«Алаш мектебіндегі» кездесу

Бүгін Алаш заманауи мектебі қабырғасында ерекше мәні бар кездесу өтті. «Атаның сөзі – ақылдың көзі» тақырыбында бастауыш сынып оқушыларымен шешендік сөз бен айтыс өнерін дәріптеу мақсатында, Алтынбек Ибрагимов ағайдың шақыртуымен жүздестік.
Алғашында кішкентай оқушылармен кездесу қалай болар екен деген күмән болғаны рас. Алайда, сол жерге жиналған шәкірттердің бойынан болашақ Алаш арыстарының рухы сезілді. Әр сөзді ұйып тыңдап, орынды сұрақ қойып, өз ойларын еркін жеткізе білуі бізді тәнті етті.
Әсіресе, Абай ұлттық мектебі 7-сынып оқушысы Әсельдің «Патша мықты ма, әлде диқаншы мықты ма?» деген сауалы ой
саларлық болды. Бұл сұраққа үшінші сынып оқушыларының бірі:
«Диқаншы мықты. Себебі патшаның билігі болғанымен, диқаншы маңдай терін төгеді. Ал еңбек – бәрінен күшті,» – деп жауап берді.
Осы бір жауаптың өзінен-ақ бұл мектеп оқушыларының танымы мен тәрбиесінің терең екенін аңғаруға болады.
Осындай зерек, ойлы ұрпақты көріп, қазақ елінің болашағына деген сенім тағы бір мәрте нығая түсті.
Елдің ертеңі – сіз бен біз, құрметті жастар.
Еліміздің іргесі берік, болашағы жарқын болсын!
АХМЕТ Болат Қанатұлы,
Алматы қаласы, «Абай Ұлттық мектебінің» 11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым — сайтының Жас тілшісі.
Суретті жолдаған: автор










