Телефондағы әңгіме

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бауыржантанушы.

(Соңы).

1. – Сәлеметсіз бе, ағай. Мен Алматыдағы Әскери иниституттың қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент Ғибат Тамаева деген қызыңыз едім. Әскери иниститутымызда сізбен кездесу өткізсек деген өтінішіміз бар. Шақырсақ, келесіз бе?

–  Келесіз бе дегеніңіз қай сөзіңіз?  Бауыржан ағаның аруағы риза болуы үшін  жер түбіне  баруға дайынмын.

– Қандай қуаныш?! Жаңа бастығыма Бауыржан ағаның көзі ­ –   сіздің курсанттарымызбен кездесуімізге келетініңізді айтқан едім, ол кісі қызығушылық танытып,  «кездесуге өзім де қатысамын» деген-ді айтты.

Білесіз бе, ағай, сіздің даусыңызды естудің өзі  бізге  үлкен ғанибет. Бауыржан ағаның  әрбір дүниесін жалықпай зерттеп, үлкен шеберлікпен, үлкен талғаммен жинақтай бейнелегеніңізге шексіз ризамын. Қалай жалықпағансыз, ағай? Кітаптарыңызды қайта-қайта оқимын да, қайта-қайта ойға батып, сүйсінем.

Сіз шығармаларыңыз арқылы Бауыржан ағаның биік адамгершілік иесі – азамат болып қалыптасуы баспалдақтарын жұрт жүрегіне жеткізудің прагматикалық адастырмас соқпағын салдыңыз. Кейде мен «шіркін, осы құбылысты ғылыми талдап түсіндіретін ғалым табылса ғой» деп те армандаймын. Сонда қазақ әдебиетіндегі тұлға тану прагматикасы деген бірнеше сүбелі тақырыптағы еңбек  дүниеге келер еді. Ғылымды сүйетін, ғылымды танитын талапкерге сіздің кітаптарыңыз таза, түбегейлі ғылыми  еңбектің таптырмас негізі болатынына кәміл сенемін..

Жасыратыны жоқ,  әдебиетімізде де, журналистикамызда да, тіпті философиямызда да зерттеулер таптауырын ізбен  сыңаржақ жүргізіліп келеді. Пай-пай деп таңдай қағып тамсанатын кесек дүниелер жоқтың қасы. Мақтауларының өзі құрғақ, жалпылама қызыл сөзге құрылады, ғылыми талдаулар, ғылыми дәлелдер жетіспегендіктен көңілге қонбайды. Ең өкініштісі – сендірмейді.    Орыс қоғамында прагматикалық  зерттеу жақсы дамыған.  Бізде ол ала-құла, тіпті нашар деуге болады.  Ғалымдарымыз да, ақын-жазушы, журналистеріміз де құбылыстың ішкі сырын ашу орнына, бетін қалқығанға ғана мәз, қызыл сөзге құмар.

Айталық, Бауыржан ағаның жанында қандыкөйлек достары Дмитрий Снегиннен, Мәлік Ғабдуллиннен бастап, бейбіт өмірде Шерхан Мұртаза, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, тағы басқалар қоян-қолтық араласты, тіпті көрнекті ғалымымыз Мекемтас Мырзахметов үйінде үш жыл жүрді. Бауыржан аға тұлғасын бейнелеп,  ел жүрегіне жеткізіп, танытуда ол кісілер енжарлық танытты. Александр Бекке, Әзілхан ағаға рақмет, бізге Арпалыс» («Волоколамское шосссе»), «Аңыз бен ақиқат» романдарын сыйлап кетті. Әйтсе де маған Бауыржан Момышұлының сыршыл, ойшыл ішкі дүниесін жарқырата ашып беру сізден басқа ешкімнің қолынан келмейтіндей сезіледі. Мұны мен сіздің  ол кісімен 21 жыл қоян-қолтық араласуыңыздың, жай араласып қоймай шығармашылық ізденісте болғаныңыздың  жемісі деп білемін. Бірде Әзілхан Нұршайықов: «Бауыржан ағаны терең білетін бізде тек Мамытбек ғана. Ол Баукеңмен 21 жыл қоян-қолтық араласты, мен бар-жоғы бір жылдай ғана араластым», – деп сіздің шығармашылығыңызға әділ баға берген болатын.

Бағалау – әркім жан дүниесінің қадір-қасиеті, сапасы, құны деген ұғымдардың жиынтығы тәрізді. Ол жұртқа сөз арқылы жеткізіледі, әрі оның жауапкершілігі үлкен. Өйткені халықтың ішінен шыққан көрнекті тұлғалардың табиғи бейнесін жұртқа шынайы жеткізудің өзі жауапты әрі қиын шаруа. Осы ерекшелікті ескергенде сіз прагматиксіз. Қазақта   прагматикалық зерттеулер ала-құла дедім ғой. Ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз, журналистерміз жалпылама мақтауға,  қызыл сөзге әуес.

Прагматикалық зерттеу орыстарда кеңінен дамыған. Осы жөнінде  жазғым келеді.  Өкінішке қарай,  күнделікті күйбең тірліктен қолым тимейді. Тағы қайталап айтайын, сіз  прагматиксіз, ағай.

– Қалайша?

– Айтайын ба, ағай?

– Айтыңыз.

– Үлкен аудитория мен тұлға арасындағы қарым-қатынасты орнатушысыз.  Сіздей адамды прагматик деуіміз керек. Біз енді ғана даму жолына түскен елміз. Мен бұрын біздің өмірімізде сіздей адамдар болса  деп армандайтынмын. Сіз тұлғаларымыздың асыл қасиеттерін жастарға, болашақ ұрпаққа  танытып қоймай, тәрбие, мәдениет, адамдық құндылықтар қандай болу керек дегенге  қадау-қадау шығармаларыңызбен белгі салып, жол көрсетіп келе жатырсыз. Сіздің кітаптарыңыз ұрпағымыздың ұрпағына бағдаршам қызметін атқаратынын баса айтқым келеді..

Тұлға бар. Енді оның тұлға екенін жұрт жүрегіне  жеткізетін кімдер? Олар ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер. Солардың арасынан мен білетін нағыз прагматик –­ сізсіз, ағай. Бауыржан Момышұлындай ірі тұлғаның жұрт елей қоймаған, ұрпаққа керек дүниелерін  келістіре жазып та, айтып та келесіз.

Қарапайым бір мысал келтірейін. 2019 жылы,  тоғызыншы мамыр күнгі интернет жазбасынан Ербол деген баламыздың: «Бауыржан Момышұлы көкеміз нағыз қазақ!!! Жасыратыны жоқ, баяғы Кеңес үкіметі кезінде де, қазіргі кезде де жастар осы Бауыржан көкеге еліктейді», – деген пікірін оқып, қуандым. Бауыржан Момышұлының неге нағыз қазақ екеніне, ол кісіге жастардың не үшін еліктейтініне сіздің кітаптарыңыз ғана толық та тиянақты жауап  беретінін үлкен қанағаттанғандық сезіммен мойындаймын.

Абай атындағы педагогикалық иниститутта деканның орынбасары болып жүрген кезім. Белгілі философ ағай (аты-жөнін жазбай-ақ қояйын) келіп, Абай туралы зерттеу кітапшасын сыйлады.  Мен:

– Әлемдік әдебиетті,  философияны білгеніміз дұрыс. Бірақ бізде де әлемдік тұлғалармен иықтірестіретін философ-тұлғаларымыз бар ғой. Қазақ философиясына неге көңіл бөлмейсіздер? Бүкіл жыраулардың, Махамбеттің, Абайдың, Бауыржан Момышұлының философиясы неге зерттелмей жатыр?  –­ дедім. Бұл ойымды басқа да ғалым  ағайларға да айтқанмын. Көп ұзамай қазақ философиясын зерттеу қолға алына бастады. Бұған жұрт болып қуандық.

Келесі кездескенде кітапшасын сыйлаған әлгі философ ағайға: «Сіз Абай туралы зерттеу кітабыңызды прагматик философ ретінде емес, тілші, әдебиетші ретінде  қарастырыпсыз», – дедім.

– Мұны сен қалай білдің?

– Сөздің ішкі бірлігін  қазақ   мән дейді. Ол  молекула сияқты келесі ойдың дамуына негіз болады. Бала бағу, мал, жан бағу деген мәннен Абай ой бағуды  бөліп алған.   Бұл басқаларда жоқ, Абайда ғана бар. Осы ерекшелікті сіз ескермегенсіз. Ол кісі:

– Прагматик дегенді қалай түсінуге болады? – деді.

– Прагматик деп ешкім бара бермейтін, жаңа  құбылысты жаңаша сөз ететін, ғылыми талдауы, ғылыми бағалауы жан-жақты,  терең адамды айтамыз.

Ол кісі келісем, не келіспеймін  демей қоштасты. Ағай, сіздің тақырыбыңызға қызығатын себебім, менің диссертациялық тақырыбым «Категория вежливости». Қазақшалағанда «Кішіпейілділік категориясы». Бұл тақырыпты өзім  жақсы көрем.  Мұны жапон тілінде бір талапкер қорғапты. Бағалау, сыйлау, құндылық, қасиеттілік деген дүниелердің қайдан, неден бастау алатыны мені ылғи толғандырады.

Отарлау саясаты ұлтымызды жаншып, өзінің бүкіл салт-дәстүрін  жойып, біздің болмысымызды тәркі ете жаздады. Әйтпесе,  мәдениетіміз бүгінгі мақталып жүрген  жапондардың мәдениетінен де жоғары еді. Отаршыл жүйе есіктің алдына дүбірлетіп атпен келмеу, үй ішіндегілермен айқайлап сөйлеспеу, көгеріп өсіп тұрған шөпті жұлмау, бәрінен жастарымыз өздерін еркін ұстап, халқымыздың ерке баласы ретінде құрметтелуі тәрізді  ғасырлар тереңінен сақталып келе жатқан дәстүрімізді жойып жібермек болды.

Осы  жағдайлардың бәрі сіздің кітаптарыңызда төрт көзі түгел бар. Сіз ұлтымыздың, жеке адамдарымыздың қадір-қасиетін сыйлаған, бағалаған жұрттың ортасында өсіп, куәсі болған прагматиксіз. Халықтың сый-құрметіне бөленген адамды қалай жазу, қай қырынан көрсету керегін сіз жақсы білесіз. Әдебиетіміздің танымдық көкжиегін  кеңейтіп,  бүкіл рухқа, ұлтқа, тұлғаға қызмет етіп келесіз. Мүмкін болса, құпия сырыңызбен бөлісіңізші? Бұл тақырыпқа алғаш қалай келдіңіз, ағай?

– Елдің ел болуы үшін әр кезде де оны қорғап, алға бастайтын ер, оны   қолдайтын ел керек. Осындай жағдайда ғана біздің ақыл-ойымыз түгел, жүрер жолымыз айқын болады, Ар майданында аласармаймыз, – деген ой жетегінде жүргенімде тағдыр мені Бауыржан ағамен кездестірді. Тұлабойынан өзім іздеген қасиеттерді тапқаннан кейін ол кісіден бір елі ажырамадым. Жазып бітіруге айналған докторлық диссертациямды да жиын тастап,  21 жылымды Баукең жан дүниесін танып, білуге арнадым.

– Сіз шын мәнінде  келешек рухани дүниеміз қалай болу керек деген ойдың шамшырағысыз. Кітаптарыңыз мәңгі қалатын дүние. Шаршамай еңбектене беріңіз. Тілеулеспін, ағай.

– ­­ Рақмет.

11.       Таңертеңгі мезгіл. Телфон соғылды.

– Сәлеметсіз бе, ағай? – Даусынан Ғибат Тамаева қызымды таныдым. Амандық-есендік сұрасқан соң:

– Мен әлі  жазғы демалысыма шыққаным жоқ. Кафедрамыздың құрылғанына күзде он бес жыл толмақ. Соған дейін оны күрделі жөндеуден  өткізбекпіз. Сондықтан оның басы-қасында өзімнің жүруіме тұра келді.

Бізде әскери тіл деген бөлімнің бастығы кеше кафедрамызға келіп, жұмысшылардың қалай жұмыс істеп жатқанымен танысқан еді.  «Қазақ тілін өз дәрежесінде оқытуға қамқорлықтың бәрін жасаймыз, жасауымыз керек» деп арымен де, жанымен де тебіреніп сөйледі.  Тіл – рух, халқымыздың рухы ғой, ағай. Тілімізге деген қамқорлықтың көбейетініне риза боп, сүрініп-қабынып, дамыл таппауға айналдым.    Арада бірер күн өтті. Асығып, жолда кездескен командирлермен сөйлесуге де мұршам болмай, бас изеп ғана амандасып, кафедрама енсем, лаборант қызым:

– Апай, қиын жағдай, сізге айтайын ба, айтпайын ба? – деді.

– Не болды? Айт.

– Арғы күні келген кісі ауылына жиырма шақырым қалғанда машина апатынан қайтыс боп кетіпті.

Өкінгенім сондай, буын-буыным қалтырап, іргедегі орындыққа отыра кеттім. Аяғымды бас алмай қалдым. «Құдай-ау, тілімізге бір қамқоршы табылып, қолдан келген көмекті жасаймыз деген жанашырымнан (аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, айту көңліме өте ауыр тиеді) шынымен айырылып қалғаным ба?» деп қатты қайғырсам бола ма?.

– Амал жоқ қой.

–  Жұмысқа ақсаңдап барып жүрмін. Қайткенде жөндеуді аяқтауым керек қой.  Бастығымның қабылдауында болып, қағаздарыма қол қойғыздым. Сіз туралы айтып, «кафедрамыздың тойында бірінші күні семинар сабағын, екінші күні өткен жылдағыдай жазушы Мамытбек ағаймен кездесу кешін өткіземіз» дедім. Бастығым: «Ол кездесу кешіне өзім де қатысамын», – деді  қызығушылық танытып.

Былтыр сізбен кездесуде сөз сөйлеген бір курсантым  мені кафедра маңында  көріп, жаныма жүгіріп келді.

– Былтырғы жазушы ағаң есіңде ме?

– Есімде, апай. Сондағы кездесуден алған әсер-сезімім, әсіресе, Бауыржан Момышұлы атамның рұхымен тілдескендей болғаным  туралы телевизордың журналисіне  берген сұхбатымды аулымдағы ата-анам, туған-туыстарым, таныстарым көріп қуаныпты. Апай, ол кісі тағы келе ме?

– Келеді.

– Келсе,  кітабына қолтаңба жаздырып алмақ ниеттемін.

Бұл бір курсантымның ғана қуанышты көңіл күйі. Даусыңызды естудің өзі бізге үлкен мәртебе. Тағы қайталап айтамын, сіз прагматиксіз, ағай. Кітаптарыңыз  – әскерилер үшін әскери мәдениеттің, қарапайым оқырмандар үшін күнделікті қарым-қатынас мәдениетінің жасыл шамы тәрізді. Шығармаларыңыз маған тұлғаны қалыптастырудың жолдарын алға жайған таптырмас тәрбие  құралындай көрінеді. Қателескен жоқпын ба деген оймен кейде кітаптарыңыздың бетін қайта ашамын. Өйткені, олар бір-ақ рет оқылып, ұмытылып қалатын дүниелер емес. Сіз әскери адамның да,  қарапайым адамның да қалай тұлға болып қалыптасу кезеңдерін тамаша бейнелегенсіз.

