Жаңа ғимарат, жарқын білім белесіне ұмтылу

Жаңа жыл Абай ұлттық мектебінің оқушылары үшін жаңа мектеп сыйлады. Мектептің ашылуына Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы келіп, ұстаздарымыз бен оқушыларды, ата-аналарды құттықтап, игі тәлектерін арнады. Ал, шәкірттер қуанышында шек жоқ.
«Бұл құрылыс – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдік мүддеге бағытталған, жүйелі және тиімді саясатының айқын көрінісі. Мемлекет басшысының білім беру саласына деген қамқорлығының арқасында біз бүгін ұлттық мектебіміздің жаңа белесіне куә болып отырмыз. Мектептің педагогикалық ұжымы озық тәжірибелерді жинақтауда, таратуда, білім беру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады», – деді ұжыммен кездескен сала министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Еліміздегі іргелі мектептің бірінде білім алып, асуларға құлаш сермеген түлектер қатарына біз де қосылмақпыз. Білім биігіне ұмтылуға мектебімізде барлық жағдай жасалған. Абай ұлттық мектебіндегі әр оқушы уақытын тиімді пайдаланып, бар уақытын білімге арнап болашақ мақсатына жетуге жұмсаса деймін. Алдымызда мектептен түлеп ұшқан аға-әпкелеріміздің өнегесі, бүгінгі жеткен жетістіктері бізді алға жетелейді. Мектебімізді бітірген түлектердің әрқайсысының еліміздің тарихына жазылып жатқан өлшеусіз еңбегі бар. Олардың қатарында журналистика саласында келе жатқан тұлғаларға ұқсап, мектебімізде журналист болуды армандаған шәкірттер баршылық.
Мектеп бітірер тұста мамандықты нақты таңдап, жандүниемізге іргетасын қалап жатқан оқушылар қатарында биылғы түлектер де бармыз. Бірнеше оқушы журналист мамандығын алуға бел буыппыз. Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтына жолдаған мақалаларымыз жиі жариялануда. Оқушы еңбегін бағалаған редакция ұжымы бізді Жас тілші қатарына қабылдады. Қуанышымызда шек жоқ. Өзімізді қызықтырған тақырыпты таңдап, ойымызды жазып жіберген алғашқы шағын туындыларымыз басылым беттерінде жариялануы.
Жақында редакция ұжымы куәліктерімізді ала келді. Шығармашыл жасөспірімдерге Жас тілші куәлігін мектеп директоры Мұқашев Қайрат Манатбекұлы мен басылымдардың бас редакторы Кучукова Жанастан апайдың қолынан алу – біздің кішкентай жүрегімізге бақыт ұялатты. Бас редактормен журналистика жанрлары, бүгінгі Media саласы, жасанды интеллект, жаңа заман журналистіне қойылатын талаптар, басқа да өзімізді қызықтырған сұрақтар туралы әңгімелестік. Шәкірттерін шығармашылыққа баулып келе жатқан ұстаздарымыз —
Мерзоянова Меруерт Өмірсерікқызы мен Төлеужан Жансая Санатқызына редакцияның Алғыс хатымен марапатталды.
Редакция ұжымына да шәкірттердің шығармашылығын дамытып, әр жастың журналистикаға қадам басуына қосып келе жатқан мол үлесіне ризашылық білдіріліп, Абай ұлттық мектебі атынан Алғыс тапсырылды.
АХМЕТЖАН Балнұр,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының жас тілшісі.
Алматы





