Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясының алып тұлғасы, ұлттық намыстың символы. Ақын өз шығармаларында үнемі шындықты алға тартып, елінің азат әрі тәуелсіз болуы үшін бар ғұмырын арнады.
Аға кісі жай ғана ақын емес, ұлт мүддесін соңына дейін қорғап, тіл мәртебесін үнемі ойлаған жанашыр тұлға бола білді. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі мен әділет үшін күресі ел алдында көпке мәлім. Қай кезеңде болмасын шындықты шыңға шығарып, еш міз бақпастан тіке айтты. Халқы үшін күйіп-жанды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ халқына «ұлтшыл» деп айып таққан КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының қаулысына қарсы шықты. Сол кезде шындықты қалыптастыру жөнінде комиссия құрды. Бұдан бөлек көптеген мәселелерді шешу барысында ол басын тәуекелге тікті.
Мұхтар Шахановтың бастамасымен Арал теңізі маңайындағы тұрғындарға көмек берілді. Балқаш пен Арал мәселесі бойынша комитет ұйымдастырылды. 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында М. Шаханов халқы үшін өнімді қызмет етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де ел ісіне араласып, елшілік қызметті қоса атқарды.
Ақын өзінің шығармашылығымен халық жүрегіне жол таба білді. Өлең-жырлары мен поэмалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Оны тек қазақ жұрты емес, төрткүл дүние түгел таныды.
Ақын шығармашылығының жанры да өте ерекше. Оқыған кезде өмірге деген құштарлығың арта түседі. Тұнып тұрған мотивация! Өлеңдерінен азаматтық үн мен философиялық тереңдік байқалады.
Мұхтар Шаханов өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Ақынның шығармашылығын ұмыту мүмкін емес. Ол – тек ақын ғана емес, қоғам мен халық жанашыры деп айтуға тұрарлық тұлға. Мұхтар Шаханов – өткен ғасыр мен жаңа заманды жалғаған аңыз адам. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда өшпес із қалдырған бірегей тұлға.
АБДРАХЫН Ажар Ерланқызы,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-қайрат ауылы,
«№19орта мектеп-гимназиясының» 11 сынып оқушысы
