Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

«Жұртымыз қашанда бейбіт өмірді бағалай білген. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Ол үшін елімізге береке-бірлік, өзара түсіністік қажет. Ислам адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Имандылық – ең асыл қасиет. Сондықтан, дәстүрлі дініміз ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуы керек. Ұрпаққа осындай өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз».

                                                          «Пұсырман батырдың ұрпағы»

      Мемлекет басшысы айтқан «Өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз» — дейтін арамыздағы ардагерлеріміз ұрпақ алдындағы міндетінен айнымаған емес. Бар білген-түйгенін арқалап, жас жеткіншектердің жүрегіне жеткізбек ниетте бір сәтке тыным таппай, әр жас өренді имандылыққа, мейірім мен жауапкершілікке, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді дарытуға бар уақытын сарп етуде. Тәрбиенің ең маңызды құралдарының бірі – кітап. Жазушы Мұхаметжан Етекбаевтың шығармалары кейіпкерлері негізінде рухани құндылықтарды балаларға айтып, қалдыруды парызы санаған жандардың бірі- Айдарбекова Хазима Қожақанқызы.

      1970 жылы Жамбылдың 125 жылдық тойы қарсаңында М. Етекбаев Ленинград қаласына барып, Жамбыл туралы «Ақынның атасы» атты фильмін түсіруге үйытқы болады. Бұл жолғы сапарында Ленинград қаласы әкімінің қабылдауына кіреді. Қалалық лауазым иесімен  Жамбылдың 125 жылдығына орай  маңызды әңгімелер айтылып, Санкт-Петербург қаласы (Ленинград) – әкімдігі музейді қайта қалпына келтіру мен ақын атындағы ауылдың инфрақұрылымына үш миллион рубль қаражат бөлінеді.

Хазима Қожақанқызымен алғашқыда мектепте бала оқытқан ұстаз ретінде таныстық. Кейіннен балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаев ағамыздың жары екенін білдік. Кеңірек таныса келе Алматы, бұрынғы Верныйдың құрылысын дамытып, бау-бақшасын, жасыл желегін көркейтуге бар өмірін арнаған, халқына жанашыр бола білген қоғам қайраткері — Медеу Пұсырманұлының шөбересі деп құрмет көрсетудеміз. Әңгімелесе келе Хазима Қожақанқызы аталары туралы үлкендерден естігенімен бөлісті. Медеудің ұлы Айдарбек, оның ұлы Қожақан, яғни Хазима тәтенің әкесі болып келеді.

—Шежіреге сүйенсек, Медеудiң Жайшыбек, Омарбек, Айдарбек, Ахметбек, Рақым, Мамытбек, Шаймерден, Шаяхмет, Нәдiрбек, Сейдахмет, Нүсiпбек, Шайкамал атты ұлдары болған. Үлкен ұлы Жайшыбек бар-жоғы 40 жыл өмiр сүргенімен, өте дарынды әрi белсендi жан болған деседi. Ол Верный ерлер гимназиясында Тоқаш Бокинмен бiрге оқыған екен. Тағы көптеген туыстары мен үрім-бұтағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған, — деп еске алады Х.Айдарбекова.

                             “Ойжелке Пұсырман ер”

Пұсырманды ел-жұрты, замандастары “Ойжелке Пұсырман ер” деп атап кеткен.

—Пұсырман атамыз Сұраншы батырмен үзеңгілес аттан түспей қоқандықтармен соғысып, жауды жеңген батырлардың бірі. Қос батырдың ерлігі, достығы турасында М.Етекбаев «Қызылала Жолбарыс» атты аңыз әңгімесінде жазған. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының да зерттеу мақалаларында көп айтылады. Жазушының «Медеу Пұсырманұлы хақында не білеміз?» атты мақаласы «Әділет» газетінің 2018 жылғы 15- наурыздағы нөмірінде жарияланған.-,- дейді Хазима ана.

     Медеудің әкесі Пұсырманның арғы бабасы шежіреге үңілер болсақ, ақындар мен батырлар елі атанған – Шапырашты, соның ішінде Есқожа. Есқожадан үш ұл – Алысай, Алтынай, Шуаш. Алтынай – қатарынан аты озған, сөзі дәуірінде дүрілдеп жүрген, айтқаны келген әулие, шешімін кесіп айтқан, бәріне абыз атанған қадірлі жан болған. Ерлігі елге ұран болған әйгілі Қарасай батырдың әкесі.

Болай – еті тірі, пысық, жұртты ерлікке, диқаншылық кәсіпке шақырып, жақсы іске ұйтқы болған. Болайдың – Бикісі, Құлкісі, Боранғазы, Жолдыбай, Шақа деген бес баласы да намысын ешкімге жібермеген ынтымағы жарасқан, әрқашан қазақ-қырғыз арасында бедел-абыройға ие болған дәулетті ата екен. Болайдың кенжесі Шақадан – Жайықбай, Дүйсенбі, Доғалақ есімді үш ұл тарайды.

Жайықбай – қолы ашық, төрінен қонақ үзілмеген, кермеден ат кетпеген жомарт жан болыпты. Жайықбайдан – Малбасар, Сәмен, Құл. Ал, Құлдан – Пұсырман, Серікбай, Төлебай, Күзенбай, Саркөбек. Енді міне, осы Пұсырманнан – Күртібай, Медеу, Батырбек атты үш ұл тарайды, – деп  айтқан екен ғалым, педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүштай Батырбеков ата шежіресін жан-жақты таратып.

Пұсырмандай ерден қалған асыл тұяқ – Медеу есімі күллі жалпақ жұртқа танылды. Ол өзінің кім екенін замандастарына ісімен, өнеге-үлгі ғұмырымен танытты. Медеу 1850 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында дүниеге келген. 1908 жылы Алматы қаласында 58 жасында қайтыс болған. Медеу – сәулетіне дәулеті сай, арабша да, орысша да хат таныған дәулетті болған адам. Сондықтан да өскен ортасына көмегі көп тиген. Әсіресе табиғатқа шын жанашыр бола білген.

Аталары – Пұсырман мен Медеу және әке жолын ұстанған Қожақан Айдарбекұлы да ел басына қиын күндер туған ХХ-ғасырдың 30 — жылдары анасы Алишамен көптеген адамдарға көмек қолын созған жандар еді. Әкесі – өз заманының білімді адамдарының бірі болған. Анасы халық ауыз әдебиетін жақсы білген. Өлең сөзге жүйріктігімен ерекшеленіп, айтыстарға қатысып, бірнеше мәрте бәйге алыпты.

Айдарбекова Хазима Қожақанқызы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі». Халық депутаттарының Қарақыстақ селолық округіне депутат болып сайланған. «Өнер халықтікі» атты Сүйінбай ақынның шығармашылығы туралы ізденіс жұмыстары «Бүкілодақтық сыйлыққа ие болды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына -70 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына -75 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталды.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне — 30 жыл», «Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалдарының, «Қоғам қайраткері» төсбелгісінің иегері. Есімі «100 Ұлт жанашыры » кітабына жазылған еңбек ардагері.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Қайырымдылық істері және Еліміздің әлеуметтік — экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Алтын Жүрек» номинациясына ие болды. Зейнеткерлігіне қарамастан М. Етекбаевтің 80 жылдығына орай әдеби — мемориалды музей ашып, оның ғылыми жетекшісі де, демеушісі де өзі болып еңбек етіп, Мұхаметжан  Етекбаевтің «Қызыл ала жолбарыс» атты кітабын өңдеп, толықтырып басып шығарды.

                              «Ұрпақ тәрбилеген ұтады екен»

—Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаның осынау ұлағатты сөзін әлі күнге жадыма сақтап келемін. Ұрпақ тәрбиесі туралы айтылған ғұламаларымыздың даналық сөздері аз емес. Қайсысы болса да, балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне арналған, — дейді Хазима Қожақанқызы. Әлі күнге қолынан келгенше, бала тәрбиесіне пайдам тисін деген қарт ұстаздардың бірегейі десек артық айтқандық емес. Жасы тоқсанға тақаған кейуана 1937 жылы 11-мамырда Алматы қаласында туған. Мектепті үздік бітіріп, оқуын колледжде жалғастырады. 1960 жылы алғаш еңбек жолын бастайды. 1961 жылы журналист Мұхаметжан Етекбаевпен отау құрады. Жолдасының шығармашылығымен танысып, оларды орыс тіліне аударумен айналысады. 1964 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетіне түседі.

—Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Мұхаметжанды 1966 жылы Жамбыл атындағы мемориалдық-музейі үйіне директор етіп тағайындады. Содан Жамбыл ауылына көштік. Мен экскурсия жүргізушісі қызметіне кірістім. Екеуіміз бірге музейдегі экспонаттарды ретке келтіріп, келген қонақтарға жыр алыбының бар шығармашылығынан мол мағлұмат беруге тырыстық. Одақ көлемінде музейге келетін адамдардың саны өте көп болды. Ломоносов атындағы ММУ-дің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Владимир Слободянюк  бір топ ғылыми қызметкерлермен келіп, ақын мен музей туралы айтылған мәліметтерді асықпай тыңдады. Содан кейін маған Жамбыл туралы кандидаттық диссертация қорғау туралы ұсыныс айтты,- деп еске алады Хазима тәте.

Жамбыл атындағы мектептің директоры, атақты ұстаз Рақым Дәуітұлы Х.Айдарбекованы мектепке ұстаздық етуге шақырады. Осылайша, дана Абай айтқан бала оқытудан жалықпаған ұстаз болып, мектептің тіршілігіне араласып кетеді де, отбасы, балалары тәрбиесімен уақыттың зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалады. Жолдасы Мұхаметжан біржолата шығармашылыққа ауысады, өзін «Амангелді атындағы» орта мектепке директор етіп тағайындайды. Бұл ауылда көп тұрақтамай, Қарақыстақ ауылына қоныс аударады. Қоғам белсендісі сол кездегі партия ұйымын басқаралы. Әйтседе, жүрегі мектепке бұрып, ұстаздық жолын жалғастырады.

Хазима Қожақанқызы ұстаздық тәжірибесінен сыр шертіп, басынан өткен әртүрлі жағдайларды да ұмытпағанын айтады. Ұжым болған жерде пікірі әртүрлі адамдар болады. Адам бар жерде сөз болмай тұрмайды. Өзіне тікелей түрпідей қадалған сыннан сүрінбей өткенін бүгінде мақтанышпен айтады. Сабақ беру тәсілдерін оқушының қабілетіне қарай бейімдеп, оның әр сабақта белсенділік танытуына көп уақытын жұмсады. Білім беру мен тәрбие саласындағы өзінің жетістіктері туралы алқалы жиындарда жиі баяндама оқыды. Айтар сөзі, ұсынар тәжірибесі болғандықтан да ұстаздың өнегесін тарату үнемі күн тәртібінен түспеді.

—Қай маман иесі болмасын, адамды танытатын, абыройын асыратын қасиеті – біліміне сай біліктілігі, мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы. Шәкірттердің жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге көп көңіл бөлдім. Қазақша ертегі, әңгіме, батырлар туралы дастанды орыс тіліне аударып, айтып беретінмін. Көбінесе балаларды ана тілімізде сөйлесін, тіл байлығы артсын деп, қазақ тіліндегі балаларға арналған шығармаларды айтып беруге ұмтылатынмын. Сабақты барынша қызықты етіп өткізуге тырысып, барлық оқушыны сабаққа қатыстыратынмын,-деп бала оқытқан ұстаздың жауапкершілігі қай заманда жоғары, мәртебесі биік болғанын әңгімелейді отбасында ұл-қыз тәрбиелеп, немере мен шөбере сүйген ардақты ана.

Ұстаз тәжірибесінде Жамбыл атындағы және Қарақыстақ ауылындағы «Сүйінбай атындағы» мектепте екі оқушының зейінін ашқанын қызыға айтады.

***Мектепте алғашқы сабағын 3 — сынып оқушыларымен бастаған. Сыныпта бірінші партада отыратын қыз бала қашан сабақ сұраса да үндемейді. Үй тапсырмасын сұраса да сол қалпы. Үзілісте ақырын байқап көрсе, қыз өзі ойлағандай мылқау емес, құлағы естиді. Басқа балалармен қосылып күледі. Асыр салып, ойнайды. Қалай сабаққа кіреді, үндемейді де қалады. Сыныптастары оны мылқау деп кемсітсе, кейбір ұстаздар оны қайтесің деген көрінеді. Содан қайтсемде, осы қызды сөйлетуім керек деп, әдістемелік құралдарды тауып оқып, ізденеді. Содан осындай басылып, сыныпта оқушылар алдында сөйлеуден қорқып қалған балалар үшін магнитті әріптердің пайдасы туралы біліп, сатып алады. Магнитті әріптерді алып келіп сабақта пайдалана бастағанда үнемі сол қызды тақтаға шығарып, әріптерді тергізіп, сөз құрастыруды үйретеді. Содан кейін өзіне оқытады. Әуелде бұл әдісі айтарлықтай нәтиже бермегенімен, бір күні оқушы қыз жинаған әріптерден құраған сөзді дауыстап оқиды. Сөйтіп, сабақта оқушылардың алды болады. Оқу жылы аяқталғанда, оқушы қыздың ата-анасы қуанғанынан «Тілашар» жасайды.

***Бұл да қыз бала туралы. Оқушы сабақты айта бастайды да сәлден кейін тұтығып, сөзін аяқтай алмай қиналып кетеді. Ұстаз оқушының ата-анасымен сөйлесіп, қыз күнде айнаның алдында отырып, өлең жаттасын. Театр әртістері спектакльге дайындалғанда, айна алдында отырып, жаттығады деп айтқан. Сол әдіс оңынан болып, оқушы тұтыққанын қойып, мектеп бітірген соң мықты мамандық иесі болған. Оны бір кездескенде Хазима ұстазға қыздың ата-анасы айтып, алғысын жаудырған.

Ұстаз осы екі мысал арқылы ата-ана ұл-қыздарының мінезіндегі өзгерістерді байқап, психолог іздемей, уақытын бөліп, баламен жеке жұмыс істеу қажет екенін баса айтады. Тілінде мүкісі болса, дефектологқа жүгінеді. Көпшілік үшін екі мамандық иелерінің еңбегінің орасан екені рас. Алайда, баланың бас ұстазы – ата-ана екенін ұмытпаса екен. Баласының ішкі жандүниесін жараламай, барлық кемшілігін алдымен ата-анасы түзетуі қолынан келетінін айтпақпыз.

                                                                                                               Ж.Кучукова,

                                                             Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *