Алаш ардақтысы Мұстақым Малдыбай тұлғасы ұлықталды
Жалпы қазақ халқының рухани өмірінде Қарқаралы өңірінің алар орны ерекше. Қалың қатпарлы тарихы бар өлке қай дәуірде болмасын, ел өміріндегі елеулі оқиғалардан еш қалып көрген емес. Үш жүзге үлгі айтқан Қаз дауысты Қазыбек билердің үлгі-өнегесі қалған, Құнанбай аға сұлтанның сәулет ізі қалған, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермекұлы, Иман Әлібеков, Жақып Ақбаев сынды көрнекті тұлғалардың өміріндегі елеулі кезең де осы өңірмен, кешегі дуан орталығы Қарқаралымен байланысты. Ақ патша билігіне алғашқы саяси қарсылықтың бастауы болған Қарқаралы құзырхаты да осында жазылған болатын. Сондықтан да «Қарқаралы – алаштың алтын бесігі», — деп тарихтан өз бағасын алды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырып, осы киелі де тарихи өлкеде алаш арысы, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі, ағартушы ғалым, публицист жазушы, педагог-ұстаз Мұстақым Малдыбайға арнап ескерткіш тұғыр ашылды. Ескерткіш-тұғыр Қарқаралы ауданы, Мәди ауылы, Үшқара тауының етегіндегі Сарықияқ қыстағының қасында жатқан қайраткердің зираты қасына қойылды.
30-31 мамырда өткен бұл іс-шараға Қарағанды облысынан, Қарқаралы ауданы мен жергілікті ауылдық округ басшылығы мен тұрғындар, сондай-ақ ел ордасы Астана мен Алматыдан арнайы келген қонақтар қатысты.
Саналы ғұмырын ұлтының өсіп-өркендеуіне арнаған алашшыл тұлғаның рухына тағзым жасалып, құран бағышталды. Мұстақым Малдыбайұлының бейнесі салынған қара тастың бетіне тұлғаның саяси қызметін туралы деректер көрсетілген. Қайраткердің өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы ақпарат енгізілген GR орнатылған. Ескерткіш белгіні қоюға ағайынды Алтынбек, Нұрбек Құмырзақұлдары қаржылай, рухани демеушілік жасаған екен.
Ескерткіш тақтаны Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қасымхан Бегманов, Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Арасанбай Естенов, Мұстақым Малдыбайдың ұрпақтары және Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты, ескерткіш демеушісі Нұрбек Құмырзақұлы ашты.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған аудан басшысы Ерлан Бейсембайұлы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында тәуелсіздік жолында азаттық мұраты, «Алаш» идеясының тұғыры үшін шаһид кеткен боздақ Мұстақым Малдыбаев зиратының басында осы іс-шараға алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтар мен ауыл азаматтарына алғысын білдіріп, бұл іс-шараның жалғасы «Қарқаралы – алаштың алтын бесігі» республикалық дөңгелек үстелімен жалғасатынын көпшілік қауымға жария етті.
Өз сөзінде аудан басшысы: «ХХ ғасырдың басының өзің қарап тұрсаңыз, небір оқиғаларға толы өтті. Қазақтың маңдайына біткен, қаймағындай болған ұлттық зиялылары ел үшін күресті, басың бәйгеге тікті, ұрпақ қамы Махамбет айтқандай, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» жан аямай арпалысты. Сол жолда шаһид кешті. Біздің тарихшыларымыздың зерттеуіне қарағанда жүз мыңнан астам адам итжеккенге айдалды. Жиырма бес мыңдай қазақтың маңдайына біткен мықты тұлғалары, жақсы жайсаңдары ату жазасына кесілді… Қарқаралының тарихы – бұл күллі қазақтың тарихы деп білеміз. Себебі қазақтың осынау тағдырлы тарихында болған небір оқиғалар, Қарқаралы өңірін айналып өткен жоқ. Қарқаралы – Алаш арыстарының кіндік қаны тамған жер. Сол қатарда бүгін біз келіп, басына белгі қойып отырған Мұстақым Малдыбай әкеміз де бар еді. Оның саналы ғұмыры жайында елге сіңірген еңбегі туралы тарихшыларымыз, жазушыларымыз алдағы кезеңде айта жатар. Менің ойымша мұндай іс-шаралар, белгі қоюлар біз үшін өте қажет. Өскелең ұрпақ үшін қажет жастар үшін керек. Өкініштісі осы уақытқа дейін Мұстақым сынды тарихи тұлғаның болғандығын, елге сіңірген еңбегін біздің ұрпақ, аға буын еміс-еміс естісе де көбісі білмей өсті. Мектепте оқытпады. Олар туралы айтылмады. Олар туралы еңбектер жазылмады. Тәуелсіздігіміздің арқасында азаттығымыздың арқасында ақтаңдақтар толып, өткенге қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді», — деп атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов сөз алды: «Қазір менің басымнан қилы-қилы сезімдер өтіп жатыр. Жаңа жолда келе жатқан кезде шеті жоқ, шегі жоқ қазақтың ұлы даласын, онда туып-өскен небір айтулы тұлғаларымыз туралы тебіреніс толқыныс өтті жүректен. Қаншама уақыт бойы қазақ халқы осы біздің арыстарымыздың жолына түсе алмай адасқанымыз – соның барлығы жанымызды тербетеді. Толқытады. Небәрі 47 жасында дүниеден өткен арысымыз Мұстақым Малдыбай туралы, ұлы қайраткер тұлға туралы кейінгі буынның зерттей бастауы – адамның жан дүниесін тербейді.
