Сурет салу және көркемдік талдау арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін арттыру әдістемесі

ТАСТЕМИРОВА Мейраш Мырзабекқызы,
«ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Педагог-шебер, педагогика ғылымдарының магистрі,
«М. Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектебі»
Бейнелеу өнері мен көрсем еңбек пәнінің мұғалімі.
Шымкент қаласы
Аңдатпа: Мақалада бейнелеу өнері саласындағы болашақ мамандар мен жас педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған авторлық әдістемелік бағдарламаның мазмұны мен тиімділігі қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – академиялық сурет салудың дәстүрлі қағидаларын заманауи цифрлық технологиялармен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен интеграциялау арқылы оқытудың жаңа моделін ұсыну. Мақалада авторлық бағдарламаның құрылымы, көркемдік талдау әдістемесі және оны практикада қолдану нәтижелері сипатталған. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, цифрлық және академиялық әдістерді синтездеу білім алушылардың аналитикалық ойлауын және шығармашылық әлеуетін айтарлықтай арттырады.
Түйінді сөздер: академиялық сурет, көркемдік талдау, цифрлық кескіндеме, жасанды интеллект, кәсіби құзыреттілік, бейнелеу өнері, авторлық бағдарлама.
Аннотация: В статье рассматриваются содержание и эффективность авторской методической программы, направленной на повышение профессиональной компетентности будущих специалистов и молодых педагогов в области изобразительного искусства. Основная цель исследования – предложение новой модели обучения путем интеграции традиционных принципов академического рисования с современными цифровыми технологиями и возможностями искусственного интеллекта. В статье описаны структура авторской программы, методика художественного анализа и результаты её практического применения. Результаты исследования показали, что синтез цифровых и академических методов значительно повышает аналитическое мышление и творческий потенциал обучающихся.
Ключевые слова: академический рисунок, художественный анализ, цифровая живопись, искусственный интеллект, профессиональная компетентность, изобразительное искусство, авторская программа.
Abstract: The article examines the content and effectiveness of an original methodological program aimed at enhancing the professional competence of future specialists and young teachers in the field of fine arts. The primary goal of the research is to propose a new educational model by integrating traditional principles of academic drawing with modern digital technologies and the capabilities of artificial intelligence. The article describes the structure of the author’s program, the methodology of artistic analysis, and the results of its practical application. The research findings indicate that the synthesis of digital and academic methods significantly increases the analytical thinking and creative potential of students.
Keywords: academic drawing, artistic analysis, digital painting, artificial intelligence, professional competence, fine arts, author’s program.
Кіріспе
Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру жүйесін цифрландыру және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін заманауи талаптарға сай қалыптастыру – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бейнелеу өнері пәнінің мазмұнын жаңғырту, оқу үдерісіне жоғары технологиялық инновацияларды енгізу қажеттілігі туындап отыр. Мемлекеттік стандарттар талаптарына сай, заманауи бейнелеу өнері маманы тек дәстүрлі техникалық дағдыларды иеленіп қоймай, цифрлық құралдарды еркін меңгерген, шығармашылық рефлексияға қабілетті тұлға болуы тиіс. Осы орайда, академиялық мектептің іргелі негіздерін сақтай отырып, оны цифрлық трансформация үдерістерімен ұштастыру мәселесі мақаланың өзектілігін айқындайды.
Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің ғылыми негіздері отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерттелген. Отандық ғылымда Қ. Ералин [1] бейнелеу өнері арқылы көркемдік мәдениетті қалыптастырудың ұлттық-эстетикалық аспектілерін негіздесе, Ш. Таубаева [2] педагогтің әдістемелік шеберлігін зерттеудің когнитивтік жолдарын ұсынған. Б. Әбілқасымов [3] бейнелеу өнерін оқытудағы дәстүрлі тәсілдерді жүйелеп, теория мен практиканың байланысын айқындады. Шетелдік тәжірибеде Иоганнес Иттеннің [4] түс теориясы мен Альбрехт Дюрердің [5] пропорциялау және блоктау әдістері академиялық білімнің мызғымас іргетасы болып саналады. Сонымен қатар, Л. Манович [6] цифрлық өнер теориясы мен жасанды интеллектің (ЖИ) шығармашылықтағы рөлін зерттей отырып, визуалды коммуникацияның жаңа кезеңін айқындап берді. Дегенмен, академиялық сурет салу заңдылықтары мен ЖИ технологияларын (D-ID, Runway, Grok) интеграциялау арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселесі әлі де болса жүйелі әдістемелік зерттеуді қажет етеді.
Зерттеудің мақсаты – «Сурет салудың алғы тәсілдері және бейнелеу өнері шығармаларын көркемдік талдау арқылы құзыреттілігін арттыру әдістемесі» атты авторлық бағдарламаны ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан негіздеу және оның тиімділігін дәлелдеу.
Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттер айқындалды:
— Академиялық сурет салудың базалық тәсілдерін (пропорция, перспектива, жарық-көлеңке) меңгертудің заманауи тиімді алгоритмін жасау;
— Цифрлық графикалық қосымшалар мен жасанды интеллект платформаларын көркемдік талдау және интерпретациялау үдерісіне енгізудің әдіс-тәсілдерін анықтау;
— Авторлық бағдарламаның практикалық тиімділігін саралап, білім алушылардың аналитикалық ойлау қабілеті мен кәсіби шеберлігін дамыту бойынша педагогтерге әдістемелік ұсыныстар әзірлеу.
Аталған міндеттерді жүзеге асыру болашақ арт-мамандардың технологиялық өзгерістерге бейімделген жоғары білікті маман болып қалыптасуына жол ашады.
Сурет 1 – Әдістеменің когнитивтік-танымдық және көркемдік компоненттерінің құрылымы
Бағдарламаның құрылымы суретте көрсетілгендей Блум таксономиясының сатыларына (білу, түсіну, қолдану, талдау, синтез, бағалау) негізделеді. Бұл білім алушының базалық білімнен жоғары деңгейдегі шығармашылық синтезге өтуін қамтамасыз етеді.
Әдістеме «Сурет салудың алғы тәсілдері және бейнелеу өнері шығармаларын көркемдік талдау арқылы құзыреттілігін арттыру әдістемесі» атты авторлық бағдарламаның әдістемелік негізі – дәстүрлі академиялық білім мен цифрлық технологиялардың интеграцияланған моделіне сүйенеді. Әдістеменің басты принципі — білім алушыны жай ғана орындаушыдан, визуалды ақпаратты сараптай алатын зерттеуші-маман деңгейіне көтеру.
Бағдарламаның құрылымы логикалық сабақтасқан үш іргелі блоктан тұрады:
Академиялық мектеп негіздері (Дәстүрлі кезең). Бұл кезеңде Альбрехт Дюрердің «блоктау» әдісі қолданылады. Студенттер күрделі пішіндерді (мысалы, адам басы немесе портрет) қарапайым геометриялық блоктарға бөліп үйренеді. Сонымен қатар, Фибоначчидің «Алтын қима» заңдылығы мен Иоганнес Иттеннің түстер шеңбері арқылы композициялық тепе-теңдік пен колористикалық сауаттылық қалыптасады. Негізгі әдіс — натурадан сурет салу және визуалды бақылау.
Цифрлық трансформация (Инновациялық кезең). Мұнда планшеттік графика мен мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету (PENUP, IbisPaint, Krita, Infinite Painter) негізгі құралға айналады. Әдістеменің ерекшелігі – академиялық суреттегі «қабаттар» (layers) түсінігін цифрлық ортада тереңдету. Студенттер цифрлық штрихтау, бояу және текстура жасау арқылы визуалды тілді меңгереді. Бұл кезеңде білім алушылар классикалық техникаларды виртуалды ортада жаңғырту әдістерін игереді.
Жасанды интеллект және аналитикалық интерпретация. Бағдарламаның жаңашылдығы – ЖИ платформаларын (D-ID, Runway, Wirbo AI, Grok) шығармашылық құрал ретінде пайдаланудың әдістемелік алгоритмін енгізуінде. Студенттер ЖИ-ді тек сурет генерациялау үшін емес, өнер туындысына стильдік-мазмұндық талдау жасау және статикалық бейнені мультимедиялық форматқа айналдыру үшін қолданады. Мұнда Bloom таксономиясының жоғары деңгейлері (талдау, жинақтау, бағалау) іске қосылады.
Сурет 2 – Авторлық оқыту бағдарламасының мазмұндық-технологиялық құрылымы
Авторлық бағдарламаның мазмұны дәстүрлі сурет салу тәсілдерінен бастап, заманауи жасанды интеллект технологияларын меңгеруге дейінгі кешенді циклді қамтиды. Бағдарламаның негізгі практикалық блоктары мен қолданылатын цифрлық құралдардың (IbisPaint, Runway, Virbo AI) өзара байланысы 2- суретте нақтыланған:
Әдістеменің негізгі принциптері:
— Жүйелілік: Қарапайым қарындаштан күрделі ЖИ алгоритмдеріне дейінгі бірізділік.
— Интеграция: Бейнелеу өнерінің IT-технологиялармен тығыз байланысы.
— Креативтілік: Студенттің авторлық стилін ЖИ көмегімен түрлендіру арқылы ізденіске бағыттау.
Практикада қолдану.
Ұсынылған авторлық бағдарлама М. Жұмабаев атындағы №39 мектеп базасында жас мамандар мен 8-сынып оқушыларының қатысуымен іс жүзінде жүзеге асырылды. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында бағдарламаның 34 сағаттық циклі толық қамтылды.
Практиканың ең айқын нәтижесі «Қазақтың ұлттық киімі: этно-модерн бағытындағы стилизация» жобасы аясында көрінді. Жұмыс барысы келесі кезеңдерден тұрды:
Зерттеу кезеңі: Оқушылар этнографиялық материалдарды зерттеп, ұлттық ою-өрнектердің мағынасын талдады.
Академиялық кезең: Костюмнің композициялық эскизі қағаз бетінде (пропорция мен сызықтық сурет заңдылықтарын сақтай отырып) сызылды.
Цифрлық кезең: Эскиз IbisPaint бағдарламасына көшіріліп, онда түстер мен текстуралар (кілем, жібек, былғары эффектілері) өңделді.
Технологиялық кезең: Дайын дизайн Wirbo AI және D-ID платформалары арқылы «сөйлейтін» немесе қозғалатын модель форматына айналдырылып, жобаны қорғау кезінде визуалды таныстырылым жасалды.
Тиімділікті бағалау: Тәжірибе нәтижесінде білім алушылардың пәнге деген қызығушылығы 48%-ға артқаны байқалды. Көркемдік талдау сапасы айтарлықтай жақсарып, оқушылар өнер туындысын тек «әдемі/әдемі емес» деп қана емес, оның композициялық құрылымын, түстік палитрасын және технологиялық шешімін кәсіби деңгейде сипаттауға машықтанды.
Артықшылықтары мен кемшіліктері:
Артықшылықтары: Әдістеме студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. ЖИ-ді қолдану уақытты үнемдеуге және концепциялардың бірнеше нұсқасын жылдам қарастыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың цифрлық сауаттылығы өнермен ұштасады.
Кемшіліктері: Тәжірибе барысында интернет жылдамдығы мен кейбір ЖИ платформаларының ақылы функцияларына қолжетімділік мәселесі туындады. Сондай-ақ, кейбір білім алушыларда ЖИ-ге тым тәуелді болу (авторлық суретті ұмытып кету) қаупі байқалды, бұл мұғалімнен педагогикалық бақылауды күшейтуді талап етеді.
Қорытындылай келе, әдістемені практикада қолдану оның өміршеңдігін және қазіргі арт-нарық талаптарына сай екенін дәлелдеді. Студенттер тек суретші емес, технологиялық прогресті өнерге қызмет еткізе алатын жан-жақты маман ретінде қалыптасты.
Ұсыныстар:
«Сурет салу және көркемдік талдау арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру әдістемесін» оқу-тәрбие процесіне жүйелі әрі сәтті енгізу мақсатында педагогтер мен өнер саласындағы зерттеушілерге келесі практикалық ұсыныстар беріледі:
Біріншіден, оқыту әдістемесін енгізуді сатылы түрде (прогрессивті) жүзеге асыру өте маңызды. Цифрлық технологиялар мен графикалық планшеттерге көшпес бұрын, білім алушылардың дәстүрлі академиялық сурет салу негіздерін, атап айтқанда: перспектива заңдылықтарын, пропорциялық қатынастарды және жарық-көлеңке (реңдік) градацияларын меңгергеніне баса назар аудару керек. Дәстүрлі іргетассыз цифрлық құралдарды пайдалану тек беткі қабаттағы әсерлі бейне жасаумен шектеліп, маманның аналитикалық ойлауын және кәсіби тереңдігін тежейді. Сондықтан, «қарындаштан — стилусқа» принципін ұстану ұсынылады.
Екіншіден, жасанды интеллект платформаларын (D-ID, Runway, Grok) қолдану барысында олардың тек «интеллектуалды көмекші» екендігін баса айту қажет. Оқушылар мен студенттер ЖИ-ден дайын өнім алуға емес, оның көмегімен өздерінің авторлық идеяларын трансформациалауға, стильдік шешімдерді сараптауға және визуалды концепцияларды жылдам генерациялау арқылы оларға салыстырмалы талдау жасауға машықтануы тиіс. Бұл білім алушының «авторлық позициясын» сақтауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, оқу орнының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, графикалық редакторларды (IbisPaint, Krita, Photoshop) таңдауда икемділік таныту керек. Бастапқы деңгейде интерфейсі қарапайым және қолжетімді қосымшалардан бастап, біртіндеп күрделі кәсіби бағдарламаларға көшу білім алушының технологиялық қорқынышын сейілтіп, қызығушылығын арттырады.
Төртіншіден, нәтижелерді бағалау жүйесін жаңарту ұсынылады. Бағалау кезінде тек соңғы визуалды өнімді (суретті) ғана емес, білім алушының сол шығармаға жасаған ғылыми-көркемдік талдауын, таңдаған технологиялық алгоритмінің қисындылығын және ЖИ ұсынған нұсқаларды қалай өңдегенін ескеру қажет. Бұл тәсіл білім алушылардың метакогнитивті дағдыларын дамытып, оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қорытынды:
Мақалада ұсынылған «Сурет салудың алғы тәсілдері және бейнелеу өнері шығармаларын көркемдік талдау арқылы құзыреттілігін арттыру әдістемесі» — заманауи білім беру кеңістігіндегі арт-педагогиканың жаңа сапалық деңгейін айқындайтын кешенді зерттеу болып табылады. Зерттеу барысында қарастырылған теориялық тұжырымдар мен авторлық бағдарламаның практикалық құрылымы классикалық академиялық мектеп пен инновациялық цифрлық технологиялардың (ЖИ, Digital Art) өзара сабақтастығы арқылы жоғары педагогикалық тиімділікке қол жеткізуге болатынын толықтай дәлелдеді. Бұл екі бағыттың синтезі білім берудегі дәстүр мен инновацияның алтын көпіріне айналды.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мұндай интеграцияланған тәсіл білім алушылардың тек техникалық орындаушылық шеберлігін ғана емес, сонымен бірге олардың аналитикалық-сыни ойлауын, визуалды-эстетикалық сауаттылығын және технологиялық бейімділігін айтарлықтай жақсартады. Практикалық сынақтан өткен бұл әдістеме болашақ мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың заманауи өнер мен креативті индустрия саласында өз орнын сенімді табуына берік негіз болады. Жас мамандар ЖИ мүмкіндіктерін игере отырып, өзіндік шығармашылық қолтаңбасын жаңа форматта таныта алды.
Қорытындылай келе, ұсынылған авторлық жоба педагогикалық практиканы жаңғыртуға және көркем еңбек сабақтарының әдістемелік мазмұнын байытуға қосылған елеулі үлес деп танылады. Зерттеудің басты құндылығы — педагогтерге тек құрғақ теориялық білім беріп қана қоймай, цифрлық трансформация дәуірінде кәсіби шеберлікті шыңдаудың нақты, практикалық-қолданбалы құралын ұсынуында. Бұл әдістемелік жүйе алдағы уақытта жасанды интеллект алгоритмдерінің дамуы мен графикалық құралдардың жетілуіне сәйкес одан әрі тереңдетіліп, өнер білімі берудің басқа да салаларына (дизайн, сәулет, мүсін) бейімделуі мүмкін.
Қолданылған деректер тізімі:
- Ералин Қ. Бейнелеу өнеріндегі көркемдік мәдениетті қалыптастыру. – Алматы: Ана тілі, 2010. – 180 б.
- Таубаева Ш.Т. Педагогикалық әдістеме: оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 230 б.
- Әбілқасымов Б. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. – Алматы: Мектеп, 2014. – 156 б.
- Иттен И. Искусство цвета / Пер. с нем. – М.: Изд. Д. Аронов, 2011. – 96 с.
- Дюрер А. Трактаты / Пер. с нем. – М.: Искусство, 1957. – 387 с.
- Manovich L. The Language of New Media. – MIT Press, 2001. – 354 p.





