«Өз ұлтын сыйламау…»

                                                                   Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ:

“Ана тілі- халық болып жасағаннан бергі оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі”. 

    «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу-сатқындықтың белгісі»

Қымбатты жас өрендер! Өскелең ұрпақтың, әсіресе, өздеріңіз секілді жас өрендердің өз еліне, туған халқының тарихына деген қызығушылығы ана тіліне деген сүйіспеншіліктен басталуы тиіс.

Тұтас аумағына бірнеше мемлекет сыйып кететін ұлан-байтақ жеріміздің сан ғасырлық тарихы да, қазақ жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай «Найзаның ұшымен,ақ білектің күшімен» қорғай білген ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығы да осы ана тіліміз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, ұлы мұраға айналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев    «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес», — деп Ана тілімізді құрметтеуді жадымызға салып отырады.

Иә, әрбір халықтың бақыт шекарасын айқын¬дайтын өлшемдер бар десек, оның ең бі¬ріншісі – тілі, екіншісі – асыл діні, үшін¬шісі – ғасырларға созылған тарихы.

Патриоттық құндылық дегенiмiздің өзі — елi мен туған жерiн, Отанын сүю, мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiгiн, әлемдік тыныштықты сақтау үшiн күресу, өзінің ана тілін, дінін, салт — дәстүрін бүгінгі заман талабына сай ұлттық мүдде негізінде жетілдіру, қоғамдағы iзгiлiк қарым- қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейрiмдiлiктi, ұлтаралық мәдениеттi дамыту.

Ал қазақстандық патриотизм — қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетінің әлемдік биіктен көрінуі үшін білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен тәуелсіздікті сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсауы. Қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды жасампаз еңбекке шақыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру.

Отан сүйгіштік рух — тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға да қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен өз қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек.

Әр адам ата-бабаларымыз негізін салып кеткен игі дәстүрлерді мақтан ете отырып, өз ұлтын терең сүю арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.

Саналы азамат болып қоғамға пайда келтіру, білім мен тәрбие алу, ата-ананы сыйлау және қартайған шағында оларға қамқорлық жасау әрбір жасөспірімнің парызы болып саналады.

Ал ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап қалу, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау.

“Парыз — ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық, сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қамтиды…, және де

Парыздан мықты күш жоқ,

Парыздан берік сауыт жоқ,

Парыздан нәзік сезім жоқ,

Парыздан қатал қазы жоқ”, — дейді халық батыры Бауыржан Момышұлы.

Қымбатты жас өрен, қай заманда болмасын тарихтың қозғаушы күші сол дәуірді тудырған әйгілі тұлғалар.

 

 

 

МОЛДАШЕВА Ақбөпе,

Е.Бекмаханов мектебінің

11-сынып оқушысы

Павлодар облысы,Баянауыл ауданы,Ұзынбұлақ ауылы

                                                              Сурет: Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»