Әр нәрсені өз атымен атайтын болсақ,  кітаптарыңыз көркем шығарма ретінде бір рет  оқи салатын  емес, қалай десем екен, олар маған таптырмас тәрбие оқулығы, ең бастысы  тұлғаны қалыптастыру құралы  сияқты болып көрінеді. Сіз қарапайым ортадан шыққан кез келген азаматтың  тұлғаға айналуға дейінгі аралықтағы үлкен биікке бастаған жолдарға ерекше мән бергенсіз. Риза көңілмен таңғалатыным – Баукеңнің әрбір айтқан сөзін ұмытпай, қалай жалықпай жазғансыз? Осы әдіспен сіздің ол кісінің әрбір адамгершілік баспалдақтарын бірінші, екінші, үшінші, төртінші  деп бөліп санарлықтай  оқырман жүрегіне жеткізудегі прагматикалық ізденісіңізге  тәнті болмау, толқып, тебіренбеу мүмкін емес..

Енді, шіркін, осы дүниені ғылыми талдайтын табанды ізденгіш ғалым  табылса, қазақ әдебиетіндегі тұлға тану прагматикасы деген әралуан тақырыптағы тамаша дүниелер  пайда болып, ой өрісімізді кеңейте түсер еді-ау деген   армандамын. Тағы бір ойым, прагматика әдебиеттен, тілден  бөлінсе, тіпті тамаша болар еді. Ғылымды танитын, бағалайтын адамға, ол таза, жеке ғылыми еңбек болуы керек.

Бізде ақын-жазушыға көбіне бір жақты сын айтылады. Оның ішкі ғылыми ізденісі, лабораториясы назардан тыс қалады. Оны кім зерттейді? Біздің ғалымдарымыз   бірін-бірі қайталаумен жүр. Үлкен ғылыми талдаулар жоқтың қасы. Онсыз ғылым қалай дамымақ, ағай?

Жасыратыны жоқ, бізде ғылыми зерттеу методологиясы  дұрыс емес. Оқи қалсаңыз,  берер нәрі жоқ  бос қызыл сөз жалықтырып жібереді. Атақ үшін жазғаны сезіліп тұрады. Мейлі, атағын ала берсін. Мәселе атақ алу да емес, ғылым жасауда ғой.

Шынымды айтсам, ұсақталып кеттік. Сіздің Бауыржан Момышұлы туралы он томдық кітабыңыз жеке-жеке ондаған диссертация ғой. Келешек қалам .ұстайтындардың еңбегін жандандырып, жауапкершілігін арттыру үшін жаңа методология қажет.  Өзім естеліктерді жақсы көрем. Олар да жазушының лабороториясы ғой, ағай?

– Иә.

– Сіздің лабороторияңызға қызығышулар болу тиіс , ағай?

– Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің  Ермақанова деген студенті «Мамытбек Қалдыбайұлы шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта дипломдық жұмыс жазыпты.  Оны құрбысы екеуі үйіме әкеп берді. Бір кітабымды сыйладым. Ол кеткен соң, оқысам, сіз айтқандай көпірме  қызыл сөз. Сөйлем құрылымдары жатық болғанмен, ғылыми талдау жоқ. Жалпылама мақтау.  Маған келіп кеңес алғанда, дұрыс бағыт сілтер едім. Өкінішке қарай, ол келмеді.

– Мен кейде таңғалам, ағай. Неге бізде осы уақытқа дейін тұлға танудың басты методологиясының, мотифациясының  негіздері жасалынбай келеді? Орыс қоғамында бұл сала жақсы дамыған.   Бізде де ол өз деңгейінде дамуы тиіс қой. Сонда ғана сіздердің шығармаларыңыздың бағасы анықталып, құны жоғарылай түсер еді. Мысалы,  21 жыл Баукеңнің жанында жүріп, осынша дүниені жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол кісінің жанында  жүргендер аз емес-ті.  Мойындауымыз керек, олар жанын қинап, сіздің ізденгеніңіздей ізденіп, тер төге  алған жоқ…

Сурет:https://ztgzt.kz/