Жасөспірімдер және кітап оқу мәдениеті

https://www.aikyn.kz/
«Кітап» сөзі араб тілінен еңген аралас буынды сөз. Кітап – адам баласының тіл байлығын, сауаттылығы мен сөз саптауын дамытатын қолжетімді құрал. Ал, кітап оқу – адамның саналы ойлауына, мінезінің жағымды, ашық-жарқын қалыптасуына оң әсерін береді. Соңғы бесжылдықтағы мемлекетіміздің жасөспірімдердің кітап оқуына қосқан үлесін айтар болсақ «2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болған екен.
National Endowment for the Arts ұйымының зерттеуінде кітапты тұрақты оқитын адамдардың сөздік қоры кең болатыны және олардың мәтінді түсіну қабілеті жоғары екені көрсетілген. Сонымен қатар кітап оқу сыни ойлау қабілетін дамытуға да көмектеседі. Тағы бір зерттеуді University of Sussex ғалымдары жүргізген. Нәтижесіне сәйкес, небәрі 6 минут кітап оқу адамның стресс деңгейін шамамен 60–68 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Бұл кітаптың адамның психологиялық жағдайына да оң әсер ететінін дәлелдейді.
Қазақстанда жасөспірімдердің кітап оқу деңгейі жаман емес. Мысалы, зерттеулер бойынша қазақстандық жастар жылына шамамен 10 — 12 кітап оқиды. Сонымен қатар, жалпы халықтың 57 пайыздан астамы тұрақты түрде кітап оқиды. Бұл — жастар арасында кітапқа қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Ал басқа елдерде жағдай әртүрлі. Мысалы, Еуропаның кейбір дамыған елдерінде (Швейцария, Норвегия сияқты) халықтың 70 – 80 пайызы жылына кемінде бір кітап оқиды, яғни оқу мәдениеті өте жоғары. Ал Ұлыбританияда жасөспірімдер арасында керісінше еітап оқу көрсеткіші төмендеу байқалады: 14–16 жастағы ұлдардың тек шамамен 10 пайызы ғана күн сайын кітап оқиды.
Көркем сөйлеу – кез келгеннің құлағында жағымды естіледі. Ал, көркем сөйлеп, ойыңызды анық жеткізуіңіз үшін әлеуметтік желілерден бөлек табиғат аясында, кітапханада, кез-келген тақырыптағы жеңіл кітаптарды оқуға кеңес берер едім.
Менің талапкерлерге ұсынатын оқуға жеңіл, мәнді мағыналы кітаптарым: «Ұлпан» , «Ұшқан ұя» , «Еңлік-Кебек» , «Айман-Шолпан» , «Менің атым Қожа» , «Шұғаның белгісі» және т.б.
Қазіргі заманда технологияның дамуына байланысты кітапқа деген қызығушылық кейбір елдерде төмендегенімен, Қазақстанда бұл үрдіс орташа деңгейде сақталып отыр. Дегенмен, жастар арасында кітапты тек міндет емес, қызығушылық ретінде қалыптастыру маңызды. Себебі кітап – адамның ойлау қабілетін дамытып, өмірге деген көзқарасын өзгертетін ең құнды құралдардың бірі. Кітап оқу мәдениеті кітапты ашқан сәттен қалыптасады. Тілдің құралы ол – кітап. Бастамаңыз қиындау болса, кітап оқу марафондарына қатысуды ұсынамын. Көпшілікпен кітап оқысаңыз, ұмтылысыңыз тез болатынына сенемін!
Тоғжан ТӨЛЕГЕН,
Алматы облысы, Іле ауданы,
«№24 МКМ лицейінің» 11 – сынып оқушысы.
Жетекшісі: Аяулым Сағынғали, «Алатау ТВ»
телеарнасының тілші-редакторы
Дереккөзі: elzhastary.kz





