Бәрі болғым келеді

Құмартамын кəсіптің күллісіне,
Сеніп жүргім келеді шын күшіме.
Космонавт, мұғалім, шопан, ғалым –
Бəрі неге болмайды бір кісіде?
Түрлі-түрлі мамандық ел ішінде,
Қашан келем бірімен келісімге?
Бəрін біліп алуым керек менің –
Үздік оқып жатырмын сол үшін де.

Мылтықбай Ерімбетов

           Мемлекеттің тірегі – әр сала мамандары. Еліміздің дамуына бар күш – жігерін арнап келе жатқан адамдар сан түрлі мамандық иелері. Олардың барлығы да маңызды саланың білікті шеберлері. Айталық, шекара шебінің бұзылмауын күзеткен қырағы шекарашылар, адам жаны үшін арпалысып, олардың дертіне дауа болатын дәрігерлер, роботтарды сөйлеткен IT саласы мамандары. Қай мамандықты алсақ та, мәртебелі, абыройлы.

Саңлақ композитор,«500 әннің» авторы Әсет Бейсеуов атындағы мектепте  тарих пәнінің апталығы аясында 9-10 – сынып оқушыларына мамандық таңдауға бағыт-бағдар беруге арналған арнайы кездесу болып өтті. Кездесуді тарих пәнінің мұғалімі, 40 жылға жуық бала оқытып келе жатқан тәжірибелі ұстаз ОТЫНШИЕВА Майра Қасымханқызы өткізді.

Әртүрлі мамандық иелері туралы айтылған шараның кезекті кейіпкері — журналист, «Farabi shakirti» журналы мен «farabishakirti.kz» сайтының бас редакторы Жанастан Кучукова қатысты.

Биыл – Әсет Көпбайұлының 85 жылдық мерейтойы тойлануда. Олай болса, атақты композитор туралы қысқаша айтып өткенді жөн көрдік. Әсет ағамыз  9 — шы сыныпта оқып жүргенде-ақ алғашқы  «Алмалы Алматым» әнін жазған. Ән лезде таралып, бала композиторды одан әрі шабыттандыра түскен. Осылайша өнер жолында жүрген Әсет Көпбайұлының талай әндері бірінен соң бірі жазылып, әншілер орындап, әнсүйер қауымға танылды. Әсет Бейсеуов алғашқы еңбек жолын Текелідегі музыка мектебінен бастады. Қазір Жетісу облысындағы қала. Кейін Жамбыл ауданында тұңғыш ашылған музыка мектебінің директорлығына бекітіліп, кейін мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. Үңгіртас мектеп — интернатында ән — хор үйірмесін басқарды. Талай рет көгілдір экраннан шәкірттерінің ән салғаны — аудан өміріндегі ірі мәдени жаңалықтың бірі болатын.

Әсет шығармашылығының тақырыбы сан алуан. Ел арасында кең тараған «Алтыным», «Гүлдер», «Ақ гүлім», «Сырласу вальсі», «Шақырады көктем» әндері махаббаттың нәзік пернесін дәл басса, жастарды туған жерін, өз Отанын сүюге баулитын «Қызыл сұңқарлар», «Солдат сағынышы», «Соғыстан соңғы ән», «Қазақстан Гүлстан», «Қарғалым», «Аралым-ожданым», «Ғарышқа ұшты қазағым» сынды әдемі әндерін халық әртістері Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Р.Бағлановадан бастап қазіргі жас әншілерге дейін шебер орындауда. Балаларға арнап жазған «Бөбегім», «Ақ мамам», «Күшігім», «Томпағым», сынды әндері де өз қалауын тапты.

1971 жылы Әсет Бейсеуов өзінің «Гүлдер» ән жинағы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Атақты «Гүлдер» ансамбілінің аты да Әсет ағамыздың осы «Гүлдер» әнімен аталған. 1993 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Қарғалыдағы №3 мектебіне 1999 жылы композитор «Қазақстанның халық әртісі» Әсет Бейсеуов есімі берілді.

Оқушыларға Әсет Бейсеуов туралы қысқаша шолу жасалған соң, оқушылар мамандықтар туралы пікірлерімен бөлісті. Мамандық – адам өмірі. Адам бала кезден жаны қалап, орындалған арманындағы мамандығы бойынша адал еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жетеді. Мамандығының арқасында лайықты еңбекақы алады. Отбасын құрады. Өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелейді. Ұл-қызын оқытып, білім беріп, өмірден өз орнын табуына қолдау көрсетеді. Мамандық иесі дегеніміз – өз саласында еткен еңбегіне қарай жалақы алып, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға атсалысу. Мамандығын адаспай тапқан жандар бір орында тапжылжымай еңбек етіп, бақытқа бөленетінін өмірдің өзі көрсетіп келеді.

Жаңа заманның жаңа талаптары мен мамандықтарын игерген жастар екі-үш мекемеде еңбек етуіне мүмкіндігі бар. Немесе, екі-үш мамандық бойынша жоғары білім алып, қалаған салада еңбек етуде. Бүгінгі жас мамандар — елдің ертеңгі тірегі. Олардың қай-қайсысы да бүгінгі біздермен үзеңгілес жүріп, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлы бастаған «Әділетті Қазақстан» құруға білек сыбана кіріскен жастар деп сенім артамыз. Жастардың бойында Отансүйгіштік, жігер, адалдық, сенім мен жауапкершілік қасиеттері жоғары тұратыны хақ. Ұлттық патриотизм әр жастың жүрегінде берік орнығып, жаңа технологиялар ғасыры ұсынған жаңа мамандықтарды игеретініне сенімдіміз.

Әлемде 40 мыңға жуық әр түрлі мамандықтар бар. Кейінгі жылдары әлемдегі мамандықтар ішінен таңдаулы он мамандық туралы ресми деректерге сүйенсек, сол ондықтың ішінде «Журналист және имиджмейкер» мамандығы аталған. Одан әрі атап айтсақ,  «Инженерия», «IT» саласы, « Медицина», «Туризм», «Логистика», «Эколог» мамандар, «Химия және энергетика» саласы, «Сервис-мамандары» сұранысқа ие екен. Сонымен, оқушылардың сұрақтарына ойыстық.

Журналистика біз сүріп отырған қоғамның айнасы, ойы, көмегей тілі һәм соғар жүрегі. Әдеби — шығармашылық қызмет түрі ретінде журналистика саяси, салалық, тақырыптық басылымдар, радио және телебағдарламалар арқылы қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғап, алуан түрлі аудиторияны әлеуметтік, саяси және арнаулы мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңы бар. Халықаралық журналистік ұйымдармен арадағы қарым-қатынаста қазақстандық журналистер атынан Қазақстан Журналистер одағы өкілдік етеді. Ал, журналист – әділдік үшін күресетін тұлға. Жақсы істің жаршысы.

Оқушылардың: «Мамандық бір рет қана таңдала ма?», «Отбасың және достарыңның ақылына сүйеніп, мамандық таңдауға бола ма?», «Мамандық – күн көріс қамы ма?», «Ауыл экономикасын көтеру үшін инвесторлар ғана қажет пе?», «Белгілі бір кәсіп иесі болу үшін міндетті түрде жоғары білім алу қажет пе?», «Жақсы маман болу үшін көп тіл білу міндетті ме?», «Адам бірнеше мамандық иесі болса, бақытты өмір сүре алады деп ойлайсыз ба?» деген сұрақтарына жауап алынды.

Кездесуде Аяжан Аділ, Қабыл Айзере, Амина Қуанбек әнімен, мәнерлеп өлең оқуымен және биімен ерекше өнер көрсетті.

—Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға, — деп  ақын Мұхтар Шаханов айтқандай мектеп оқушылары армандай білсін. Арманы орындалсын!

   (Өз тілшімізден).

 

       

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *