«Жарық әлем жүректерге нұр сыйлар»

Қайтер едік, өмірге келмегенде, 

Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?!

Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде,

Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде.

(Сәт тобы «Көнеміз ғой» әні)

13 қараша Халықаралық зағиптар күні. Бұл күн 1745 жылдың 13 қарашасында Валентин Гаюидің дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Ол Францияда, Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы күн халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды. ХVIII ғасырға дейін әлем зағиптарға арналған мекемелерді білмеді. Ол 1784 жылы Парижде үкімет пен қайырымдылық қоғамдарының еш қолдауынсыз өз қаражатына өзінің үйінде зағип балаларға арналған әлемдегі алғашқы мектепті ашты. В.Гаюидің тұңғыш оқушысы жетім бала Франсуа де Лезюер болды. Одан кейін мектепке онымен тағдырлас тағы 11 бала қабылданды. Осыдан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде көз жанарынан айырылған балаларға арналып мектептер салына бастаған. Міне, Халықаралық зағиптар күнінің қысқаша тарихы осындай. Ал енді зағиптар күні қалай аталып өтіліп жүр? Әрине халықаралық атаулы күн болғандықтан әлемнің көптеген елдерінде қоғамның назарын көзінен айырылған адамдарға және көру қабілеті нашар адамдарға аударып, сондай-ақ осы адамдардың қоғам өміріне жан-жақты қатысуына, ақпараттық-коммуникациялық құралдар арқылы білім мен ақпарат алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған көптеген іс-шаралар өткізілуде. Сондай шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілуде. Ондай қайырымдылық шараларына мектептер, кітапханалар, музейлер де атсалысуда. Бұл сала мамандарының жұмыстары көбіне білім мен өнер жағына бағытталған. Осындай шараның бірін 13 қараша күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық арнайы “мектеп-интернат-колледж” кешені КММ-де  «Жарық әлем жүректерге нұр сыйлар» атты өнерпаз, дарынды балалардың көңілді кеші өтті. Көз жанары болмаса да жүректері өнер, білім деп жанып тұрған балалар шараға белсене қатысты. Шара барысында қысқаша Зағиптар күні қалай пайда болды деген тарихы айтылып, әрі қарай түрлі қызықты ойындар ойналды. С.Жиенбаевтың, М.Мақатаевтың, М.Жұмабаевтың т.б көптеген ақындардың өлеңдерін балалар жатқа оқыды, ән де шырқалып, би де биленді. Шара соңында мекеме тәрбиешісі Света Ермағамбетқызы қорытынды сөз сөйлеп, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымына өз алғысын білдірді және ұйымдастырушы ретінде бізде балаларға өзіміздің жақсы тілектерімізді айта отырып кітапхана ұжымының атынан балаларға тәтті дәмге толы себетті сыйладық. Бала күлсе, әлем бірге күледі демекші, балалар мәз болып тарқасты.

Ұлыс күн, жасап жатыр халқы рәсім,
Арман-ай, асқақтайсың, шарқ ұрасың.
Бір кеште ұйықтап кетіп, таңда тұрсаң,
Нұрлы әлем алдарыңнан жарқырасын! – деген Рза Оңғарбай ағамыздың өлең жолдарымен өз сөзімді аяқтаймын.

Гүлнұр Ихсанғалиева,

Сағи Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер

                                                             кітапханасының библиографы.

Ақтөбе қаласы.