Кітап оқымаған ұрпақ — тамыры әлсіз қоғам

Кітап- асыл қазына. Ол білім мен тәрбиенің қайнар көзі, рухани дамудың басты құралы. Кітап оқуға машықтанған адам әрқашан ізденісте болып, ойы ұшқыр, кез келген жағдайда өз пікірін ашық білдірері сөзсіз. Кітап — жаңа мүмкіндіктер ашады. Тіпті адамның өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын да кітап! Бірақ өкініштісі қоғамда кітап оқитын жастарымыз санаулы. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының 2023 жылғы мәліметі бойынша, жастардың 60%-ы кітапты сирек оқиды немесе мүлде оқымайды екен. Соның салдарынан өз тілімізде еркін әрі нақты сөйлеу кезінде қиындықтар туындап жатады. Бұл жағдайдың алдын алу жолы — әдеби кітаптарды көп оқыған жөн. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” романы арқылы біз тек Абай атамыздың өмірімен ғана емес, қазақ халқының болмысы, мәдениеті, құндылықтарымен танысамыз. “Абай жолы” демекші, бұл менің сүйікті кітаптарымның бірі. Осы кітап арқылы Абай Құнанбаевтың тек ойшыл ғана емес, халықтың үмітін арқалаған, жаңашыл тұлға ретінде орны бөлек екенін аңғара аламыз. Роман оқып отырған оқырманды ойландырып, тәлім- тәрбиеге баулып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырады. Егер меннен көмек сұрар болсаңыз, дәл осы кітапты оқуға кеңес берер едім. Кітап оқуға кедергі болатын басты себептердің бірыңғайы: смартфонға тәуелділік, қызығушылықтың төмендігі және оқу дағдысының жетілмегендігі. Бос уақыттың көп бөлігі TikTok, Instagram сияқты желілерде өтеді. Статистика бойынша, Қазақстан жастарының 60%-ы күніне кем дегенде 4 сағатын смартфонмен өткізеді, ал тек 15%-ы ғана тұрақты түрде кітап оқиды (Ұлттық статистика бюросы, 2023).
Қызығушылықтың төмендігі – екінші себеп. Кітап оқуға бағыт-бағдар, мотивация жетіспейді. Мектеп пен отбасыда кітапқа деген сүйіспеншілік бала бойына сіңбесе, ол оны өз бетімен дамытуы екіталай. Бұл мәселенің салдары – ойлау қабілетінің таяздануы, сөз байлығының азаюы, терең ой жүгіртуге деген бейімділіктің төмендеуі.
Шешу жолдары қандай?
– Мектептерде қызықты форматта оқырман клубтарын ұйымдастыру
– Әлеуметтік желіде кітапқа арналған челлендждер өткізу
– Танымал тұлғалар арқылы кітапқа қызығушылықты ояту.
Кітап – жан азығы. Смартфон уақытыңды ұрласа, кітап санаңды байытады. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген сөз бекер айтылмаған. Кітап оқыңдар – өз болашағыңа инвестиция салыңдар!
САҒЫНДЫҚ Аяжан,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
«№8 Өтеген батыр» атындағы орта мектебінің түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен www.farabishakirti.kz
желілік басылым сайтының Жас тілшісі