Шәкірт денсаулығының кепілі – спорт

ТОҚАЕВ Қасым – Жомарт Кемелұлы,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.»
(Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел.
Берекелі қоғам» атты Жолдауынан.)
Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау- ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Ұлттық жобада негізгі төрт бағыт көрсетілген. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар туралы айтылған. Аталған шараларды тиімді ұйымдастыру мектептің дене шынықтыру пәні мұғаліміне де жүктелген міндет. Оқушылар арасында жарыстар өткізіп, спорт түрлеріне баулу болып табылады. Жарыстарда алдыңғы қатардан көрінген жеңімпаздарымызды гимназия әкімшілігімен бірлесіп ынталандырып, бойын жат әдеттерден барынша аулақ салуына ықпал ету мақсатында спорттың пайдасы туралы тәрбие сағаттары, әңгімелер өткізіп, оқушының сабақтан тыс уақытта спорт секцияларына қатысуының пайдасымен бөлісемін. Мектепішілік жарыстарға ата-ананы қатыстыра отырып, ұл-қызының спортқа бейімділігін көрсетіп, бала денсаулығын сақтауға бірлесіп атсалысып келеміз.
Еліміздің дені сау азаматын бала жастан қалыптастыруға атсалысу — денешынықтыру пәні мұғалімінің де жауапкершілігінде деп білемін. Бастауыш сыныптан бастап оқушыларды дене шынықтыру пәні сағатын тиімді пайдаланып, оларды шынықтыра білуге ұмтылатын ұстаздар қатарындамын. Мәселе, сабақ кезінде жыл мезгіліне орай шәкірттерді мектеп стадионында, спорт залда жүгіртіп, жаттығу жасау ғана емес, әрбір жаттығудың техникасын үйрету. Спорттық ойындар кезінде балалар мен жасөспірімдер арасында қауіпсіздікті сақтауға назар аудара отырып, оны оқушыға түсіндіру. Ұлдар мен қыздар арасында өзара жарыстар ұйымдастырып, жарыс кезінде мықтыны анықтау бір-біріне күш жұмсау емес, жеңіс жолында түсіністік, бірлік, сыйластық қажеттілігін үнемі оқушы жадына салып отырамын. Жарыс алға шығу емес, шынығу, түрлі спорттық ойындарды меңгеру және денсаулық кепілі екенін айтып, оларды шымыр етіп тәрбиелеу.
Ежелден халқымыз ұлт саулығына айрықша мән берген. Ұлттық тағамдар мен қымыз – шұбатымен, саумал ішкен. Жаз жайлау көшіп, қыс қыстауда барынша құнарлы тағамдармен тамақтанған. Сахара даланың таза саф ауасымен тыныстап, көкорай шалғынында аунап өскен ұрпақтың жалғасымыз. Үлкендер ұл-қыздарының денсаулығына қатты мән берген. Олар көпшілік арасында өткізген ойын-сауықтан балаларды шетқақққан емес. Оларға да алаң бөліп, ұлттық ойындарда жарыстырып, шыңдаған. Кең далада түрлі спорттық ойындарға баулыған. Қазақша күрес, қол күресі, жаяу жарыс, асық, жамбы атып, садақ тарту, тоғызқұмалақ сынды көптеген ұлттық ойындарымыздың ізі жоғалмай күні бүгінге жеткені ата-бабаларымыздың ұлт саулығына көңіл бөліп, игі дәстүрді ғасырларға жалғап бізге мұра етіп жаткізді.
Дене тәрбиесі сабағының басты мақсаты – күш-қуаты мықты, жан-тәні сау, елімізді қорғауға әзір, шығармашылық жұмысқа құштар, жан-жақты дене тәрбиесі дайындығынан өткен адамдарды тәрбиелеу. Бұл ретте мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуы тиіс. Яғни мұғалім сыныпты гендерлік принцип бойынша топтарға бөле алады. Мысалы, сабақ барысында қыздар мен ұлдар топтарына бөлінеді, ал мұғалім әр топқа жеке жаттығулар береді. Мұндай әдістемелік тәсілдерді сараланған әдісті қолдану қажет болғанда басқа пән мұғалімдері де пайдаланады. Сабақта тек жаттығумен шектеліп қалмай, ұлттық ойындар туралы мәлімет беріп, оның мәніне тоқталамын. Ұлттық ойындар спорт қана емес, үлкен тәрбие мектебі.
Дене шынықтыру мұғалімі байқампаздық, төзімділік, шыдамдылық, юморлық сезім, мейірімділік, ұйымшылдық, оптимизм, дербестілік, жауапкершілік, көпшілдік тәрізді қасиеттерімен ерекшеленеді. Оқушылардың көңіл-күйлерін түсіне білу, олардың жеке және жас қабілеттіліктерін зерделей алу және оны ескере білу маңызды. Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру пәні – денсаулық кепілі. Спортпен тұрақты шұғылданған жасөспірімнің дені сау, дене бітімі мығым ұлдарды Отан қорғауға дайындасақ, қыздарымызды нәзіктігін сақтап, тұрақты спортпен шұғылдануына дағдыландырып келемін. Дені сау ұрпақ болашақта қай салада болмасын, өнімді еңбек ете алады. Алдына қойған мақсатына жетеді. Мемлекетіміздің одан әрі гүлденіп, дамыған елдер қатарынан көрінуіне барынша үлес қоса алады. Сондықтан, әр мектеп оқушысы спортты жанына серік ете білуі қажет. Дені сау ұлттың – дені сау ұрпақ. Оған баулу – менің ұстаздық міндетім.
БЕКБАЕВА Асем Касымтаевна,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
«№15 гимназия» денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
Сурет: kaznovosti.kz