«Идеядан нәтижеге: жобаңмен бөліс» жобалар алаңы

Қоғамның дамуы мен жаңаруы көбінесе жастардың белсенділігіне байланысты. Қай салада болмасын, жаңашылдық пен өзгерістердің алдыңғы қатарында жас буын тұрады. Олардың шығармашылығы, бастамашылдығы және әлеуметтік жауапкершілігі – қоғамның қозғаушы күші. Жуырда жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау бағытында Ақтөбе облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында ерекше шара өтті. «Идеядан нәтижеге: жобаңмен бөліс» тақырыбындағы жобалар таныстыру алаңында талантты жастар өздерінің инновациялық жобаларын, креативті идеяларын көпшілікке ұсынды.
Мақсаты: жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, оларды өз идеялары мен жобаларын қоғамға таныстыруға ынталандыру. Бұл алаң жастар арасында тәжірибе алмасуды және өзара ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған.
Шараға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы, студенттер, кітапханашылар, жас мамандар қатысты. Бұл алаңда жобалардың жүзеге асу жолдары, идеялардың дамуы, қиындықтар мен жетістіктер туралы сөз қозғалды. Кітапхананың тұрақты оқырмандары (ЖИ) Энтузиаст «Harvard Ext & Suffolk» түлегі, «Boston_english_hub» орталығының директоры Мағжан Жұмаев, «Almaz.Games School» 3D модельдеу мектеп-студиясының жетекшісі Алмаз Елеуов ортаға шығып сөз алып жобаларымен таныстырды. Мағжан Жұмаев әр сенбі сайын кітапханада тегін ағылшын тілін үйретеді. Әр сабағын қазақтың күмбірлеген домбыра үнімен бастайды. Ол жастарға тілді ғана үйретіп қоймай, ортада өзін еркін ұстау, көшбасшы болу қабілетін арттыруға көмектеседі. Жаһандану заманында көшбасшылық қабілеттердің маңызы ерекше. Өйткені көшбасшылық қасиетін дамыту арқылы адам тұлға болып қалыптасады, өзіндік көзқарасы мен пікірін білдіріп топта жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Мағжанныңда мақсаты қазақ жастарының көп тілді меңгеріп, жаңашылдыққа, кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе алуына, объективті ойлауға жетелеу. Осындай белсенді жастардың бірі, тұрақты оқырманымыз «Almaz.Games School» 3D модельдеу мектеп-студиясының жетекшісі Алмаз Елеуов «Катаклизмалар», «Хоррор манекен» үстел ойындарымен таныстырды. Алмаз кітапханамызда виртуалдық өнер клубының жетекшісі ретінде әр апта сайын жастардың басын қосып, тегін сабақ өткізеді. Бұлда жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне, жастарды өнерге бағыттауға үлкен үлес қосып отырған жоба.
Іс-шара барысында талантты жастар өздерінің инновациялық және әлеуметтік жобаларын таныстырып, толық ақпарат беріп, қызығушылық танытқан көпшіліктің сұрағына жауап берді. Кейбір жастар өздерінің стартаптарын таныстырса, енді біреулері әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Солардың ішінде кітапхана оқырманы, әрі ағылшын тілі үйірмесінің мүшесі Нұрлан Сұлтан-Бейбарыс «Зорлық- зомбылықсыз өмір» деген жобасымен таныстырды. Ұялы телефонға арнайы қосымша енгізу арқылы халыққа пайдалы жұмыс жасайтын бағдарлама енгізгісі келетіндігін жеткізді. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының IT маманы, киноклуб жетекшіс Арсен Бақытжанұлы «3 D Хоррор ойыны» туралы айтса, ал жастардың арасынан Дильяра Жұмағали «Кітапхана мүмкіндіктер алаңы», Әліби Қамбаров «Жастар.Даму.Ағылшын тілі» жобаларымен бөлісті. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибе бөлісті, өз жобаларына қатысты кеңестер мен ұсыныстар алды. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы жас дарындарға қолдау көрсетіп, ерекше креативті жобаларды жоғары бағалап, өз кеңестерін берді.
Кітапхананың бөлім меңгерушісі Шынар Кошанова «Креативті жобалар: жастар талқысында» кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеде IT, дизайн, әдебиет, өнер, ғылым жөнідегі кітаптар мен комикс әдебиеттері топтастырылды.
Шара соңында озық ойлы жастардың басын қосып, жастардың идеяларын жүзеге асыруына, пікір алмасуына үлес қосып жүрген кітапхана басшысы Сейталина Гүлнар Рамазанқызы алдағы уақытта да жастармен кәсіби байланыстар орнатып бірлесе жұмыс атқаратындығын айтып, жастарға сәттіліктер тіледі.
Кітапхана — бағыты айқын, өңірдің озық ойлы талпынған жастарын топтастыра отырып, креатив индустрияда жаңашыл жобаларын ұсынуына, олардың жарқырай көрінуіне қолдау жұмысын жалғастыра бермек.
Алтынгүл АСҚАРҚЫЗЫ,
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер
кітапханасының инновациялық және әдістемелік
жұмыс бөлімінің меңгерушісі.
Ақтөбе қаласы.