ТОҚПАҚБАЕВ  Сәт  Бесімбайұлы,

генерал-полковник, қоғам және мемлекет қайраткері.

 

«Армандау – тез, оған жетуге мінез керек»

     «Тәуелсіздік генералы» атанған генерал – полковник Сәт Бесімбайұлы мен зайыбы, жазушы – журналист Досжан Сауле Мағазбекқызына арнайы жолыққан едік. Әңгімелесе келе, Сәт ағаның балалық шағы туралы айтып беруін өтінген едік.

       Сәт Бесімбайұлы барлық саналы өмірі еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеуге жұмсалды. Ол еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы, ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардияның Қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрі, ҚР Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі және Парламент депутаты қызметтерін атқарды.

 

    Бүгінде, кемел жастан асқан (7 қыpкүйeк 1939 жыл Алмaты oблыcы Ілe aудaны ҚaзЦИК aуылы) Сәт аға, балалық шағын сағына  әңгімелеп, ата-анасын еске алды.

 

                  «Ел алғысын арқалаған адал азамат болсын депті»

 

Әкем марқұм айтып отырушы еді: «Мына Алматы облысының Жамбыл ауданында Фабричный деген ауыл бар. Сол жерде өткен ғасырдың 20 жылдарында Сәт есімді болыс өмір сүріпті. Өзі Ұлы жүздің жаныс руынан екен. Елдің, халықтың арасында абыройы үлкен  болса керек, халық оны  жалғыз  атты  болыс  деп  атаған.  Себебі, болыс болып тұрған кезінде түске дейін қорасына  малы толады да, түстен  кейін  жалғыз атынан  басқа ешқандай  мал  қалмайды екен. Неге  десеңіз, ол кісі жиылған малды жұртқа, кедей-кепшікке, тұрмысы төмен жарлы-жақыбайларға үлестіріп беріп жібереді. Қолы ашық мырза кісі атаныпты. Елдің алғысын арқалаған азамат екен.

Әкем Бесімбай әлгі ел көзіне түскен жалғыз атты адал болысқа ұқсасын деген болу керек, сол кісінінің «Сәт» деген есімін қастерлеп маған қойыпты. Әр адам артында қалар ұрпағының жақсы азамат болып өскенін  қалайды. Халқымыз  ырымшыл  қазақ. Соған  қарағанда  әкем  де ырымдап  маған  осы  есімді  лайық көрген-ау деймін.

Өткен ғасырда, 1920 жылдардың аяғына таман, неше түрлі тәркілеу, момын жұрттың арасынан кулак табу секілді асыра сілтеу, шолақ белсенділік асқынып тұрған кезеңде әкеме бір ағайындары: «Жақында сені бай-құлақсың деп жазықты етеді, итжеккенге айдайды,»- деген хабарды жеткізеді. Әлгідей жайсыз хабарды естіген соң, шаш ал десе бас алатын, асыра сілтеуге бейім белсенді зиянкестерден шошынған әкем Бесімбай Тоқпақбайұлы өзінің інісі Досымбайды және өзге де ет жақын туыстарын ертіп, туып-өскен жері Жамбыл облысын бір түнде тастап қашып, бас сауғалауға мәжбүр болады.

Әкем Бесімбай — шаруаға  аса  ұқыпты,  жұртқа  сөзін  өткізген,  елге  сыйлы кісі болыпты. Көзін көрген кісілердің айтуынша: ол кісі  «жұрттың шаруасы», немесе «өз шаруам» деп ешқашан бөліп жармайды екен,  барлығын, бейне, өзінікіндей  көріп, бел  шешіп, білек сыбанып кірісіп  кететін  көрінеді. Ортақтың  шаруасы  десе күш-жігерін аямаған. Жетім-жесірге, мүгедек,  кембағал  кісілерге  қамқорлығы  айырықша  болыпты.  Кешегі  қиын-қыстау  жылдары,  басына  іс түскен  кісілер:  «Отбасымда  талшығым болмай отыр», —  деп  қол  жайып  сұрап  келсе  –  қазанындағы  асына дейін ақ жарылып салып беретін сақы  мырза  болыпты.

Сөйтіп, әкем теміржолды салып отырып Алматының түбіне жетеді. Іле ауданының Жаңадәуір деген ауылына келіп тұрақтаған. Айта кетер бір жәйіт – сол ауылда әкемнің інісі Досымбай есіміне берілген көше бар. Ол кісі сол жердегі ұжымдастыруға (коллективизацияға) қатысып, колхоз төрағасы болған. Кейінше Алматының төріндегі Қапшағайдың арғы жағында Шеңгелді деген жерде колхоз төрағасы болған. Біраз жылдардан кейін, 30 жылдардың аяғына қарай Іле ауданының КазЦик дейтін ауылына барып тұрақтаған. Оның көне атауы – Алтыншы ауыл.

                                      «Әкемнің өкініші»

Әкем Бесімбай  –   алып денелі, қарулы кісі болды. Бір  отырғанда бір  самаурын  шайды  өзі  тауысатын  шайқорлығы бар еді. Бірде дастарқан басында шай ішіп отырып өз әкесі Тоқпақбай жайында: «Атаң шайдан өлді, сондықтан біздің шайда өшіміз бар», – деп қалжыңдаған-ды. Мен түкпірлеп сұраған соң арқасын кеңге салып отырып аңыздай ғып мына бір оқиғаны айтып берген-ді.

Сәт ағаның ата-анасы- Бесімбай мен Мағрипа

 

Тоқпақбай бабам ауқатты  кісі  болған  көрінеді.  Өткен ғасырдың басында саудагер-сарттар әлде Әулиеата, немесе  Ташкент,  бұл  арасын  анық  білмеймін,  базардан  кіре  тартып,  алты қап жоғарғы сортты  шай  алып  келген.  Қазақ  қашанда  шайсыз  отырмаған.  Шай  да  кезектегі  бір  ұлттық  сусынымыздай емес пе?

Бір күні бабамыз Тоқпақбай  бір  топ  атты  кісілермен  үйіне  келеді. Бәрі аттан  түсіп, төрге озып жайласып отырады.  Қонақжай  қазақ  барын салып, мол етіп ақ дастарқанын жаяды, табақ толы ет келеді, ізінен  сорпа,  артынша  шай  ұсынылады.

Қазақтың  салты  бойынша  –  кез- келген  асты  бірінші  жасы  үлкен  адамға  ұсынады.  Алғашқы  кесе  біздің  бабамыз  Тоқпақбайға  беріледі.

Ол  кісі  шайдан  бір-екі  ұрттағаннан  кейін сол жерде бірден жүріп  кетеді. Өзгелер дереу  шай  ішуді  тоқтатып,  қолындағы  кесеге  қараса  –  шайға у араласқан екен.  Әкем: «Большевиктер  байларға  қарсы  күрес  ұйымдастырып жүріп, әдейі улады ма екен», — деп  күйінетін.

 

           «Батырлар жырын дауыстап оқы»

 

Бесімбай әкем  – ауыл адамдары ішінде өте абыройлы, сөзі өтімді жан  болатын. Жүрген ортасын өзіне қарата білген көсем кісі еді. Осы қасиетінен болар жолдастары өте  көп  болатын. Күн аралатып кешке үйге қонақтар жиылып отыратын. Келген меймандар түннің бір уағына дейін әкеммен ақылдасып, шешімі күрделі өзекті мәселелерді кеңесіп, қауқылдасып,  әңгіме-дүкен  құрушы еді.

Үлкен  кісілер  әңгімеден бір мезгіл шаршаған кезде есік жақтағы өзіме  қарайды. Мен ол кезде төменгі сыныпты бітіріп, кітапты, әсіресе батырлар жырын, ертегілерді жүргізіп оқитын халге жетіп қалған едім. «Ал, балам, ендігі кезек өзіңде, шаш етек шаруа титығымызға жетті. Әбден қажыдық. Назар, ынтамыз сенде. Енді батырлар жырынан дауыстап оқып, осы отырған көкелеріңді серпілтіп жіберші», — деп  жабыла  қолқа  салатын.

Мақтағанды  кім  жек  көрсін.  Үлкендер  назар  жығып,  арқамнан қаққан соң өз-өзімнен  арқаланып  шабыттанып  шыға  келемін.  Батырлар жырын бірінен соң бірін қуана-қуана  дауыстап  оқимын. Үлкендер бірде көзіне жас алып, ендігіде күңірене сілкініп, үніме елітіп, түннің ортасынан ауғанын білмей  қалушы  еді.  Осының  өзі  маған  зор  қуаныш сыйлайтын. Бейне, әлгі жырды өз жанымнан  шығарғандай даусымды соза түсіп, әр сөзді әсерлендіре, әр бере төгілдіріп, жұртты желпіндіріп  тастауға құлшынамын.

 

«Ана алдындағы парызды өтедім»

 

Десемде, қазір ойланып қарасам, ана алдындағы парызын перзенті толық өтей алмайтын сияқты.  Анам  – Мағрипа өте ауқатты отбасынан шыққан. Әкесі Жақып  атамыз елге танымал,  үлкен молда  болған. Ол кісіні бала күнімде  көрген едім. Медеуге баратын жолда «Просвещенец»  деген  санаторийдің  жанында  тұратын.  Екі  иығына  екі  кісі  мінгендей  өте  қуатты  жан  еді.  Әрине кеңес заманында молдалық іспен айналысуға болмайтын. Молдалықты жасырын жүргізіп, күндіз өзі мектепте математикадан  сабақ  береді.  Жады  мықты,  зерек  кісі  болатын.

Ал анам  –  өте қағылез, еті тірі, көрікті адам болған. Орысша шамалы білсе-дағы Алматыда таныстарын, жекжаттарын айтып, қай жерде тұратын болса да тауып барып, солармен сөйлесіп, табысып қайтатын. Мен жұмыстан келгенде  дастарқан басында барлығын баяндап отыратын. Бір күні Алматыға алыс туғандарымыз көшіп келіпті. Анам  үйге  келіп  маған айтып баяндайды.

Анам үйдің  жоғарғы  қабаттарына  түк қиналмай көтеріліп жүре беретін. Аузын ашса  – жүрегі көрінетін ақкөңіл, жүрген жеріне гүл бітетін, аса мейірімді, жанары жылы, дастарқанға  қолы  өте  берекелі  жан  болатын,  жарықтық. 1985 жылы өмірден озды. Әкем анамнан ертерек 1969 дүние салды. Ата-анамның жаңаша оқуы шамалы, ликбезді ғана  бітірген  кісілер.  Соған қарамастан өмірден тоқығандары көп  еді.  Өмір  мектебін  бітірген  жандар. Әкем аса сабырлы, төзімді  кісі болатын.  Бір-ақ  рет  сөз  айтады,  айтқанда да кесіп айтады, сөзінде тұрады, жұртқа берген уәдесін    орындайтын  жан  еді.

                 «Естен кетпес мектеп жылдары»

Балалық шағым өзіммен қатар  құрбыларымның  көбіне  ұқсамайды. Он жылдықты бітіремін дегенше бірнеше мектепте ауысып жүрдім. Өйткені толыққанды онжылдық орта мектеп ол кезде әр ауылда кездесе бермейтін. Оқушы саны аз болғандықтан болар.

Сонымен 8-ші сыныпқа дейін колхоздағы мектепте оқыдым. Бастауыш сыныпқа қосыла барып, партада қатар отырып оқыған Қуанышбек Сәрсебаев менімен түйдей құрдас болатын. Бұл күнде Алматыда тұрады. Кезінде екеуміз балалықтың бал дәуренін бірге кешіп едік. Қайта оралмас сәттер ғой ол.

Алматыдағы №22 орта мектепте 8-10 сыныптарда оқып жүрген кезімізде жан-жақтан келген балаларды қосып жеке-дара бір сынып етіп топтастырды. Сол сыныпта Тоқтар Аханов пен Темірбек Көпенов бірге оқыды. Бүгінгі күнге дейін жол түскенде жолығып, шұрқырасып қаламыз. Әңгімеміз еш ортаймайды, кездескен сайын айтар сөзіміз таусылмайды, өткенді еске аламыз, ортақ сырымызды ақтарамыз. Қоғамдағы өзгерістер жайлы өз пікірімізді ортаға салып, бір жасап қаламыз.

КазЦик  деп  аталатын  ауылымызда  мектеп  4  жылдық  болды.  Ол заманда төрт сыныптық  –  бастауыш  мектеп,  жеті  сыныптық  мектеп, он сыныптық орта мектеп  деп  бөлінуші  еді.  Сол  төрт сыныптық бастауыш мектебі – біздің ауылда бар болатын.

Бесіншіге өткеннен орыс сыныбына оқи бастадым. Бұл енді күтпеген жағдай болды. Сабақ қиындай түсті. Қазақша ғана сауат ашқандықтан болар, бесінші сыныптың алғашқы айларында бағаларым төмендей бастады. Алтыншы сыныпқа келгенде өзге жақтан орыс балалары келіп, оқушылардың саны толып, қайтадан қазақ сыныбына ауыстырылдым. Алтыншы сыныпты  қазақша  оқып,  жетінші  сыныпты  тағы да әлгі орыс балаларының кетіп қалуына байланысты, орыс сыныбына ауыстырылдым. Жеті  сыныптық  біліммен  Алматыға  бардым.

Сегізінші, оныншы сыныптарды Алматыдағы №22 мектепте жалғастырдым. Ол аралас мектеп болатын. Мектептен мектеп, сыныптан сынып,  бірде орысша, бірде қазақша сыныпқа алма-кезек ауысып жүріп мектепті үздік бітіріп шықтым.

«Барлаушы болу арманым еді, оған өзім қадам жасадым»

 

Мектеп бітіргеннен кейінгі арманым –  барлаушы  болу  еді.  Бәлкім,  бұл мақсатқа мені жетелеген  жас  күнімде  оқыған  барлаушылар туралы  түрлі қызықты, шытырман оқиғалы кітаптар ма деп ойлап  қоямын  кейде. Жас кезде алған әсер адам жадында мәңгі сақталып қалады емес пе. Алған әсерің өсе келе арманға, тіпті мақсатқа айналады екен.

Қазіргі «Қаныш Сәтбаев атындағы» Қазақ Ұлттық техникалық Университеті (бұрындары Горный институты деп аталатын). «Сол институттың геология — барлау факультетіне  түс. Сол  жерден  оқу  аяқтасаң — барлауға алады-мыс»,- деп бір кісі кеңес  берді.  Сөйтіп,  сол  кісінің  кеңесімен құжатымды Тау — кен институтына тапсырдым, бірақ қажетті балл жинай алмай, ол оқуға түсе алмадым. Ауылға  қайтып,  2 жыл  қара  жұмыс  істедім.  Маңдай  терім моншақтап төгіліп, қабырғам сөгіліп,  қара жұмысқа  салындым.

Шынын айтсам, қара жұмыстан қорықпайтын болып қабырғам  қатайды. Алдымен колхозда,  одан  кейін  кірпіш  зауытында  кірпіш тасушы болдым. Отта жанып тұрған ыстық кірпішті арбамен далаға тасып, текшелеп жиып қалап  қоямыз. Жұмыс уақыты сегіз сағат.

Зауыттағы жұмыс өте ауыр. Іші өте ыстық, себебі кірпішті жандырып, қыздырып қояды. Іші ыстық, дала болса қыста суық. Зауыттың ішінде майкішең жүреміз. Оған шаң жабысады,  терлейміз,  өте ауыр бейнетті жас кезімізден бастан кештік қой. Әрине бұл тек қара күшті ғана қажет ететін қара жұмыс еді. Ол кезде алдымызда бүкіл ұлттың, білдей бір мемлекеттің атынан шешім қабылдайтындай қиын сәттің күтіп тұрғанын сезіп білген жоқпыз.

Сонымен, екі жылдай қара жұмыс істеп, ширап, шынығып,  Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне құжат тапсырдым. Емтиханға іждаһатпен дайындық жасадым. Әрі екі жыл істеген жұмысымның тәжірибесі маған  біраз  жеңілдік  әкелді.  Болашақта  оқып,  білім  алуыма да  оң  әсерін  тигізді.

                                                   ***

Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып жүріп, дәлірек айтсам, соңғы курсқа келгенде Мемлекеттік қауіпсіздік  комитетіне өзім сұрандым… алғашқы арманыма қадам жасадым.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Досжан Сауле Мағазбекқызы (ортада).

 

                                                           Әңгімені қысқаша жазып алған:

                                               «Farabi shakirti» журналының өз тілшісі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *