Ұлы тарихтың үнін есту үшін – «Көшпенділерді» қайта оқимын…

Әдебиет кейде жай сөз емес, жанды оятады. Ал кейде – ұлттың үнін, рухтың жалынын, өткеннің зарын жүрекке жеткізеді. Сондай шығармалардың бірі – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. Бұл шығарма мен үшін кітап қана емес, ұлтты танудың, тарихты сезінудің, намысты оятудың жолы болды. Ілияс Есенберлин бұл туындыны жай жазған жоқ. Ол ел үшін, ертең үшін, ұрпақ үшін жазды. Кеңестік дәуірдің қыспағында, ұлттық рухты басып-жаншыған шақта қазақ хандары мен батырлары туралы көлемді тарихи роман жазу – үлкен ерлік еді. Бірақ жазушы соған қарамай, «Көшпенділер» арқылы тұтас бір халықтың жан жарасын, жүрек сыздағанын, азаттыққа деген мәңгілік аңсарын көркем тілмен жеткізе білді.

Шығарма алғаш қолыма тигенде, оны жай ғана тарихи оқиғаға құрылған роман болар деп ойладым. Бірақ әр парағы мені тереңге жетеледі. Басында оқиға желісіне ілесіп отырсам, кейіннен жүрегіммен сезіне бастадым. Бірде ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігіне сүйсінсем, бірде данагөй билердің кемел ойларына бас идім. Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Төле би сынды тұлғалар бұрын тек оқулықтан таныс еді. Ал «Көшпенділерді» оқыған соң олар маған тірі бейнедей көрінді. Енді олар жай ат емес, қайсар рух пен биік мұраттың иелері ретінде жадымда қалды.

Кітаптағы кейіпкерлер шынайы. Олар қорықты, күдіктенді, бірақ елі үшін күресті. Хан да, қара да, батыр да, билер де – барлығы адам. Ілияс Есенберлин осы қарапайымдылық пен ұлылықты қатар бере алды. Ол тарихты қағазға түсіріп қойған жоқ, тарихты сөйлетті. Жазушы әр кейіпкердің ішкі әлемін, жан арпалысын, жүрек күйін сезіндіре отырып, оқырманға өткен ғасырларды жақындата түсті.

Трилогияның әр кітабы өзінше бір кезеңді ашады. «Алмас қылыш» Қазақ хандығының құрылу тарихынан сыр шертеді. Бұл бөлімде ел мен жер іздеген Керей мен Жәнібек сұлтандардың тарихи қадамы мен оларды қолдаған халықтың үміті суреттеледі. «Жанталас» арқылы оқырман қазақтың сыртқы жаулармен, әсіресе жоңғар шапқыншылығымен жүргізген күресін көреді. Ал «Қаһар» – Абылай хан тұсындағы ішкі және сыртқы саяси тартыстарды суреттейді. Бұл – бодандық пен бостандықтың қақтығысы, рух пен айла жарысы.

Кітапта жай ғана оқиғалар тізбегі емес, терең ой, тарихи сабақ жатыр. Шығарма кейіпкерлері арқылы жазушы бізге бір ғана ақиқатты ұғындырады: бұл жер, бұл ел бізге оңай келген жоқ. Әр тасында бабаның табы, әр төбесінде батырдың қаны жатыр. Сондықтан тарихты білу – тек білім үшін емес, сана үшін керек.

Кейде кітап оқып отырып, кеудеңді белгісіз сағыныш билейді. Бұл – өз халқыңды іздеу, өз тамырыңа үңілу, өткеніңді сезіну. «Көшпенділер» сондай шығарма. Ол тек баяндап қана қоймайды, ол тәрбиелейді, оятады, елдікке жетелейді. Осы кітапты оқыған соң мен өзімді бұрынғыдан биік сезіндім. Менің бойымда рух оянды. Қазақ екенімді мақтан ете бастадым. Бұл тек сөз емес, бұл – сезім.

Бүгінгі ұрпақ үшін «Көшпенділер» – оқу үшін емес, ұғыну үшін қажет кітап. Ол – ата-баба аманаты, ел болудың, елдікті сақтаудың жолын көрсететін рухани бағыт. Біз шетел әдебиетін де оқуымыз керек, бірақ алдымен өзіміздің асыл мұрамызды тануымыз қажет. Осы туындыны оқыған әрбір жас өз ұлтына деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырып шығады. Бұл кітап жүрекке жол табады. Жанға әсер етеді. Және ешқашан ұмытылмайды.

Кейбір кітаптар уақыт өте көмескі тартады. Ал «Көшпенділер» – жыл өткен сайын жаңғырып, асқақтай беретін туынды. Себебі ол – біздің тарих. Ол – біздің тағдыр. Жүрегіңмен оқысаң, сен де сол тарихтың бір бөлшегін сезінесің. Міне, сонда ғана қазақ болудың мәнін ұғынасың!

                                                                                                  Аружан  МӘУЛІТ,

                                                                    Алматы қаласы Білім басқармасының

«№13 мектеп-гимназияның» 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының   Жас  тілшісі