Ұлттық қолөнердің Һас шебері, ғалым – Дәркембай Шоқпарұлының өнерін ұлы Даулет Дәркембайұлы жалғастырып, әкесі атындағы музей қорын өзінің жеке туындыларымен толықтыруда.   

Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің тапсырмасымен Дәркембай Шоқпарұлының 70 жылдығына арнап, «Ш. Айманов атындағы киностудиясы» «Ұста» деректі фильмін түсірілді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының 6 — тарауы «Ұлы Жібек жолы» деп аталады. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылын осы керуен жолы жарып өтеді. Ауылымыз ерекше сұрыптағы жүзімімен аты шыққан. Бүгінде, ауыл адамдарының көбінің бақшасында жүзім өседі. Бағбандар күзде өнімдерін жол бойында саудаға шығарады. Жылдар өткен сайын Ұлы жолдың маңызы арта түсуде. Ұлы жолдың батысында «Ұста Дәркембай Шоқпарұлы өнер музейі» орналасқан. Осынау ерекше ғимарат жолаушылардың назарын аударып, кірмесіне қоймайды. Арасында «Көлсай» демалыс орнына өтіп бара жатқан шетелдік қонақтар да музейге кріп, қолөнер туындыларына тамсанып шығады.

Этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлы, 2006 жылдың 20 мамыры күні өмірден озды. Оның ұлттық қолөнерімізге қосқан ерен еңбегі еленіп, атына музей ашылды. Шебердің қолынан шыққан ғажайып бұйымдар саны өте көп. Музейге солардың ең таңдаулылары қойылған. Айталық, 1970 жылдардан бері Дәркембай Шоқпарұлы Республикалық, Бүкілодақтық және Халықаралық көрмелерге өз туындыларымен қатысқан.  Дәркембай Шоқпарұлының қолынан шыққан зергерлік бұйымдары – Венгрия, Чехославакия, Румыния, Польша, Индия, Бирма, Германия, Каир, Италия, Индонезия, Филиппин, Египет, Малайзия, АҚШ, Түркия, Франция, Пакистан сияқты әлемнің ірі – ірі қалаларының мұражайларында қойылған. Шебер – Қазақстан аумағы мен Орта Азияда мәселен, Венгрияда (1979-1988 жж.), Таулы Алтайдың, Тува, Хакасия   (1980 ж), Қырым мен Арменияда (1981 ж), Түркияда (1991 ж), Пәкістан (1994 ж.) сияқты  елдердің ірі қалаларында жүргізілген ғылыми – зерттеу экспедицисының құрамында болды.

 Әйгілі ұстаның ұлы

Әкесі Шоқпар Жетісу өңіріне белгілі ұста болған. Анасы Жұмагүл үй шаруасында жүріп, тоқыма тоқу, құрақ құру, кесте тігу, киіз басу сияқты түрлі бұйымдар жасаған. Дәркембай Шоқпарұлы Шоқпаров – 1946 жылы, 23 — мамырда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген.

Мектеп қабырғасында жүріп түрлі қоғамдық жұмыстарға ат салысып, қабырға газеттерін шығарып өнерге деген әуестігін танытады.

Дәркембай Шоқпарұлы қазақ қолөнерін дүние жүзінің түкпір – түкпіріндегі халықтар назарына да ұсынып, алыс — жақын шет елдерде  ашық аспан астында  тамаша көрмелер ұйымдастырған. Нью-Йоркте, Халықаралық сауда орталығындағы «Қазақ декорациялық – қолданбалы көрмесі» (1982 ж.), Алматы қаласында «Қазақстан жазушылар Одағының әдебиетшілер  үйінде», «Қазақстанның тарихи – мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы» мен Қазақстан жазушылар Одағында Дәркембай Шоқпарұлы өзінің  алғаш  жеке  дербес  көрмесін  ашты (1982 ж).

Париждің Ренн қаласында өткен «Экспо — 2001» атты көрме- жәрмеңкесінде қолынан шыққан туындылары әлем жұртшылығын тағы бір таңдай қақтырды. Сондай-ақ, осы жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеге қатысушылар қатарында  болған. 1999 жылы «Атакәсіп» бағдарламасы бойынша, өзінің туған — Ақши ауылында ашық аспан астында Республикамыздың түкпір – түкпірінен қолөнер шеберлерін жинап, тамаша көрме өткізді.

Алғашқы еңбек жолын Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының, Казатком орта мектебінде сурет, сызу   пәндерінен сабақ беруден бастайды. Кейін өзі тамамдаған Алматы көркем-сурет училишесінде, Абай атындағы Педагогикалық Университетінде жалғастырады. Ақши ауылында «Асыл» атты дарынды балаларға арналған қолөнер мектебін ашып (1996 ж), сол мектепте де шебер шәкірттер тәрбиеледі.

Дәркембай Шоқпарұлы көптеген жетістіктерге жетіп, облыстық, Республикалық, Халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға өз туындыларымен қатысып, қазақ қолөнерін кеңінен танытты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының «Құрметті  азаматы».

 

 

 

 

 

 

 

 

Арайлым ОМАРБЕКОВА,

«Ұста Дәркембай атындағы қолөнер

музейінің» қор сақтаушысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *