Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10- сынып оқушысы Ермектің жаңа өнімі туралы естіп, бірден мектепке қоңырау шалдық. Баспасөз хатшысы Ануар Джаманкулов біздің ұсынысымызды қабылдап, Е.Кенесовпен on-line  сұқбат алуымызға көмектесті.

Ермек сабақтан шыққанша, Атырау Назарбаев зияткерлік мектебі туралы қысқаша мәліметтермен таныстық.

Мектеп шәкірттерге химия-биология пәні бағытында білім береді. 2013 жылы ашылған мектепте бүгінде 643 бала оқиды.Мектептің химия – биология бағытында болуы тегін емес, себебі Атырау мұнайлы өлке. 1894 жылы Жылыой ауданына қарасты Қарашүңгіл алаңында  алғашқы бұрғылау жұмыстары  жүргізілді. Бүгінгі  Қашаған кен орны да осы облыста.

Ермектің ойлап тапқан кірпіші ірі өндіріс, құрылыс орындарына аса қажет таптырмайтын материал болсын деген тілектеміз.

Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары білім деңгейі жөнінен анағұрлым алда келе жатқан білім ұясы. Түлектері Республикамыздың, сондай-ақ шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда.  Солардың қатарындағы  Атырау мектебі  2017 жылдың 1-қарашасында CIS Халықаралық мектептер Кеңесінің аккредитациясынан өтіп, әлемдік мектептер қауымдастығына енді.

Білім орнының  «QSI  Халықаралық мектебі», «Исатай ауданындағы  Жұмабай Мырзағалиев орта мектебі», «Жанбай ауылындағы Хамидолла Нәубетов орта мектебі  және «№17 мектеп-лицейі» серіктес мектептері болып есептеледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы ДББҰ-ның білім беру көрсеткіштері Халықаралық деңгейде расталғанын айтып, зияткерлеік мектептер желісінің жұмысына жоғары баға берді.

Мектепті 2014 жылдан бері Айтбөкешев Айдарбек Төлепұлы басқарады.

 

         Пласткірпіш –  жаңа құрылыс материалы

Ермек салеметсің бе! Бастаған ісің оңынан болсын!

—Салеметсіз бе! Рақмет!

Саған пластиктен кірпіш құю ойы қайдан келді?

—Біздің Назарбаев зияткерлік мектебі химия-биология бағытында оқытады. Еліміздің батыс өлкесі, соның ішінде Атырау облысы да негізінен мұнай өндірумен айналысатыны  көпке мәлім. Айталық, мұнай өндірісінде қаншама кәсіпорындар жұмыс істейді. Сол себепті, мен де болашағымды өлкемнің өркендеуіне  арнамақпын.

Пласткірпішке келетін болсам, бұл ұзақ зерттелген тақырып. Көп іздендім. Адам алдына қойған мақсатына жету үшін үнемі ізденуі керек.

Қызыққан жұмысынан нәтиже шыққанша еңбектенгенде ғана мақсатына жетеді. Арманың орындалуы үшін бастаған ісіңді шала күйде жарты жолда тастауға болмайды.

—Пласткірпішке тәжірибе жасау идеясы қалай өрбіді?

—Менің ғылыми жоба жетекшім Бейсенбекова Гүлзия Сапарбекқызы химия пәнінің мұғалімі. Маған көптеген теориялық материалдармен көмектесті. Мақсатымыз – табиғатымызды қорғап қалу үшін экологиялық таза өнім шығару болды. Ізденістің нәтижесінде, жобамыз орындалды.  Күнделікті қаншама мыңдаған тонна тұрмыс қалдықтары шығарылады. Соның ішінде пластиктен жасалған заттар  ұзақ жылдар жойылмайтын қатты тұрмыс қалдықтарының бірі. БҰҰ  Табиғатты қорғау  жөніндегі Комитетінің мәліметінше, жылда 1 (бір) миллион құстар мен 100 мыңнан астам теңіз жәндіктерінің жаппай қырылуы осы пластик қалдықтарының себебінен екен. Оның арасында  балықтардың  барлық түрлері де бар. Ал, пластик қалталардан жиналған қалдықтар Тынық мұхитына қауіп төндіруге жақын.

—Ермек, тәжірибені толық аяқтау үшін Атырау өңіріндегі зауыттың біріне бардың ба?

—Жо-о-оқ! (Күліп). Болашақта сол зауыттардың бірінде еңбек етемін деген ниеттемін. Алғашқы тәжірибем өте қарапайым ортада жасалды. Кәдімгі аулада. Тәжірибе жүргізу үшін ата-анамнан рұқсат сұрадым. Өйткені, от жағылады. Ата-анам менің ғылыми жобамнан нәтиже шығаруым үшін қашанда бірге .—Қараңыз! Кәдімгі  ошақ жасап, қазанды қойдым. Ішіне пластиктерді салып, астына от жақтым. Пластик қалдықтары әбден еріп, сұйықтыққа айналғанша от жағылды. Ерітінді дайын болғанда, қазанның ішіне құм,  өте ұсақ қиыршық тастарды салып араластырдым да, қолдан жасаған қалыптарға құйдым.  Суытылған масса кәдімгі кірпіш сияқты дайын болды. Бұл тәжірибеге 4 сағат уақыт кетті. Осы уақыт аралығында ата-анам менің қасымда болды.

—Дайын кірпішің физикалық  құрамы, құрылысқа жарамдылығы жағынан стандартқа сай екенін анықтай алдың ба?

—Кірпіштің мықтылығы, құрамы жағынан кәдімгі құрылыста пайдаланып келе жатқан кірпішке сай болды. Кірпіш құюдағы барлық құрамның пропорциясы сақталды.

—Ермек, сенің пласткірпішің туралы естіген құрылыс компаниясы бар ма? Бар болса, ұсыныс түсті ме? Алдағы бизнес жоспарың қалай?

—Ақпарат тараған соң, бір компанияның өкілі хабарласты. Тәжірибемді құрылыс индустриясына енгізу үшін алдағы уақытта талапқа сай жетілдіруім керек. Кірпіштің өндіріске енгізіліп, құрылысқа пайдалануына дейін бірқатар шараларды атқару қажет. Бизнес жоспарымды жасап, шығындар, қажетті инвестиция мен түсетін пайданы да есептеп қойдым.

—Бәрекелді, өнертапқыш бала! Өркенің өссін, мақсатың орындалсын.

 

Сұхбаттасқан: Ж.Кучукова,

Атырау-Алматы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *