Тыныштығын туған елдің, тұр, сақта!
Еліміздің амандығын сақтап, шекара шебінің тыныштығын сақтаған сарбаздарымызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Отан күзетінде жүрген әр сарбазға арыстанның айбатын, батыр бабаларымыздың қайратын, жүрегіне батылдық, жанарына қырағылық, жанына жалындаған жастық берсін деп тілейміз.
Марфуға Айтқожина
Сарбаздар!
Сарбаздар!
Қазағымның мақтанысың,
Жырларым саған арнап ақтарылсын!
Ұшасың қиырларға,
Құзға өрмелеп,
Үмітін туған елдің ақтау үшін.
Сарбаздар!
Қазағымның мақтанысың,
Жарқырап жаздың атқан ақ таңысың!
Жүресің шайқасып та,
Суды кешіп,
Елімді беттен ешкім қақпау үшін!..
Елдерді жалғастырып шалғайдағы,
Шалғайға –
Сарбаздардың самғайды əні.
Туған ел тыныштығын күзететін,
Жұлдызы,
Жанып тұрған маңдайдағы!..
Қажытай Ілиясұлы
Сарбаздар сазы
(әні бар)
Ұлы даланың мирасқорымыз,
Елдігін елдің ойлайтын.
Ұрпақтың үнін, намысын-арын,
Бақытын, барын қорғайтын.
Арманы толғап, аруағы қолдап,
Бабадан қалған байырғы.
Сарбаздың сапта, қатары мықты,
Қадамы құтты, қайырлы!
Бауырмал бәрі, жетелі әрі,
Жетілген әдіс, қайратқа.
Әнұраны бар, шаңырағы бар,
Сертіміз көкшіл байрақта!
Жарасбай Нұрқанов
Сарбаздарым
Сарбаз деген атыңнан айналайын,
Сарбаз баурым, саптасың сен əрдайым;
Борышың да, парызың, міндетің де,
Елді, жерді қорғауға тұрсың дайын.
Сен əрдайым
Тұрсың дайын,
Өр тұлғаңнан
Айналайын!
Жаттығулар, тынымсыз жаттығулар,
Қару ұстап ойнауға ерек құмар;
Отан-Ана əмірін тосып тұрсың,
«Аттан!» десе, кеудеңде жүрек тулар.
Сарбаздарым, сап құрған сарбаздарым,
Асқан жігер, бойыңда асқан дарын;
Тəуелсіздік туларын желбіретіп,
Жай отындай жарқыра, жасқанбағың!
Сәруар Қамаева
Сарбаздарым
Сарбаздарым – Отан-ана қорғаны,
Сарбаздарым – сайын дала орманы.
Өздеріңмен жалғасады әрдайым
Ер-жауынгер бабалардың арманы.
Қайырмасы:
Сарбаздарым, алға!
Қатарыңнан қалма!
Ал туыңды қолға!
Отаныңды қорға, қорға!
Сарбаздарым, жиналыңдар бір сапқа,
Тыныштығын туған елдің, тұр, сақта.
Сендер — елдің жүрегі де тірегі,
Адалдықпен қызмет етіп сыр сақта.
Қайырмасы.
Сарбаздарым, бейбітшілік — ұраның,
Сарбаздарым — қос қанатты қыраным.
Ата-баба аманаты қалдырған —
Қазақстан – байтақ дала тұрағың.
Қайырмасы.
Абдулмахмуд Пошатаев
Ұлт сарбаздарына
Жаңғыртып сөздің салтын көнергеннің,
Көнені жаңартса екен өр өлеңім.
Көсемдер топ алдында сөз бастаса,
Қол бастайтын осы ғой өрендерім.
Төскейде мал баққан ел қауға салар,
Билерім бар екпінді дауға салар.
Қазіргінің айбынды батырлары,
Осы міне жігіттер жауға шабар.
Қиқулайды қамшылап намыстарын.
Апайтөс адуынды арыстарым.
Елім аман,
Заманым тыныш болсын,
Жаттығуың оң болсын, жарыстарың.
Екі елді бір-бірімен талас құрған,
Билерім табыстырған, жарастырған.
Ханафидің жолында жүрген елді,
Неге бүгін жат ағым адастырған?!
Қайран жұртым нәр алып шаттық нұрдан,
Қай кезде дәл осылай шаттық құрған.
Сыр бойына сарбазды жинап алып,
Төлеби дәл осылай жаттықтырған.
Улайды әр түрлі ойлар санаңды мың.
Әр қилы алмағайып заман бүгін.
Қауып төнсе сап түзер осы өрендер,
Елінің ойлайтұғын амандығын.