Абай облысының оқушылары «Қалдықсыз мектеп» эко-өнімін ұсынады
Аягөздік оқушылар өздері ойлап тапқан өнімдерін ECOBIKE деп атаған. Себебі бұл заманауи велосипед іске қосылғанда, бірнеше құрылғының қызметін атқара алады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мысалы тренажер ретінде қолдана отырып, адам денсаулығын нығайта алады, спорттық жаттығу жасау барысында бұлшықеттерін жаттықтыра алса, жаттығу жасау барысында құрылғыдағы генератор қосылып, тегін электр энергиясы өндіріледі. Сол арқылы әр түрлі қосымша құралдардың көмегімен тұрақты тоққа түрленіп, 220 вольтқа дейінгі кернеуге көтеріледі, яғни кез келген құралды (телефон, планшет) қуаттауға болады. Электр энергиясын үнемдеу көзі ретінде қарастырған.
Қосалқы бөлшек ретінде кескіш-ұсақтағышы бар қоқыс жәшігін орнатқан. Мекемедегі пластик, қағаз түріндегі қоқысты ұсақтау арқылы көп орын алмайтындай көлемін азайтуға болады немесе іске жарамды етіп қайта өңдеп, балқытып, әр түрлі пішіндегі кәдесыйлар, бұйымдар жасауға да болады.
Өнертапқыш оқушылар болашақта осындай артықшылығы көп құрылғының бес түрін жасауды жоспарлап отыр. Мектептің үш қабатына өлшемдерін түрлендіріп, бастауыш буын, орта буын және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп қызметкерлеріне әр дәлізге екі-екіден велосипед қоймақ ойлары бар.
«Істен шыққан велосипед бөлшектерін алып, кез келген дизайнда түрлендіріп жасауға болады. Ол үшін 12 вольтқа дейінгі генератор керек, педаль үшін арнайы беріліс қажет, генератордан шыққан электр тоғын жинақтап, айнымалы тоқтан тұрақты тоққа айналдыратын арнайы диодты түрлендіргіш құрал арқылы аккумуляторға жинақтадық. 12 вольттан 220 вольтқа дейін көтердік. Ұялы телефонды, кескіш құралды да қуаттауға болады. Ардуиномен жасалған бағдарлама қоқыс жәшігі толған кезде телефон немесе планшетке датчик арқылы хабарлама береді. Хабарлама келгеннен кейін жәшікті босатып, қайта қоқыс жинауға кіріседі», — дейді «ақылды» велосипед авторлары.
Өнімді орта буын оқушыларына қолданып, эксперимент жасаған. Мектеп оқушылары құрылғыға қызығушылық танытып, сабақ арасында қоңырауда тренажер ретінде пайдаланып жүр. Жобаны табыс көзіне де айналдырып, білім беру мекемелерінде ғана емес, жарнама жасап, кез келген қоғамдық орындарда пайдалануға болады. Әрі денсаулыққа пайдалы, тегін электр энергия көзі, сондай-ақ пластик қоқыстарды қайта өңдеу мәселесін қарастыруда таптырмайтын өнім.
Жоба авторлары 10-сынып оқушылары Жанерке Искакова, Жания Алимгазина, Жанерке Закирова, Айгерім Ержанқызы. Жетекшілері: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнур Канапьянова, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Меруерт Кунусова, сызу пәні мұғалімі Берік Искаков, информатика пәні мұғалімі Самал Сарсембекова.
Айта кетейік, мұғалімдер жобаларын ІТ хакатон сайысына ұсынып, І орын иеленді. Осы айда өтетін ІТ чемпионатқа қатысуға әзірлеп отыр.
Abaidan.kz