Дарынды, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар балалармен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Республикалық олимпиада қатысуышылары мен жеңімпаздары осы шараға қатысып отыр, — деді Аймағамбетов.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 19- мамыр күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесіп, құттықтады.

Кездесу елордада былтыр жаңадан ашылған №89 мектеп-лицейінде өтті.

Іс-шараға елордадағы жеңімпаз оқушылар дәстүрлі форматта, ал аймақтағы жеңімпаздар онлайн форматта қатысты.

Шара барысында 600-ге жуық олимпиада жеңімпазы министрмен кездесіп, оның 60-тан асасына марапатты министр қолынан алу бұйырды.

Министр аталған шараны екі кезеңде өткізуді ұсынды. Біріншісі, марапаттау бөлімі және екіншісі, сұрақ-жауап бөлімі.

— Біз биылғы жылғы жалпыреспубликалық олимпиаданы жаңа форматта өткіздік. Осындай үлкен сайыстарды өткізгенде ашықтық және әділдікті қамтамасыз ету қажет. Осы олимпиаданы адалдық қағидасын сақтай отырып, компьютердік форматта өткізуге тура келді. Бастысы – сайыстың ашық және әділ өтуі, — деп айтты министр.

Бас ұстаз дарынды оқушыларды қолдау мақсатында жақсалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Елімізде білім саласын дамыту үшін жұмыс жасалып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Дарын» орталығы құрылды. Дарынды балаларды дамытуға көңіл бөлінді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін олимпиадалық қозғалысты қолдап, білім және ғылым саласын дамыту үшін алдымызға үлкен мақсат-міндеттер қойып отыр. Сол себепті барлық мақсатты абыроймен орындауымыз керек, — деп атап өтті Аймағамбетов.

— Бұл да бізге үлкен сабақ болды. Әрине, пандемия кезінде әр мемлекеттің, әр қоғамның дамуының басты себебі – білім және ғылым екені тағы бір мәрте дәлелденді. Сол себепті әлемде бәсекеге қабілетті болу үшін білім саласын дамыту қажет, — деп түсіндірді БҒМ басшысы.

Іс-шараның салтанатты бөлімінде министр Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды марапаттады.

 

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

                                                                                                    Фото автордікі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *