Мектеп бітіруші түлектердің алдындағы жауапкершілік:

ҰБТ, күйзеліс және болашақ таңдау
11-сынып – бұл тек мектеппен қоштасу ғана емес, оқушының есейіп, өз таңдауын жасап, болашақ бағдарын айқындауға таптырмас мүмкіндік болатын кезең. Дәл осы жылы талапкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеліп қана қоймай, өз өмірінің әрі қарайғы жолын жалғастыру міндеттеледі.
Ендеше, ҰБТ – білім, әлде жүйке сынағы ма?
Бұл сұраққа 11-сынып оқушысы ретінде ойлансақ, тығырыққа тірелеріміз анық. Жыл бойы жүйкеңмен бірге біліміңді бәйге қосқан аттай сарапқа салу үшін сынаққа дайындаласың. Кейде жүйкең жеңеді, кейде білімің алға жетелейді. Ал жүйке жүйесіне ерік берсең, ол сыр беріп, психологиялық қысым арқылы ешқандай оң нәтиже әкелмейтіні сөзсіз. Сондықтан оқушы болсын, студент, жұмысшы не педагог болсын – ең алдымен жүйке жүйесін тыныштандырып, өзіне және біліміне толықтай сенім арта білуі қажет.
Қазақстандағы көптеген талапкерлер өз біліміне сеніп, дайындық курстарынан бас тартады. Ал енді бір бөлігі тәртіп пен жүйе қалыптастыру үшін таңдаулы курстарға жазылады. Курс таңдаудың өзі балаға белгілі бір деңгейде стресс әкеледі. Себебі ата-ананың ақшасын зая кетірмей, сапалы әрі тиімді курс таңдау, оны ҰБТ нәтижесімен ақтау – талапкердің өзіне қосымша қысым түсіреді. Бұл ата-ананың тікелей міндеттеуі емес, баланың ішкі ойлары мен күдіктерінің салдары.
Талапкерлердің тағы бір мәселесі – ата-ана, мектеп және қоғам тарапынан болатын қысым. Мектеп тарапынан: «Біздің мектептің абыройы сендердің нәтижелеріңе байланысты» деген сөздер оқушыға үлкен жауапкершілік жүктейді, әрі ой салады. Осыдан оқушы өзін жеке тұлға емес, мектептің “рейтингін көтеретін құрал” ретінде сезінуі мүмкін. Ал ата-ананың сенімі кейде баланың жүрегіне қорқыныш болып ұялап, «қайтсем, ата-анамды жерге қаратпаймын» деген ой керісінше, жүрекке сенім ұялатқанымен, жүйкеге салмақ түсіреді.
Кейде баланың қабілеті мен қызығушылығы, таңдауы ескерілмей, «дәрігер бол», «заңгер бол» деген талаптар қойылады. Мұндай жағдайда бала өзін еркін сезінбей, қателесуден қатты қорқады. Ата-анасының таңдауын таңдайын десе, жүрегі қаламайды, өз таңдауымен қалайын десе, ата-ананың көңілін қимай ренжітіп алмау арасында әуре-сарсаңға түседі.
Қазақ қоғамында мектеп бітіруші түлектің бағасы көбіне «Қанша балл алды?» немесе «Қай ЖОО-ға түсті?» деген сұрақтармен өлшенеді. Қоғамдағы «жақсы бала – жоғары балл жинаған бала» деген көзқарас өзге оқушыларды өзін сыныптасынан төмен сезінуге итермелейді. Бұл әсіресе әлеуметтік желілерде анық байқалады: ҰБТ-да жоғары балл алғандар мақталып, ал төмен нәтиже көрсеткендер елеусіз қалады.
Сонымен қатар, болашақ мамандық таңдауын талапкерлердің көпшілігі өздері жасамайды. Бұған ата-ананың талаптары мен оқушының өзін ешқандай салада елестете алмауы себеп болады. Бұл тек Қазақстанға тән емес, бүкіл әлемде кездесетін жаһандық мәселе. Осындай маңызды кезеңде – білім мен стресс қатар жүретін сәтте талапкерлерге қолдау өте қажет.
Сонымен, ҰБТ – тек бір емтихан. Бірақ ол оқушы тағдырын түгел айқындап тастайтын өлшем болмауы тиіс. Жастардың болашағы тек баллға емес, олардың қабілетіне, қызығушылығына және ерік-жігеріне байланысты.
ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,
Алматы қаласы, Абай атындағы РММИ
11”В” сынып оқушысы