Қашықтан оқыту форматына көшу туралы айтылғанда, «Бұл қалай болар екен?» деген күдіктің болғаны рас. Алайда, ұстаздар мен оқушылар бұл әдісті бүгін әбден меңгеріп алған десе болады. Сабақ үлгерімі туралы айтпағанда, түрлі  Online  байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

Айталық, шалғайда орналасса да, оқушылары байқауларға қатысып, топ жарып келе жатқан  – Алдашбай ахун ауылындағы №111 мектебі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы мектептеің директоры  СҮЙІНБАЕВА  Айжан Кәжденбкқызымен  балалар мен жасөспірімдер, оларды білім биігіне жетелеп келе жатқан ұстаздар жайлы әңгімелескен едік.

—Айжан Кәжденбекқызы, шәкірттеріңіздің жүлделері құтты болсын! Жұлдызы жана берсін дейміз!  Ауылдық жерлерде интернет желісі нашар деп айтылуда. Сіздің мектепте толық интернет желісіне қосылды ма?

—Әуел баста күтпеген жерден қашықтн оқуға кеттік. Бұған ешкім дайын емес еді, алайда Мемлекет басшысы  Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлының тапсырмасының арқасында ауыл мектептері біртіндеп, кең жолақты интернет желісіне қосылды. Әр істі бастағанда қиыншылығы болады. Білім беру саласында мектеп ұстаздары мен оқушылар жаңа бағытта оқытып, оқуды меңгеріп алды деуге болады, — деп оқушылардың қашықтан оқу және білім саласында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар оларды шыңдай түскенін әңгімеледі. —Биылғы оқу жылының ақпан айында «Жалпы білім беретін пәндер бойынша  Республикалық ғылыми жоба» жарысына  мектептен 3 оқушы қатысты. Байқауды «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығы ұйымдастырды. Қорытынды кезеңге  мектебіміздің 1 оқушысы өтті. Қызылорда облысы бойынша  байқауда ІІ – орын алған Н. Пәкуәдинова бұл сайыста  қолданбалы математика секциясы бойынша  ІІ- орынды иеленді.

Наурыз айында ZOOM платформасы арқылы Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІ халықаралық ғылыми  жоба жарысы өткізілді.  Конкурсқа «Қолданбалы математика және механика» секциясы бойынша  Пәкуәдинова Нұрайым қатысып, қола медаль иегері атанды. Жетекшісі, мектеп директоры, математика — информатика пәнінің мұғалімі  Айжан Кәжденбекқызы.

Оқушылардың көптеген бәйгелерге қатысып, бақ сынауы үшін ұстаздар өздерін танытуы қажет. №111 мектептің мұғалімдері өткен және биылғы оқу жылында білім беру тәжірибесімен бөлісу мақсатында өткен сайыстарға қатысып, алдыңғы қатарда есімдері аталуда. Нұр –Сұлтан қаласында өткен «KIO.KZ» информатика пәні бойынша мұғалімдерге арналған Республикалық қашықтық олимпиадасында тарих пәнінің мұғалімі Жанна Атеева І- орын, физика пәнінің мұғалімі Ақерке Қалпиева, ІІ – орын, «Бала дарын» байқауына шәкірт дайындағаны үшін Рауа Тоңызбаева Алғыс хатпен марапатталды. Өткен жылы А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай облыстық «Абай оқулары» байқауында Нұрғаным Нұрдаулетова ІІІ – орын алды. 2019 – 2020 оқу жылында «Елбасы» медалінің тұңғыш иегері, «Үздік» аттестат иесі Гүлфайрус Шаймерденова бүгінде жоғары оқу орнының студенті.

«Елбасы медалі» жобасына қатысқан оқушылардан үздік атанған Шапағат Кәрімбердиева, Айкүміс Марқашова, Нұрғаным Нұрдаулетова,  Таңшолпан Файзуллаева жақында марапатталды. Жоба — жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы.

Биылғы оқу жылы аяқталып келеді. Мектеп бітіруші екі түлек «Үздік» аттестатқа үміткер. Оқушылар «Мың бала», «Iganat» олимпиадаларына қатысқан 8 – сынып оқушылары ІІ – турға өтті. Алдағы уақытта олардан зор үміт күтілуде.

Қай салада болмасын  табыс, жетістік  ұжымның бірлігі, ұйымшылдығы мен ынтымағының нәтижесінде келеді. А.К. Сүйінбаева басқаратын мектеп ұстаздарының  біліктілігі, білімдегі тәжірибесінің молдығы  қаншама білімді шәкірттерді тәрбиелеп, болашаққа жол тартуына жетекші болуда. Ата –ана мен ұстаз еңбегін ақтаған түлектер өмірден өз орнын тауып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосып келеді. Келешекте солардың қатарын жылда мектеп бітіретін түлектер толықтыруда. Осылайша, ұстаздар еңбегі ақталып, мектептің әр ұстазы еңбегінің зая кетпегеніне риза.

Мектеп ұстаздары мен шәкірттеріне алдағы уақытта да биіктерден көрінуіне тілектеспіз.

 

 (Өз тілшіміз)

   «FSH»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *