Ақтөбе телеарнасы: Мәртөк түкпірінің жас тілшілері

Қаламдары ұшталып келе жатқан, ұшқыр ой мен жүйрік тілді иеленген Мәртөк жастары үшін бүгін үлкен мүмкіндік туындады. Аптаның басы №1 ЖОББМ үшін ерекше басталды. Ауылымыздың әр мектебінен журналистика саласына жақын бес оқушы таңдалып, түскі сағат 11:00-ге шақырту алды. Іс-шараның негізгі қонақтары Ақтөбе телеарнасының өкілдері үшін бөлек құрмет көрсетілді.
Жиналыстың басты мақсаты-жас буынның бойын билеген өнерге тамсанып, болашақ медиа мамандарымен ары қарай жұмыстану. Олардың ойынша, дәл осы салаға қадам басқысы келетіндер баршылық. Және олар қарапайым ауылдың балалары болуы мүмкін. Сол себепті облыстың әр ауданынан оқушыларды іріктеуден өткізіп, журналистиканы нақты мамандық ретінде қарастырғандарға бағыт-бағдар бергісі келеді.
Мектептің екінші қабатында кішігірім студия бар. Түсірілімге қажетті барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Хромакей, операторлық камера, петличка, арнайы диван, т.б. Оқушылар әртүрлі тақырыптарға подкасттар түсіріп, өнегелі адамдардан сұхбат алады. Соның арқасында апта сайын мектеп жаңалықтары жаңартылып отырады. Бұл оларға журналистикалық қабілеттерін дамытып, медиа саласына практика жүзінде дайындалуға үлкен септігін тигізеді.
Жиналыс телестудияны таныстырумен басталды.
Жас журналистер қонақтарға барынша жылулық танытып, өздерін ашық ұстай білді. Бұл бөлменің көлемі кішігірім болса да, тарихы күннен-күнге толып жатқаны анық еді. Оператор көрінген әрбір атмосфераны ұстап, оны камера арқылы жеткізіп отырды. Телеарна директор-Айдана Смағұлова, тілші-Гүлдана Абайқызы оқушыларға жан-жақты сұрақ қойып, өнер жайлы сөз қозғады.
Камера алдында ғана емес, шынайы өмірде де өздерінің хикаяларымен бөліскен журналистердің бірі-Гүлдана Абайқызы. Болашақ медиа мамандарын құрбылары ретінде көріп, ақыл-кеңесін айтты. Бұл жолға түсу тарихы, журналистикадағы қиындықтар, көбі біле бермейтін фишкалар мен түсірілім алдындағы дайындықтар, нені ескеріп, қай жерден қате жібермеу керегімен бөлісті. Айдана Смағұлова-директор ретінде жағдайды бақылауда ұстап, әр жасөспірімнің бойындағы қасиеттерді ескеріп отырды.
Кездесу сағаты өте жайлы атмосферада өтті. Жастар бұрыннан мазалап жүрген сұрақтарына жауап алып, медиа мамандарының оқиғалары арқылы осы салаға келіп-келмейтінін түсінді. Бұл жолды салмақты түрде таңдаймын деген оқушылар үшін Ақтөбе телеарнасының өкілдері практика жүзінде редакцияға баруға мүмкін болатыны жайлы хабардар етті. Әр оқушының аты-жөнін біліп, келесі айда хабар беретіндігі жайлы ескертті.
Түйіндей келе, бұл күн Мәртөк жастары үшін ерекше есте қаларлықтай өтті. Әсіресе бұрыннан журналистика жолын таңдап қойып, дайындығын бастап кеткендер үшін мүмкіндіктер алаңы ашылғандай болды. Алғаш рет телеарналарға шығу-тұсауыңды кескен баладай болумен тең. Дәл осындай дарынды балаларға іздеу салып, олардың болашақтарына салым салуға даярлық Ақтөбе телеарнасының өкілдеріне алғысымыз шексіз.
Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының» 10 «Б» сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен www.farabishakirti.kz
желілік басылым — сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі:Көздіғарина Рита,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы











