«Өткен күн болар сағыныш»
Біздер Т.Рысқұлов мектебін 1981 жылы бітірген түлектер болғандықтан, бізге барлық пәндерден дәріс берген ұстаздармен хабарласып, ретін тауып, хал-жағдайларын сұрап үйлеріне баруды парыз санаймыз. Жасы 80-ге тақап қалған Кенехан Жабдықбайқызына да сәлем бере келгенде, ана мен қызы, әже мен немере арасында өрбіп жатқан қызық, мағыналы әңгіменің куәсі болдық. Ойын бөлмей, отыра қалып, біз де тыңдадық.
—Адам қартайғанда, өткеніне көп оралады, — деген үлкендердің сөзі соңғы кездері жиі есіме түсетін болды. Өткен күндердің куәгері – фотоальбомдар мен сабақ жоспарлары, құшақ-құшақ жиналған ашық сабақтар жазылған дәптерлер.
—Анашым, сіздер суретке түсуден шаршамапсыздар ғой. Күнде бір альбомды қарайсыз. — Шаршаған шығарсыз, жүріңіз дастарханға, — деп кенже қызы қалжыңдай қасына келді.
—Бұл сендердің телефондарыңнан жақсы. Бүгінгінің баласының бар естелігі бейнажазбамен қоса ұялы телефонда ғой. Бұзылып қалса, бәрі өшіп қалады. Нағыз өшпейтін естелік – мынада. Қарашы, бала кездегі суретім, сапасы кеткеніне өкініп отырмын. Фотосалоннан қайта өңдетіп алмасам, — деп бірнеше фотоны жанына жинап қойды.
—Көрдіңіз бе, анашым! Телефондағы дүние ықшам. Архивке салып қойсаңыз жоғалмайды.
—Жылдар жылжып, заманның ілгерілегенін күнде жаңа сипатқа ие болған технология жаңалықтары айтып отыр ғой. Е-е, жаһандық дамудың жаңа кезеңі-жасанды интеллект дәуірінің басталғаны осы да… Сөзін аяқтағанша немересі:
—Әже, әже, түйені қараңыз!- деп назарын теледидарға бұйырды. Мультфильмде түйелер керуені кетіп барады екен.
—Аниматорлар да төрт түлікті айнытпай салады ғой. Кейде шынайы бейнеге ұқсамай қалатыны да бар деп іштей айтқаны күбірге ұласып кетті білем,—Әже, сіз түйеден қорықтым дедіңіз бе, — деп немересі қасына отырды.
—Сен де айттың-ау! Немересінің арқасынан сипап.—Мен сендей кезімде түйе міндім. Жабдықбай нағашы атаң қыз бала демей атқа, түйеге отыруды үйретті. Түйе малы қасынан көрсең, сондай сүйкімді. Ботасының көзін көрсек, мөлдіреп тұрады. Қолыңды тоса қалсаң, алақаныңа түсе қалатын қарақаттай әсер аласың,- деп Түйенің иесі, пірі – Ойсылқараны сипаттап берді.
—Анашым, сіз түйенің 50- дан астам атауы бар екенін білесіз бе?
— Бұрынғы ата-бабаларымыз төрт түлікті жасына қарай атау қойған. «Түйе малының жалпы атауы – шалқұйрық» — деп аталады. Әкем марқұм баіз бала кезде солай дейтін.
Кенехан Жабдықбайқызының ата-анасының әуелгі мекенжайы Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты «Үлгілі» кеңшары болды. Әкесі -Жабдықбай Қамысбаев жылқы фермасын басқарды. Фермада төрт түлік малдың бәрі бағылатын. Анасы – Зинаш Қамысбаева үй шаруасында, балалардың жанында болды. Соғыстан кейінгі жылдарының тарихы баршаға белгілі. Қиындығы көп жылдар болғандықтан әр отанасы бала-шағасына жүн түтіп, шұлық, жылы киімдер тоқитын. Кейін есейіп, ауыл адамдарын кездестіре қалғанда, «Анаң жарықтық, Зинаштың қолынан шыққан заттары керемет еді», — деп тамсана айтқанын талай естіді. Сырмақ сырып, түскиіз тігіп, кесте тоқумен айналысқан. Қыз жасауы да анасының қолынан шығатын. К.Жабдықбаева «Үлгілі» ауылында 1946 жылы дүниеге келді. 4 — сыныпты бітірген соң, әкесі «Амангелді» атындағы қой шаруашылығына ауыстырды.
Тәжірибелі мамандар басқарушылық ісінде кенжелеп қалған мәселелер туындағанда, бір шаруашылықтан екіншісіне ауыстырылатын. Отбасылары да солай көшіп-қонатын. Балалығы малға жақын өткендіктен атқа, түйеге отырып үйренді. Анасы «Құлап қалады, байқа» дегеніне қарамай біраз жерге шауып барып, қайтатын. Түйе малы бала үшін қорқынышты көрінгенімен, екі өркешінің ортасына отырып алсақ, әдемі аяңымен адамды тербетіп ала кететіні бар, Әсіресе, балалар отырғанда өте сақ жүретінін кейіннен балалықты еске алғанда, байқады.
Амангелді ауылы мектебінде 6 — сыныпты бітірген соң, «Үнгіртас» мектеп – интернатына барды. Мектепте сабақты жақсы оқыған Кенехан үшінші мектепке де үйренісіп кетті. Жұмабай Тәшеновтың бастамасымен салынған Республикалық дәрежедегі мектеп-интернат еді. Директоры есімі бүкіл елге белгілі, «Құрмет белгісі», басқа да ордендерінің иегері, атақты ұстаз Жұмабай Жадрин еді.
—Оқушы кезімде қабілетіме қарай физика-математика бағытын таңдап, ұстаз болуға бекіндім. Мектеп бітірген соң, қажетті құжаттарымды жинап алып, Алматыға тарттық. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінің физика-математика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Емтиханнан мүдірмей өтіп, студент атандым. Отағасы (марқұм) Тукбаев Сәндіғали Ахметжанұлымен бір топта оқыдық. Кейін отау құрдық. Университеттің дипломын алған соң, Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылындағы қазіргі Т.Рысқұлов атындағы (бұрынғы атауы Н.К. Крупская) мектепте табан тіреп 40 жылдан астам уақыт бала оқыттық, сынып жетекшілік етіп, қаншама шәкіртті тәрбиеледік, — деп еске алады ұстаз
Сәндіғали Ахметжанұлы физика, Кенехан Жабдықбайқызы алгебра мен геометриядан сабақ берді. Ағайдың шеберлігі болуы керек, ұлдарға «Еңбек» пәнін де жүргізді. Қос ұстаз бірге ұстаздық етіп, отбасында ұл-қыздарын тәрбиелеп қатарға қосты. Өткен ғасырда бала оқытқан ұстаздардың еңбегі орасан. Оларға қандай марапат берілсе де, мақтау айтылса да артық емес. Қырық жылғы күнделікті сабақ жоспарының өзін жинаса, ұзақ сонар том – том кітап болары анық. Кенехан апайға анасының ісмерлігі қонған. Тоқыма тоқып өзіне ғана емес, балаларына да әдемі тоқымалар кигізетін. Шілтерлеп кесте тоқыды. Апайдың әңгімесіне құлақ түре тыңдасақ, бала тәрбиесі, мектепте бала оқыту, үйдің жұмысы және ісмерлікпен айналысуға бір тәуліктің 24 сағаты жетпейтін шығар деген сұраулы жүзбен қарадық.Апай ойымызды түсініп, күле жауап берді.
—Біз де кейін өмір ағымына араласып, заманауи дүниелерді ала бастадық қой. Біздің кезімізде уақытты үнемдік пе, әлде жалын атқан жастық па, бәріне үлгеретінбіз. Арасында мектептегі іс-
шаралар. Ұстаздар арасында педагогтар жиналысы өткенде баяндама дайындап оқитынбық. Тоқсан қорытындысы сайын жазбаша есеп беретінбіз әріптестер арасында. Кемшіліктеріміз де болды, түзетуге тырыстық. Туған-туыстардың той-томалағы, туған күндері, басқа шаралардан да қалмайтынбыз. Қазір жастардан «уақыт жетпейді» дегенді жиі естиміз. Менің өз өмірімнен айтсам, адам ынталанса, құлшынып ойға алғанын атқарып тастай алады.
Ағаларыңның шеберлігінде шек жоқ еді. Үйге қажетті барлық жабдықтарды өзі қолдан жасайтын. Сонда да уақыт жетпеді, шаршадым, жоқ дегенді айтпайтынбыз, — деп тәжірибесімен қатар үй тұрмысындағы ісмерліктерімен бөлісті. Апай «Физика-математика» әдістемелік бірлестікке жетекшілік етті. «Дарын» бағдарламасы бойыншама өз пәнінен қырық жылда қаншама шәкірттерді пән олимпиадаларына, ғылыми-жоба байқауларына қатыстырды. Білім аламанынан оза шапқан шәкірттері аз емес. Қоғамдық жұмыстар да аз емес. Тіпті, әртістерді де ұстаздардың арасынан табамыз. Ағай мен апайымыз да мектепішілік шараларда қаншама кейіпкердің ролінде ойнағанын күліп еске алатын сәттердің бірі.
Қыздары Жанар мен Эльнара жоғары білімді ұстаз, ата-ана жолымен келеді. Бірі – Алматы қаласында бірнеше жылдан бері ұстаздық етсе, сіңлісі Іле ауданының «Байсерке» ауылындағы мектептің тәжірибелі ұстазына айналды. Кенже қыздары Гүлнұр – заңгер.
—Қазір қыздарымның барына шүкіршілік етемін. Ұлдарымыз – Батырғали мен Ақтанғали фәниден шын дүниенің қойнына мәңгілікке кетті. Балаларымның әкесі Сәндіғали екеуіміз ұлдардың мезгілсіз кеткеніне қатты қайғырдық. Отағасы үш жыл бұрын қайтыс болды. Орны толмас қайғыны көтере алмай, менің де денсаулығым сыр бере бастады. Қазір маған қамқор – қыздарым. Кенже қызымыздың анасына деген сый-құрметі, перзенттік махаббатынан айналдым. Қызметін менің қүтіміме ауыстырды. Болашағы жарқын болсын деп тілеймін. Келіндерім де немерелерімізбен келіп, маңдайынан сүйгізіп кетеді.
Қос ұстаз бір мектепте бала оқытқандықтан әріптес ұстаздар оларға қызыға қарайтын. Өмірін кейінгі жас мұғалімдерге өнеге ететін. «Аққулардың егізіндей қол ұстасқан айдында», «Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген», — деп қалжыңдаса да шынын айтатын. Бір ер жігіттің қамал бұзар қырық жасы бедерінде жалықпай ұстаздық еткен олар зейнеткер бола жүріп те бала тәрбиесінен қол үзбеді. Алған грамоталар мен алғыс хаттар аз емес. 1998 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін ерлі-зайыпты бала бағбанының шеберлері «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Күні ұзақ әңгімемізді аяқтап, жолға жиналдық. Кенехан апай:
Өткен күндер – бағытың да,
Өткен күндер – уақытың да,
Сағыныш қой ол мәңгі.
Келер күндер – таң самалы,
Келер күндер – ән салады
Жалғап әппақ арманды.
Жайып жасыл желкенімді,
Балалығым – ертегімді
Мәңгілік жырлап өтем ертеңімді, — деп ән айтып берді. «Өткен күндер» өлеңнің авторы ақын Ибрагим Иса, әні композитор Талғат Сарыбаев.
Ж.КУЧУКОВА,
ҚР «Мәдениет қайраткері»
Суреттер: Кенехан Жабдықбайқызының жеке архивінен алынды.