Ұзақ Бағаев мұрасы — мәңгі өнеге

Әр халықтың тарихынжа елге елеулі еңбек еткен, өзінің білімі мен қабілетін халық игілігіне арнаған тұлғалар болады. Солардың бірі-көрнекті мемлекет қайраткері, білікті журналист, халқының адал перзенті Ұзақ Бағаев.
Бүгінде Алматы облысы Кеген ауданы Алғабас ауылында орналасқан орта мектеп Бағаевтың атымен аталып,білім ошағында кішігірім естеліктері сақталған шағын мұражай бар. Бұл шағын мұражай-атамыздың игі істерін дәріптеудің алтын көпірі іспетті.
Ұзақ Бағаев 1930 жылы Кеген ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Алғашқы сауатын ауылдық бастауыш мектептен ашып,кейіннен Жалағаш қазақ орта мектебін үздік аяқтап,сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен.1952 жылы оқуын тәмамдап, еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінен бастаған. 1962 жылы «Ленин жолы» газетінің редакторы, 1968 жылы Талдықорған облыстық «Октябрь Туы» газетінің, 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ресрубликалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған. Сонымен қатар, Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің мүшесі, КОКП журналистер одағы басқармасының мүшесі болып сайланып, елдің саяси-әлеуметтік өмірінде де айрықша рөл атқарды.
Ұзақ Бағаевтың ерен еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгілі”» ордендерімен марапатталған.
Аз ғұмырында халыққа қалтқысыз қызмет етіп,қаламын да, қайратын да туған еліне арнаған абзал азаматтың өмірі кейінгі ұрпақ үшіг өшпес өнеге болып қала бермек.
Мектептегі шағын мұражайда Бағаевтың өмір жолы мен қызметін айғақтайтын құнды деректер,фотосуреттер, құжаттар,баспасөз материалдары мен жеке заттары қойылған.Бұл мұражай оқушыларға тек тарихи мәлімет беріп қана қоймай, оларды адалдыққа,еңбексүйгіштікке тәрбиелейді.
Мектеп мұражайының тағы бір ерекшелігі – ол ауыл тарихымен де ұштасып жатыр. Себебі Ұзақ Бағаевтың есімі – Алғабас ауылының ғана емес, күллі елдің мақтанышы. Оның есімін иеленген мектеп пен ондағы мұражай – туған жердің киелі мекенге айналуына, жас ұрпақтың өз ауылынан шыққан ірі тұлғаға қарап бой түзеуіне зор ықпал етеді.
Ұзақ Бағаев атындағы мектеп мұражайы – тек өткенді танытатын орын ғана емес, болашаққа жол сілтейтін рухани қазына. Мұнда ұрпақ пен тарихтың арасын жалғайтын құндылықтар жатыр. Сол себепті бұл мұражайдың әрбір жәдігері – жас ұрпақ үшін баға жетпес қазына, ал Ұзақ Бағаевтың өнегелі өмір жолы – адалдық пен табандылықтың, білім мен еңбектің мәңгілік үлгісі.
Айзат БАҚБЕРГЕН,
Ұ. Бағаев атындағы орта мектептің
11- сынып оқушысы,
Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы