы, Алатау ауданы,

№182 жалпы білім беретін мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *