Сабира Мұхамеджанова,

     «Бәріне  кінәлі  мен. Алаңға   мен   үгіттеп  апардым.  Оларды  оқудан  қумаңдар.  Шеруді  де  мен  ұйымдастырдым».

                                       Қайсар қыздың түсініктеме хатынан:

     Желтоқсан  көтерілісінің  маңызын,  қоғам  және  мемлекет  қайраткері   Өзбекәлі   Жәнібековтың   мына   сөздерінен аңғаруға  болады. «Соңғы жылдары біз  көп  есейдік. Оң — солымызды  танып,  халқымыздың өткен  жолына   үңіле  бастадық. Қазақ  тарихының  ұлы  тұлғаларын  еске  алдық. Отызыншы   жылдардың   жазықсыз құрбандары  болғандар  оралды. Қайта  туып, Наурыз  мейрамы  келді. Қазақ  тілі  мемлекеттік  тіл  мәртебесіне  көтерілді.  Бақсақ  осының  барлығын  ұйымдастыруға  дем  беріп,  жұрттың  көкірек  көзін  ашып,  ұлттық  ар-намыс  деген  қасиеттерді  бойына  қайта  дарыта   бастаған  1986  жылғы  Алматыда  болған  желтоқсан  оқиғасы  екен. Егер  оның  дәрістерін  Қазақстанның  мемлекеттік  тәуелсіздігін  баянды   етумен  ұштастыра   білсек ,  еліміздің  қазіргі  заманғы  прогресс  жолында  шарықтап  алға  баса  беретіні  хақ», — деп атап өтті.

      Алматыда  болған  бас  көтеруге,  еліміздің  бірнеше  қалаларында қолдау  көрсетіліп,   жастар  көшеге  шықты. Солардың    бірі  Өскемен  қаласында өтті. Қаладағы Ленин атындағы алаңға шыққан  студент жастар, тергеуге  алынып, жазықсыз жазаланған    сәтте,  «Бәріне  кінәлі  мен . Алаңға  мен   үгіттеп  апардым.  Оларды  оқудан  қумаңдар. Шеруді  де  мен  ұйымдастырдым»,  деп өз  өлімімен  өзгелерге  өмір  сыйлаған Сәбира Мұхамеджанова еді. Тоқтаусыз   тексерулер,орынсыз   қорлау,   жала жабу мен  тергеуге  шыдай алмаған  Өскемен педагогикалық  училищенің екінші курс  студенті   Сәбира   Мұхамеджанова жатақхананың  5 қабатынан секіріп,  мерт болады. Сөйтіп ол   желтоқсан көтерілісінің  құрбанына айналды.

    Сәбира  Мұхамеджанова туралы   алғаш  рет  жазған, алғаш елге танытқан, белгілі жазушы Асқар Алтай (Асқар Алпысбаев) еді. 1990 жылдардың басында Алматыдан  Жазушылар Одағының  тапсырмасы бойынша Өскеменге  және Сәбирәның туған ауылы Тарбағатай  ауданы  Ақмектеп  ауылына келіп, журналистік зерттеулер  жүргізді.   «Он  алты жаста еді»   деген  тақырыпта  көлемді  мақала  жазды. Кейін  осы  мақала   бірнеше  газет, журналдар мен  кітаптарда басылды. Ал қазір барлық  жерде  жарияланып  жүрген Сәбираның  портреттікфотосуретін, жазушы сол кезде Сәбираның  анасынан  сұрап алған екен.

                              Сәбира  35 жылдан соң ақталды

     Өткен  2021  жылы Желтоқсан  көтерілісінен бері  35 жыл уақыт  өткенде   Сәбира  Мұхамеджанова  ақталды. Биыл 2022 жылы  жазда мен,   Сәрсен  Аманжолов  атындағы  Шығыс Қазақстан    университетінде   «1986  жылы  Өскемен қаласындағы Желтоқсан  оқиғасының  құрбаны  Сәбира Мұхамеджанова  өмірінің  ақтаңдақтары»  атты тақырыбында   магистрлік  диссертация  қорғадым.

     Осы  еңбекті  жазу  кезінде  Өскемендегі  облыстық    мұрағаттағы    құжаттарды ақтара отырып, Сәбираның мектепті кілең беске оқығандығы туралы   тағы бір тың дерек — құжатты таптым. Ол  Өскемен педагогикалық  училищесіне,  әр өңірден  8 класты бітіріп  келген озат оқушыларды   емтихансыз  қабылдау  туралы   № 50/а   бұйрық.         Сәбираның  өлімінен  соң, педучилище комсомол  комитеті отырысының   5 қаңтар 1987 жылы  жазылған  № 23 хаттамасы. Хаттама оқудан  шығаруға  ұйғарылған көшеге  шыққан  студент жастардың, кейбіріне  ескерту, кейбіріне  сөгіс беріліп, оқуда  қалдырылғаны  жайында  жазылған.  Бұл іске себеп,  өз өмірімен  өзгелерге өмір  сыйлаған Сәбиранің  өлімі еді.        

    Сәбира  оқыған бұрынғы педучилище,  қазіргі  Абай атындағы Шығыс  Қазақстан  гуманитарлық колледж мұражайында   Сәбираның  қайтыс болуына  байланысты  оқудан  шығарылғаны  туралы  құжат – бұйрық бар. 1986 жылы 29 желтоқсанда училище директоры Н.Барановтың   шығарған №141/абұйрығында «2-ШО-3 тобының  оқушысы  С.Мұхамеджанова қайтыс болғанына байланыстыоқудан шығарылды» делінген .

    Бұл  ресми  құжаттар  қоғамда,   Сәбираның  өлімі  Желтоқсан  көтерілісіне еш  қатысы  жоқ   немесе  Сәбираның  тәртібі   нашар  болған  деген    түрлі  теріс  көзқарастарды  жоққа  шығаратын айғақтар.  Сәбира   туралы   магистрлік    диссертациямды  сәтті  қорғадым, алдағы   уақытта    диссертацияны  толықтырып  монография   етіп  құрастыру жоспары  бар. Сәбира  туралы  сыр әлі  толық  айтылған жоқ, ол  енді  басталды.

                                Сәбираға  арналған іргелі  істер.

    Сәбираға  құрмет көрсету  іс — шаралары    биыл күзде  жалғасын  тауып,  біраз  жұмыстар  жасалды .Қыркүйек  айының  басында Шығыс Қазақстан  облыстық «JELTOQSAN 86»  қоғамдық  бірлестігінің жетекшісі  Марат  Рамазановтың     ұйымдастыруымен   шырайлы  шығыстың  көрікті  мекені  Зайсан  қаласында  жаңадан  салынған  үйлер орналасқан Заречный мөлтек ауданының  8 — шартты  көшесіне Сәбира Мұхамеджанова  есімі берілді . Жаңа  көшенің ортасына,  алдағы уақытта  құрылысы басталатын  жаңа зәулім  мектептің  орны  қалдырылған, ары қарай  тауға  дейін  көше тағы  жалғасады. Жаңа  мектеп  салынатын  осы  көшеге  Сәбираның  атын  беру жергілікті   басшылықтың,  ел үшін  оңтайлы  стратегиялық  жоспар мен    өскелең  жас ұрпақ  үшін патриоттық  тәрбие берудің  үздік  үлгісі болды .

    Көшенің   ашылуына   Тарбағатай    ауданынан  арнайы  Сәбираның  туған  ағасы  Мұратай  (шын  есімі Мұратхан)  келді. Ол : «Мен  қатты  қуанып  тұрмын,  бүгін  қарындасым  тіріліп  келгендей   күйдемін»,- деп  жан  тебірентер толқулы сөзін  айтты.  Игі  шараға Астана, Алматы,  Тараз, Түркістан, Шымкент, Павлодар, Өскемен қалалары  мен Тарбағатай , Күршім аудандарынан келген  желтоқсаншылар  жүрек  жарды  тілектерін айтып, ісіс — шара жоспары ары қарай республикалық «Желтоқсан жаңғырығы – жүрегімнің  жарасы» тақырыбындағы  теориялық  конференцияға  жалғасты .

   Қазан айында Шығыс Қазақстан облыстық «JELTOQSAN 86» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі Марат Рамазанов және аталмыш   бірлестіктің  Тарбағатай  ауданы бойынша төрағасы Бақыт Қатшабаевтың  ұйымдастыруымен Сәбираның  жерлестері  мен  құрбы — құрдастары  және  көпшілік бірлесіп  Мұратханға  Сәбираның  туған  ауылы  Тарбағатай  ауданы  Ақмектеп  ауылынан  үй   алып берді .

                                                      ҚАБИДОЛДИН Қуаныш Тілеуханұлы,

                                                                     ШҚО, Тарбағатай  ауданы, Ақжар  ауылы,

                                                Абай  атындағы  орта  мектебінің  тарих пәні  мұғалімі.

                                                                          Мастер педагог, магистр

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *