Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Менің жасым 17 болса да, мен ата-әжемнің махаббатын толық сезініп, көріп үлгермедім, себебі тағдыр бізді ерте айырды. Өкінішке орай, ата-әжеммен мәңгілік қоштасуға тура келді. Дегенмен, балалық шағымнан әжеммен байланысты бір ерекше естелік жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Сол естелікпен бөліскім келеді. Менің әжем мен үшін ең үлгі тұтар жандардың бірі еді. Әжемнен аларым да, үйренерім де өте көп болатын. Ол әр ісін өзінен бұрын өзгені ойлап жасайтын мейірімді жан еді. Әжемнің даналығы мен кеңдігін бағалайтын,одан өнеге алғысы келетін адамдар да аз болмады. Шынымды айтсам, әжесінің көзін көріп,оның ізін жалғап жүрген қыздар мен ұлдарға кейде қызыға да,қызғана да қараймын. Себебі мен бұл махаббатты толық сезініп үлгермедім… әттең.
Әжем бос уақытында тоқыма тоқуды ерекше жақсы көретін. Қыс түсе салысымен, ол өзінің тоғыз баласына және немерелеріне арнап жылы шұлықтар тоқитын. Бір күні әжем мені жанына шақырып алып, тоқыма тоқуды үйретті. Қолыма алғаш рет жіп ұстаған сәттегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Әжеммен бірге отырған уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қалдым. Бір сәтте қарасам, жіп азайып, қолымнан шыққан дүние үлкейіп келе жатыр екен.
Әжемнің даналығы ма,ә лде ерекше қасиеті ме білмеймін, бірақ тоқыма тоқуға икемі жоқ мен сол күні-ақ тоқуды үйреніп кеттім. Кейін әжемнің арқасында өзіме, анама, әкеме және бауырларыма түрлі киімдер тоқып бердім. Бірақ… әжеме тоқып үлгермедім. Қазір бос уақытымды тоқыма тоқуға арнаймын. Менің тоқып отырғанымды көрген анам кейде: «Қызым, сен әжеңнен аумайсың. Әжең де сен сияқты томпиып, бұртиып алып, киім тоқитын еді», — деп мен арқылы өз анасына деген сағынышын білдіреді. Әжеме осының бәрі үшін шексіз алғысымды айтамын. Жүрегімде сақталған
ең ыстық естелігім осы бір сәт. Әже,сізді қатты сағындым… Әр тоқыған дүнием сізге арналады.
СЕРИКБАЕВА Аяулым Арипжанқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы
«Зият» мектебінің 11 сынып оқушысы.
Шығармашылық жетекшісі: Гүлім Мырзахмет,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
