Атамның аманаты

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Менің отбасымда ең сауатты болған адам ол – менің атам. Инжилисов Сәтбай, «Ақтөбе» АҚ  мұнай-газ өндіріс орны бастығының орынбасары лауазымында бірнеше жыл қатарынан қызмет етті.  Атам жұмысының қауырттығына қарамастан өте көп кітаптар оқыған еді. Біздің үйде не көп десе, кітаптар көп деп айтар едім. Менің атамның әкесі небәрі 19 жасында мектеп директоры болған. Үлкен атамның тәрбиесінің арқасында балаларының бәрі сауатты және ақылды болып ержетіп, өмірден өз орнын тапқан жандар. Атам біз кішкентай болған кезде үйге «Балдырған», «Жыл он екі ай», «Айгөлек» сияқты балаларға арналған журналдарды әкелетін және анама «жинап қой, немерелерім өскенде оқитын болады» деп айтқан екен.

Солайша, анам атамның сөзін жерге қалдырмай, журналдарды ұқыптап, сақтап келген. Бірақ, өкінішке орай үйде журналдар мен кітаптарға қызығатын ешкім болмады. Тек мен өсе келе журналистика мамандығын таңдап, журналисттің сөздік қоры бай болу керек екенін түсіндім. Осылайша мен кітап оқуға бет бұрдым, атам кезінде біз үшін алып қой деген журналдарды тауып, қызыға оқи бастадым. Бұл мен үшін жай ғана оқу емес, атамның аманатына адал болу еді. Осыны көріп, анашымның маған: «Атаң тірі болғанда, қуанышында шек болмай, сенімен мақтан тұтар еді», — дейді кітапқұмарлығымды көріп. Анамның осы айтқан сөздері мен үшін әрі қарай сауатты болуға, дамуға және өз арманым-журналистика мамандығына грантқа түсуге ынталандырады.

Менің айтқым келіп тұрғаны үлкендердің әрбір сөзіне мән беріп, құлақ  салыңыздар. Себебі олар өмір көрген, бізге тек жақсылық тілейтін жандар. Кейде бір ауыз сөздің өзі болашағымызға жол ашуы мүмкін.

СӘТБАЙ  Мәншүк,

Ақтөбе қаласы,

«Смарт-Білім» мектеп-гимназиясының

 11 — сынып оқушысы