«Досы көпті жау алмайды» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Өмірде кейде бір ауыз жылы сөз айтып, қиын сәтте қасыңнан табылатын жанның өзі адамға үлкен күш береді. Сондықтан шынайы достық – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі.
Адам өмірінде достың орны ерекше. Әр адам қасында өзін түсінетін, қолдайтын жанның болғанын қалайды. Сондықтан халық арасында «Жақсы дос – жан азығы» деген сөз бекер айтылмаған. Шынайы дос адамға қуаныш сыйлап қана қоймай, қиын сәттерде де жанынан табылады.
Менің де бала кезден бірге өскен жан досым бар. Ол – менің анамның сіңлісінің қызы, яғни бөлем. Біз кішкентай кезімізден бірге өстік. Ол біраз уақыт басқа жақта оқығанымен, кейін біздің мектепке ауысып келді. Сол уақыттан бастап тіпті жақын араласа бастадық. Қайда барсақ та бірге жүретінбіз. Бізді көрген адамдар «егізсіңдер ме?» деп те сұрайтын. Себебі мінезіміз де, жүріс-тұрысымыз да ұқсас еді.
Біз бір-бірімізге барлық сырымызды айтып, ештеңе жасырмайтынбыз. Болашақта бір университетке, бір мамандыққа түсеміз деп армандадық. Қазір 11-сыныпты аяқтадық. Уақыт өте келе мамандық таңдауымыз өзгерді. Ол заңгер болуды таңдаса, мен журналистиканы таңдадым. Бірақ бірге бір университетте оқимыз деген арманымыз әлі де өзгерген жоқ. Қазір екеуміз ҚазҰУ-ға түсуді жоспарлап жүрміз.
Бір күні досымның отбасымен басқа қалаға көшіп кетуі мүмкін екенін естідім. Сол сәтте жүрегім бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Ішімді түсініксіз қорқыныш пен мұң билеп, көңілім босап кетті. Күнде қасымнан табылатын адамнан алыстап қаламын деген ой маған өте ауыр тиді. Біз бірге өткізген сәттер, мектептегі күлкілі оқиғаларымыз, болашақ туралы ұзақ әңгімелеріміз көз алдыма келе берді. «Егер ол кетсе, бәрі бұрынғыдай бола ма?» деген ой маза бермеді. Тіпті оны күнде көре алмау, сыр бөлісе алмау мен үшін үлкен бос кеңістік қалдыратындай сезілді. Сол кезде мен оның менің өмірімдегі орны ерекше екенін анық түсіндім. Кейбір адамдар уақытша кездеседі, ал кейбірі өміріңнің ажырамас бөлігіне айналады. Менің досым – дәл сондай жан.
Нағыз дос әрқашан адал болады. Ол сенің қателігіңді бетіңе айтып, дұрыс жол көрсетуге тырысады. Қиындық кезде қолдау білдіріп, көмегін аямайды. Осындай достың қасында адам өзін сенімді әрі бақытты сезінеді. Кейде достың бір ауыз жылы сөзі адамның көңілін көтеріп, өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.
Қорытындылай келе, жақсы дос – адам өміріндегі ең үлкен байлықтардың бірі. Шынайы достық адамға күш береді, өмірді қызықты етеді. Сол себепті әр адам достықты бағалап, адал дос болуға тырысуы керек. Өмір жолында жанынан табылатын шынайы досы бар адам ешқашан жалғыз қалмайды, сондықтан достықтың қадірін білу – адамдықтың белгісі.
ҚАНАТҚЫЗЫ Нұрайым,
«№58 Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақты
жалпы білім беретін мектептің» 11 – сынып оқушысы,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
Түркістан облысы, Келес ауданы, Бозай ауылы
