Абырой мен құрметке бөлене беріңіз!

Курстасымыз, журналист Құтмағамбет Қонысбаевты бүгінгі туған күні Пайғамбар жасымен шын жүректен құттықтаймыз!

Ініге аға, жас үлкенге іні бола білген Құтмағамбет үлкен отбасының тірегі, бір әулетке өнегелі жан. Ұл – қыз өсіріп, қатарға қосып, зайыбы Жақыпова Амангүл Ибрайымқызымен бірге ұрпақтарынан өрбіген немерелерін тәрбиелеп келеді.

Журналистиканың кәсіби шебері Құтмағамбет Талапбайұлына алдағы уақытта да ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Әріптестер алдында беделді, қоғамда тұлғалық өнегеңізбен дараланып, ізіңізден еріп келе жатқан жастардың ақылшы ағасы, балалар мен жасөспірімдердің рухани қолдаушысы болып жүз жасаңыз демекпіз.

Адал еңбектің жемісін көріп, алыстаған сайын биіктей түсетін асқар таудай тұлғаңыз аласармай, абырой мен құрметке бөлене беріңіз!

ҚазМҰУ — нің журналистика факультетін

1986 жылы бітірген курстастары.

              КАРТА СЫРТЫНДАҒЫ КУРСТАС

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

                     (Алақандай эссе)

Сонымен, сол жылы журфакқа артық-кемі жоқ, тұп-тура елу ақын түстік. Ешкім өзін біреуден кем санамайды. Екейдің елу бақсысы сияқты шетінен екі иығын жұлып жеп тұр. Бір-екі жыл өтер-өтпесте арамыздан нағыз ақындар іріктеліп шығады-ау, қалғанымыз шаң қауып қаламыз-ау деген ой тіпті миымызға да кірмейді. Әсіресе, қимылы шапшаң, айқайлап сөйлейтін, шашы тікірейген мына бір ақынның екпіні ерекше. «Туған жер алтын бесік, Қызыл қалам, Жаратқан мені сенің топырағыңнан» деп арқырап өлең оқығанда құлағыңды жарып жібере жаздайды. Жарғақ құлағыңның жайын ойлап, екінші өлеңін оқымай-ақ қойса екен деп іштей тілеп отырасың. Ол бірақ қайтпайды. Алтыншы, жетінші өлеңінен кейін орысша кетеді. «О, Жанна!..» деп қойып, тереңнен толғайтын кәдуілгі махаббат лирикасына көшеді.

Өз қиялындағы Шаганэсін тапқан біздің әдепкі «едіреңдеген» Есениніміз сол еді. Бірақ ұзамай ата тегін Есенинге ұқсатып, Үсенин деп қол қойып, жыр толғаған Бауыржан Үсенов пен барша жұртты мойындатқан ақын қыз Гүлнар Салықбаева ортамыздан суырылып шыққан соң, жаңағы кірпі шашты кірпияз ақынымыз поэзиядан қол үзіп, шабытын шақыруды мүлде тоқтатты. Бұған өзі де қуанды, біз одан бетер қуандық… «Өлеңді қайтіп қоярсың…», – деп қасарысып қатып қалғанда қайтер едік?, Сол жылы оқуға түскен елірген елу ақынның бірі – Қарақалпақстан жерінде туып-өскен, әскерден келіп, университетке әзер табан іліктірген курстасымыз Құтмағамбет Қонысбаев болатын.

Қайратты курстасымыздың өлең жазудан басқа да өнері жеткілікті еді. Орысша сөйлеп кеткенде анау-мынау орысыңа дес бермейтін. Бойына біткен бар дауысымен ән шырқаған кезде, айналасындағы ел үдере көшіп кеткенімен, біз жылжымай, қайсарлықпен шыдап, соңына дейін тыңдап отыратынбыз. Бес жыл бойы қарақалпақтардың түрлі қосықтарын әуелетті. Әсіресе, «Әйләма, қызлар» деп қайталап соғып отыратын күлдіргі әнге басқанда бағанағы тарыдай шашырап кеткен көңілсіз көрермендеріміз қайта түгелденетін. Оған қоса кәсіби өрт сөндіруші ретінде жұртқа мәлім. Есеп-қисапқа өте жүйрік. Кез-келген бухгалтердің артық-ауыс қатесін бірден шығарып береді. Оны айтасың, әскерде жүргенде бокспен шындап шұғылданыпты. Тәп-тәуір жұдырықтасқанға ұқсайды. Арманы асқақ, дәмесі зор. «Жалпы, мен олимпиадаға қатысуым керек. Мәскеу олимпиадасы болса, өтіп кетті. Енді төрт жылдан кейін, құдай қаласа, Лос-Анджелеске барам», — деп ширығып жүретін.

Біздің Құт АҚШ түгілі өзіміздің КазГУ-дің боксшыларын өйтіп-бүйтіп жуасыта алмай жүргенде, кеңестік елдер Лос-Анджелеске барудан бас тартты да, оның Олимпиада чемпионы болсам деген арманы әдіре қалды. Бірақ осы түрлі себепке байланысты бітіңкіремеген екі шаруасынан (ақындық пен боксерлік) басқа қолға алған ісінің аяқталмағанын көргеніміз жоқ. Оқу бітірген соң «Совет Қарақалпақстаны» газетінде жауапты қызмет атқарды. Өзбекстанда қазақ басылымдарын ашты. Сол газет-журналдарды сапалы шығарам деп, Алматыдан Нүкіске қазақ қаріптерін теретін баспахана құралдарын арқалап тасығанын білеміз. Осы дүниені иелену үшін екі білегін сыбанып, бал сатқанын да көрдік. Сөйтіп, ол бақ-несібесінің бәріне маңдай терін тамшылатып, адал еңбегімен жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол елдегі қандастарды қазақ жұртына көшіруге мұрындық болды. Жалпы, ұлтқа көп пайдасын тигізді. Әрине, оның ептеген, ептеген емес-ау, едәуір қызбалығы бар. Сол мінезінен көрген зиян-запыраны да жетіп артылады. Ет қызуымен айтуын айтып алып, опынған жері жетерлік. Бірақ оның қазақ көшін жалғау жолындағы еңбегі бәрін де ұмыттырып жібереді.

Бірге оқып жүргенімізде «Ой-ой, Құтекең, Группамның құты екен!» деп әндететінбіз. Содан соң «Құтекеңе ешкім де қой демейді, Саясатсыз сірә да сөйлемейді. Ала қашып әр жаққа үрпиген шаш, Группамның тәртібін бейнелейді» деп термелететін едік… Ең қызығы мынау болды. Оқу бітірер сәтте ескерткіш ретіндегі фотоалбомға түспейміз бе… Қалыптасқан дәстүр бойынша, топтағы студенттердің бейнесін Қазақстанның картасына туып-өскен өңірінің тұсына қарай орналастырады. Оңтүстік облыстардың перзенттері тығыздау топтасып, иін тіресіп тұрған сол суретте біздің Құтмағамбет республика картасының сыртында қалып қойыпты… Енді Қарақалпақстанда туған жігітті Қазақстан картасының ішіне қалайша тықпаламақ?! Сол кезде жастықтың әсерімен әбден күлгеніміз есімізде.

Шынында, бұл күлетін нәрсе емес еді… Әйтсе де, карта сыртындағы курстасымыз Қазақстанды осы елде туған бәрімізден де жақсы көрді. Тіл мен ділдің жоқшысы болды. Ұлт мүддесі үшін басын тасқа да, тауға да соқты. Талай рет сау басына сақина тілеп алып, дауға да түсті. Беделді ақпарат құралдарында шыңдалды. Қазір «Ақиқат» журналының бөлім редакторы болып қызмет істейді. * * * Бүгін — сол бір кезде карта сыртында қалғанымен, кейін атажұртына мықтап табан тіреген қажырлы да қайсар курстасымыз Құтмағамбет Қонысбайдың туған күні!

Арамызда арқырап аман жүре бер, Құтеке!

 

Градация оның екінші аты

Біздің курс үшін «градация» сөзі Құтмағамбет досымыздың екінші аты сияқты болып кеткен. Оны сонадайдан көргенде «Градация келе жатыр» дейтінбіз. Шынында, бұл сөз оның мінез-құлқына да келетін. Оның мұндай атқа ие болуында данышпан ақын Қадыр Мырза-Әлидің «еңбегі» бар еді.

Бірінші курста «Әдебиет теориясы» пәнінен ақын Қадыр Мырза-Әли сабақ берді. Қадыр ағаның жүріс-тұрысы, болмысы қандай бөлек болса, жүргізген дәрісі де өзгеше еді. Өзінің тым қарапайымдылығымен, сабақ беру тәсілімен, бәрінен бұрын, тым көп дүние білетіндігімен және соны соқырға таяқ ұстатқандай етіп, көңіліңе қондыра салатындығымен таң қалдыратын.

Ол кісінің сабағы өте көңілді өтеді. Әзіл-қалжыңын қоса айтып отырып, пән айналасындағы керек дүниемен байланыстырып жібергенде, лекциясын жазып-сызып отырмай-ақ, жаттап аласыз. Қарапайым ғана бір мысал айта кетуге болар деймін…

Қазіргідей емес, кеңестік кезеңде көркем әдебиетке ерекше мән берілетін. Әдебиеттің көркемдігіне! Сондықтан, қазақ әдебиеті де көркем болатын. Оны оқыған оқырмандар да көркем кісі болып қалыптасуға талпынатын.

Қадыр ағамыздың бір сабағы осы әдебиеттегі көркемдеу тәсілдеріне арналып жатты. Басқа бір оқытушы болса, кім біледі, әдеттегідей кітаптағы дүниелерді ғана айтып қоя салар ма еді. Мысал үшін оны да еске сала кетуге болады. Бұл туралы кітаптан алынып, Википедияда берілген түсініктемені оқырмандарымызға ұсына кетсек, артықтық етпес деп ойлаймын.

«Дамыту (градация) – алдыңғы сөзден соңғы сөздің, алдыңғы ой-пікірден кейінгі лебіздің, әдепкі құбылыстан екінші құбылыстың екпін қуатының күшейіп, өсіп отыруы. Бұл көркемдік тәсіл құрылыс жүйесі ұқсас бірыңғай сөйлемдердің іріктеліп шығуына, ой-пікірдің өткір, әсерлі айтылуына әрі мағыналық өрістің кеңеюіне кең өріс ашады. Абайдың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңіндегі «Сергі, көңілім, сергі енді!», «Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!», «Өрбі, сезім, өрбі енді!» деген шумақ аралық жолдар дамытуға құрылған. Сондай-ақ, ақынның «Отыз жетінші сөзінде»: «Биік мансап — биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады…» немесе «Бесінші сөзіндегі»: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деген жолдары да дамыту әдісіне жатады.» (Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы).

Дәріс барысында Қадыр аға градация туралы ештеңе айтқан жоқ. Үнемі аудиториямен тілдесіп отыратын әдетіне басып:

– Градация деген не? Қане, қайсыңыз айта аласыздар? Айтқан адамға автоматты түрде зачет қоямын, – деді.

– Мен айтайын, ағай! Бірақ, қарақалпақша айтамын, – деп, алдына жан салмайтын Құтмағамбет атып тұрды.

– Айта ғой. Градация туралы мүмкіндігінше бұрын айтылмаған соны мысал болса…

Құтмағамбет айналасына бір қарап алды да, жырлай жөнелді:

– Бұрын-бұрын, бұрын уақта,

Тахтакөпір, Шымбай жақта

Бір аңқау мерген болған екен.

Аң атпаққа құмарланып,

Аң сайманын арқаланып,

Көне жаптың жағасымен,

Ақбастықтың арасымен

Келе жатса,

Бір сұр қоян жатқан екен, – деді де, осы тұста: «Аға, тыңдап тұрыңыз, осы жерден бастап градация басталады», – деп, әрі қарай жалғастырды.

– Бұл қоянды алсам атып,

Пақырларға берсем сатып.

Ол ақшама тауық алсам,

Тауығымды шөжелетсем.

Шөже сатып бие алсам,

Ол биемді құлындатсам.

Құлынымды қит-қиттатып,

Тойға шапсам, – дегенде, елу студент ду күлді. Қадыр аға да буырыл шашы желкесіне түсіп, көзілдірігі үлкен мұрнының үстінде селкілдеп, дауысы шықпай күліп тұр. Студенттердің күлкісі тиыла берген кезде одан сайын гүрілдеп, екпіндей сөйлеп:

Қит-қит деген дауыспенен,

Қоян кетті қырдан асып,

Аңқау қалды аузын ашып, – деп, Құтмағамбеттің өзі де партаға сылқ етіп отыра кетті. Манағы күлкі одан әрі жалғасты. Жауабына ырза болған Қадыр аға:

– Фамилияң кім?, – деп сұрады.

– Қонысбаев, – деді Құтмағамбет. Жауабына ырза болғаны сонша:

– Өте тамаша мысал, зачет!, – деді ағамыз.

Құтмағамбеттің сол кездегі айтқан мысалын мен осыдан біраз жыл бұрын  естелік үшін өз аузынан жазып алған болатынмын.

Еркөңілді батыл жігіт университет қабырғасында жүргенде-ақ өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерімен талай рет көзге түскен еді. Басқалар ығыңқырап жүретін журналистика факультетінің атышулы деканы Темірбек Қожакеевтің кабинетіне кіріп барып, қарызға ақша сұрауының өзі жағамызды ұстатқан болатын. Сұраған ақшасын сөзге келмей тауып берген деканымыз бұл жігіттен түбінде жақсы кадр шығатынын аңғарған болар.

Бір кездегі сол курстас досымыз бүгінде салиқалы жігіт ағасына айналған, алпыстың асқарына иек артып отыр. Аузы дуалы, сөзі уәлі, жүріс-тұрысы ширақ Құтмағамбетті әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының айналасында жүрген қаламгерлер мен жалпы оқырман қауым жақсы біледі. Десек те, сөз орайы келіп тұрғанда оның өмір жолына да тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Құтмағамбет Талапбайұлы Қонысбаев – Қарақалпақстан Республикасының Беруни ауданындағы Қызылқала ауылында дүниеге келді. 1977 жылы орта мектепті бітіріп, Тахиаташ қаласындағы №27 СПТУ-дың жүргізушілер дайындайтын бөліміне оқуға түсті. Оны бітірген соң 1978 жылдың 3 наурызынан Төрткүл ауданындағы «Кирсовхозводстрой» трестіне қарасты ХРУ-3 мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа орналасты. 1978 жылдың қазан айынан 1980 жылдың желтоқсан айына дейін Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерден соң мақташылар бригадасында табельщик болып істеді.

1981 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекетік университетінің)  журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы бітірді. Қарақалпақ обкомының шақыруымен сол жылы қырқүйек айынан бастап «Совет Қарақалпақстаны» (қазіргі «Еркин Қарақалпақстан») газетінде тілші, меншікті тілші, редакция меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1991 жылы ақпан айында Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы орталықта істей жүріп, Қарақалпақстан тарихындағы тұңғыш қазақ тіліндегі газет – «Достық үнін» ұйымдастырып, 1992 жылдан 2002 жылға дейін оның бас редакторы міндетін де қоса атқарды. «Достық үні» газетінің кітапханасынан» сериясымен республикадағы қазақ жырау-жыршыларының, шығармашыл жастардың  өлеңдерін шағын кітап етіп шығару ісін жолға қойды.  Ақындар айтысын, әнші-күйші, жырау-жыршылар сайыстарын ұйымдастырып, қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени талаптарының қанағаттандырылуы мәселесін Қарақалпақстан, Өзбекстан Республикалары басшыларының алдына мәселе етіп қойып,  олардың басым көпшілігінің ұнамды шешілуіне үлкен үлес қосты.

1993 жылы тамыз айында Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 2 жылдығына орай Президент Ислам Кәримовтың атына «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек…» деген тақырыпта «Достық үні» газетінің үш бетін алған Ашық хат жазып, онда   Қарақалпақстан қазақтарының мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің бәрін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, заңдық және кәсіби журналистік тұрғыдан дәл көрсетіп берді. Бұл республикада үлкен резонанс туғызды.

1998 жылдан бастап, газетке қосымша  «Өркен» журналын шығарды. Онда тек жергілікті ғана емес,  тіпті Қазақстандағы қаламгерлер мен ғалымдардың ғылыми мақалалары  жарияланып тұрды.

Журналист, қоғам белсендісі ретінде Қарақалпақстандағы қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени сұраныстарын Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығының  құрылтай-ларына, басқа да іс-шараларына үздіксіз қатыса жүріп, Қазақстан басшылығына жеткізуде де көп еңбек сіңірді. 1990 жылы 1 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті, марқұм Ислам Кәримовтың, 1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, екі елдің басшыларын Қарақалпақстан қазақтарының жағдайынан хабардар етті.

2002 жылдың басында Атажұртқа көшіп келіп, Алматы облысының Талғар қаласына орналасты. 2008 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, содан соң республикалық «Заң», «Экономика», «Айқын» газеттерінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан бастап республикалық  «Жеті жұрт» газеті бас редакторының орынбасары. Ел алдындағы журналистік еңбегі еленіп, 2011 жылы «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.

Жұбайы – Жақыпова Амангүл Ибрайымқызы. Үлкен ұлы Талғат – ҚазҰУ-дің заң факультетін, қызы Жазира әке жолын қуып, осы оқу орнының «журналистика факультетін» бітірген. Кенжесі  Нұрхат та қазір осы университтің (Ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүр. Ұл-қызынан бірнеше немере сүйіп, олардың алды 2 сыныпта, кейінгілері балабақшаға барып жүр.

Бір қызығы, журналист, қоғам белсендісі, ұлтжанды азамат ретінде   Құтмағамбет Қонысбайдың пешенесіне бұрын – Қарақалпақстанда тұрған кезінде, сондағы қандастарымыздың  дауын даулап, жырын жырлау, жетістіктері мен кемшіліктерін сәулелендіру жазылса, енді Атажұртқа қоныс аударған соң, сол Бесқаладан келген қандастардың Атамекендегі мұң-зары мен арман-мұраттарын, жалпы алыс-жақын шетелдерден келіп қоныстанып жатқан барлық қандастарымыздың  Тәуелсіз еліміздің дамуына қосып жатқан үлестерін жалпақ елге жеткізу міндеті жүктелгендей. Ол оны абыроймен атқарып келеді.

 

                                                                                     Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

                                                                                              urker.kazgazeta.kz