Біз неліктен осыншама көп уақытқа дейін анық-қанығына дейін түгелдеп жеткізе алмадық. Бұл – немқұрайлылық па, жайбасарлық па деген түрлі ойлар мені мазалайды. «Біз Әлихан, Ахмет, Мұстафа Шоқайларды білеміз. Бүкіл елдік тұлғадағы республикалық деңгейдегі тұлғаларды білеміз. Біз облыстық, аудандық деңгейдегі алашордашыларға әлі күнге дейін толық жеткен жоқпыз», — деген тарихшы Мәмбет Қойгелдінің . Тіпті оларды осылайша аудандық, облыстық деңгей деп айтудың өзі мүмкін, артықтау болар. Жалпы әрқайсысы да ұлты үшін жан пида болған азаматтар, оларды біз ештен кещш болса да көтеруіміз керек. Қырық жеті жасында дүниеден озған алаш қайраткері Мұстақым Малдыбай ескерткішінің ашылуындай тарихи оқиғаға куә болу – мен үшін де үлкен бақыт», — деді алаш арыстары ақтаңдақтарын қалпына келтіруде үлкен үлес қосып келе жатқан қаламгер.
ҚР Мәдениет қайраткері, журналист Ермек Балташұлы: «Көптен бері ескерілмей қалған дөңгелек даталы күндерде бірлі-жарымды мақаламен ғана еске алынатын Мұстақым атамыздың ескерткіші ашылып, тарихи сәт болып жатыр.
Бұл ескерткіш бабамыздың өзіне керегі жоқ. Кейінгі ұрпаққа керек шаруа. Осы игі шараны аудан басшылығы әрі қарай ұйымдастырып, сыртын қоршатып қоятын болса тіпті жақсы болар еді. Зиратқа келе жатқанда адасып кетпеу үшін бірнеше жерге көрсеткіш тақта қойып қойса», — деген ұсынысын айтты.
Алаш арыстарының есімін, рухани мұраларын жаңғыртуда үлкен үлес қосып келе жатқан «Qyr balasy» қоғамдық қорының негізін қалаушы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай сөз алды: «Осыдан он екі жыл бұрын ұстазым Тұрсын Жұртбай Мамания мектебінде білім алған, Мамания мектебіне қолдау көрсеткен әрбір шәкіртті толық зерттеп шық», — деп тапсырма берген болатын. 2014 жылы Мұстақым Малдыбайдың бүкіл шығармаларын, мұрғаттан тауып, жаңғыртып кітаптарын шығара бастадық. Ең алғашқы кітабы 200 дана болып Қарағанды мемлекеттік университетінен шыққан болатын. Одан кейін 2020 жылы Қарғанды облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы болып тұрған кезінде, қазіргі Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Бейсенбайұлы қаражат тауып беріп шығартқан болатын», — деп атап өтті.
Осыдан бергі аралықта Мұстақым Малдыбаевтың тұлғасын, елге сіңірге еңбегін насихаттап танытуға, басын көтеруге қатысты көптеген ұмтылыстар жасап, ұсыныстар бергенімен, уақытында нәтижеге жете қоймағанын айта келе, осы істе қолдау білдіріп, бүгінгі белгітастың көтерілуіне қаржылай демеушілік жасап, барынша атсалысқан Алтынбек пен Нұрбек Құмырзақұлына алғыс-ризашылығын білдірді.
«Бұл – игілікті істердің тек басы, алдағы кезеңде Мұстақым Малдыбай тұлғасын тануда талай игілікті істерді атқаратын боламыз», — дей келе, қазіргі күні алашшыл азаматтың төртінші кітабы шығып отырғанын, алдағы уақытта тарихи тұлға ретінде жазылатынын, келесі осы тұлғаның өмірі, ата-тегі, шығармашылық тұлғасы, қоғамдық, саяси қызметі туралы жазылған монография даййындап ұсынатынын көпшліктің алдында айтып өтті.
«Және Мұстақым өмірінен алатын бір өнеге: 1924-жылы Орынборда тұңғыш қазақ білімпаздарының съезі өтеді. Сол съезге Семейден жеделхат келеді. Онда Мұстақымның жары Ғазиза анамыз аман-есен босанғаны туралы жазылған екен. Осылайша өмірге келген шекесі торсықтай ұлға Әлихан деп ат қояды. Бұл – Әлихан Бөкейханның көзі тірісінде оның есіміне қойылған Әлихан атты есім болатын. Осыдан кейін 1926 жылы Биахмет Сәрсенұлы деген «Алаш» қайраткерінің үйінде де бір ұл дүниеге келіп, есімін Әлихан деп қояды. Сол Әлихан, Сүйімбике бастаған ұрпақтар осы жерге жете алмай кеткен болатын. Өйткені, әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны болатын.
Біз бүгін ұлт-азаттығы жолында шаһид кеткен қазақтың жиырма бес мың тұлғасын еске алып тұрсақ, оның ішінде 1921 жылы Мұстақымды түрмеден алып шығамын деп қару-жарақсыз келген, большевиктік жүйенің құрбаны болған Мәди Бәпиұлын да еске алуымыз керек. Мәди Бәпиұлы да қуғын-сүргін құрбаны. 1921-жылдың шілдесінде Семейде шыққан «Қазақ тілі» газетіне Мұстақым Малдыбайдың «Жолдасы» деген лақап атпен Мәдидің өлімі туралы мақала жазады. Сол мақалада: «Ол өзінің досын құтқарамын деп түрмеге келіп қаза тапты», — деп жазады. Мәди Мұстақымды түрмеден құтқарамын деп келгенде, ту сыртынан оқ атып қазаға ұшыратқан болатын. Ендеше Мұстақымның аты аталғанда Мәдидің, Мәдидің аты аталған Мұстақымның аты аталуы заңдылық. Осындай мықты тұлғаларымыз есімі жалғаса берсін. Бүгінгі іс-шара соның бір жарқын көрінісі. Алтынбек, Нұрбек сияқты азаматтардың атсалысуымен алдағы күндері әлі де талай игілікті істер атқарылады деген ойдамыз. Жолда келе жатқанда көргендеріңіздей, Мұстақым ашқан мектептің орны тұр, Мұстақым осы жерден зауыт ашқан, ол – осы өңірге жаңа индустриалды экономиканы әкелген прогресшіл азамат болатын. Ендеше ондай азаматтардың есімі жаңа Қазақстанда жаңғыруға да, ардақталып насихатталуға да лайықты. Белгілі ақынымыз Ғалым Жайлыбай аға біздің бір өтінішімізді қабыл алып өлең жазып берген болатын. Сонда: «Ассалаумағалейкум, Мұстақым Малдыбай! Қош келдіңіз, төрлетіңіз!» — дейтін. Ендеше бүгін ортамызға өлмеген, рухы халқымен бірге мәңгі жасайтын Мұстақым есімі қайта оралды. Осы игіліктердің барлығына атсалысқан барлықтарыңызға Алла-Тағала жар болсын!» — деді.
«Алаш арысы» Мұстақым Малдыбай есімін ұлықтау жолында Сарықия қыстағы зиратындағы ескерткіш қойған Алтынбек Құмырзақұлы: «Алаш арыстары дегенде есімі ойға оралатын тарихи тұлғаларымыз көп. Солардың бірі – Қарқаралының қасиетті топырағынан шыққан қайраткер, «Алаштың» ардақтысы, Мұстақым Малдыбай атамыз. Саналы ғұмырын алаш жұртының алға қарай өркендеуіне арнаған Мұстақым Малдыбайдың зиратына ескерткіш тақта орнату бақытына ие болғанымызға қуаныштымыз. Мұстақым бабамыз кешегі «Алаш» арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды қазақ зиялыларымен, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков сынды халқымыздың аяулы азаматтарымен ұлт мүддесі үшін күресте бірге жүрген. Атақты жерлесіміз, әрі батыр, әрі ақын Мәди Бәпиұлының сыйлас, пікірлес досы болған. Сондықтан Мәди мен Мұстақым аталарымыздың есімі әрқашан қатар аталуға тиіс. Екі жылдан кейін қос тұлғаның дүниеге келгеніне 145 жыл толады. Бізде өз тарапымыздан торқалы тойдың өтуіне ат салысып, қолдауға әзірміз. Баба рухы қолдап, жебей жүрсін!» — деп, іс-шараға жиналған қауымға алғыс-ризашылығын білдірді.
Мұстақым Малдыбай тұлғасын ұлықтауға арналған іс-шара екі күн бойы туған жері Қарқаралыда лайықты деңгейде өтті. Азаттық рухы ескен қазіргі кезеңде сан ондаған жыл бойы айтылмай келген ақиқаттар айтылып, қаншама тұлғаларымыздың өмірі мен қызметі туралы мәліметтер мұрағаттардың шаңынан арылып, халқымен қайтадан қауышуда. Осы жолда халыққа қозғау салып, көптеген игілікті істерді атқарып та үлгерген Qyr balasy» қоғамдық қорының алдағы жұмысына тек сәттілік тілейміз.
Өнегелі өмір жолы жоғарыда атап өткен іс-шараға негіз болған «Алаш» қайраткері Мұстақым Малдыбай 1880 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Айрық ауылында (бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезі, Едірей болысының №12 ауылында) дүниеге келген. Жастайынан зерек бала болып өскен Мұстахым талап сол кездегі көптеген замандастары сияқты, ауыл молдасынан алғаш сауатын ашады. Бұдан соң ол Троицк қаласындағы орыс-қазақ школында (мектебінде) оқиды. Ары қарай оқуын Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесінде жалғастырады. Бұл медреседе Мағжан Жұмабаев, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Әміреұлы, Бейімбет Майлин, т.б. қазақтың белгілі азаматтары оқыған болатын. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнуллина деген татар қызына танысып, үйленеді. Мұстахым Малдыбай елге келген соң ағартушылықпен шұғылданып, 1909 жылдың күзінен 1911 жылдың жазына дейінгі аралықта Жетісу өңіріндегі әйгілі «Мамания» мектебінде оқытушы, әрі директор болып қызмет атқарады.
1911 жылы өзінің Семей қаласына қоныс аударады. Осындағы Семей мұғалімдер семинариясына мұғалім болып жұмысқа орналасып, бұл қызметті 1920 жылға дейін атқара жүріп, ел ішінде болып жатқан саяси істерге белсене араласады. Мұстахым Малдыбай – туған халқының азаттық мұраты үшін, «Алаш» идеясының тұғыры үшін шаһид кеткен боздақ. Саяси қайраткер. Ол Семейдегі «Алаш» атты әскерін құрысқан, полк құрамында болған. Семей облыстық қазақ комитеті төралқасының мүшес болған.
Алаш ардақтысы, туған өңірінде тұңғыш мектеп ашқан ағартушы Мұстақым Малдыбайұлының өмірі де, әдеби мұрасы да, қайраткерлік істері де аз зерттелген, әлі өз бағасын ала қоймаған қайраткер. Ол ұрпағың қараңғылылықтың қапасынан шығарып, білім нұрын шашуды ойлады. Соңғы жылдары Qyr balasy қоғамдық қорының негізін қалаушы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың бастамасымен алаш қайраткерінің мұрасы тереңінен зерттеліп, еңбектері кітап болып шыға бастады. Оған дейін алаштың асылы туралы бірді-екілі зерттеу еңбектер мен мақалалар болды. Мұстақым Малдыбай мұрасын, өмірі мен қайраткерлік істерін алғаш зерттеген Кәрім Сауғабаев болатын. Журналист-жазушы Ермек Балташұлы, сол елдің зерттеуші ғалымы Саржан Уахитұлы Мұстақым мұрасына қатысты зерттеу мақалалар жариялады. Ол сол кезеңдегі қазақ ұлтына өзекті болған мәселенің бірі оқулық шығарумен де айналысты. «Қазақша ең жаңа әліппе» мен «Қазақша оқу кітабы» секілді пайдалы оқулықтарды жазып, ағарту саласы дамуына үлес қосты.
Фотосурет авторлары: Тишбек Хамитов,
Қобыланды Ерсайын
Автор: Асылбек Байтан
Qazaqstan tarihy- e-history.kz