«Қалдырған ізің мәңгілік»

                       Шәкіртімен көркейген қастерлі тұлға – мұғалім

       Араға бірнеше жыл салып,  Макен Зейноллақызын кездестірдім. Көңілі дархан даладай жазира, жүзіне ашу үйірілмейтін ұстаз сол бұрынғы қалпы асығып келеді екен. Біз оқушы кезде Макен апай аға тәлімгер (1979 жылы пионер вожатый) келді. Мектептің 9- сыныбындамыз. Оқушылар ұйымы мен жоғары сыныптар тығыз байланыста қоғамдық жұмыстарды бірлесіп атқарамыз. Ұстаз тез-тез сөйлегенімен қоймай, өте жылдам жүретін. Бүгінде асығып барады екен. Оқушыларының бірінің тойына шақырған. Иә, әр адамның жүрегінде ата-анасы мен ұстазға деген сүйіспеншілік ешқашан ұмтылмайтыны, мұғалімнің шәкіртіне деген  ризашылығы апайымның жайдары жүзінен анық байқалады.

Ұстазға ілесе жүре әңгімемізді жалғап келеміз. Қарапайымдылығы сол – мен асығып барамын, кейін сөйлесейік деген жоқ. Құрбылардай қол ұстасып, мен сұрақ қойып, Макен Зейноллақызы өткенін әңгімелеп, бүгінгі тілегін айтып келеді.

—Бұрын үлкен адамдардан «Туған жерімді сағындым» — десе, жасы келген адамның тұрған жері, үй-жайы бар. Бала-шағасы өрбіп отыр. Тұрған жері де туған жерімен бірдей деп қоятынбыз. Сенесің бе? Қазір туған жерімді сағынатын болдым. Сәті түссе барып та келемін.

Ардақты әкеміз Хасенов Зейнолла, 1917 жылы дүние есігін ашып, 1991 жылы мәңгі мекеніне кетті. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, арада соғыс басталып кетіп, майданға аттанған. Жеңіс орнаған соң, жапон соғысына қатысады. Елге 1947 жылы оралған. Әкемнің соғыстағы ерлігі  бағаланып, лайықты бағасын алды деп ойлаймын. ІІ – дәрежелі «Ұлы отан соғысы» орденінің иегері, «Германияны», «Ленинград қоршауын азат еткені үшін» алған және басқа марапаттары жетіп, артылады. Ата-анадан ерте айырылған әкем Қарқаралыдағы мектеп – интернатта тәрбиеленген. Кейін Сталиннің жетім балалардан құралған арнайы жасағында болып, үнемі соғыстың алдыңғы шебінде жүрген. «Бізді үнемі алғы шепке жіберетін» — дейтін. Елге келген соң, әкем ауылда  басшылық қызмет атқарды. Адал еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты ата-анамыз – біздің жүрегімізден сөнбейтін жұлдызымыз, әруағына арнап Құран-дұға бағыштау парызымыз.

Анамыз — Хасенова Ажар Спанқызы 1928-жылы (Екпінді) ұжымшарында (колхозында) орта шаруа отбасында өмірге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде еңбекке жастай араласқан. 1947-жылы ұлы отан соғысының ардагері Касенов Зейнолламен отбасын құрып, 10 — бала тәрбиелеп өсірген. Зейнеткерлікке шыққанша Жамбыл атындағы кеңшарда әр салада жұмыс атқарған. Батыр ана және алтын алқа иегері.

—Макен Зейноллақызы, туған жеріңіз туралы тамсана айтып келесіз. Еліміздің қай өңірі?                                     

—Әркімнің туған жері — алтын бесік. Менің ауылым – бұрын «Жамбыл атындағы совхоз» деп аталады. Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты  ауылы. Ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақ. Туған жерді сағынып барғанда балалықпен қауышу кез келген саналы адам үшін үлкен — бақыт. Ауылымыздың құрылғанына 60 жыл толу мерекесін 1-3 мамыр күндері ауыл адамдары атап өтуде. Қандай тамаша!

Сахараның алтын тәжіне балаған Қарқаралыда Қаз дауысты Қазыбек би, ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы, шертпе күйдің атасы Тәттімбет, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің,  алаш арыстары  — Әлихан Бөкейхан (Қарқаралы уезінде 1866 жыл, 15 наурызда дүниеге келген), Нығмет Нұрмақ, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек, Мәдіғали Тәтім, қазақ ән өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтың, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың, халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың туған жері. Құнанбай мешіті мен Абай тоқтаған Көктебел үйі де осы Қарқаралыда. Қарқаралы – Қарағанды облысының ауданы.

—Апай, қай-қайсысымыз болсақта, балалық шақтың балдәуренін тамсана еске аламыз.

Бикен тәте, Қарағанды қаласында тұрады

—Айтпа деймін. Әкемнің жұмысына орай жазда ауыл малға шөп дайындауға көшеді. Тау бөктеріне киіз үйлер тігіліп, жаз жайлау керемет енді! Әкемнің ағайынды жеңгесі Майдаш апаның қолы шебер еді, киіз үйдің бүкіл жабдығы сол кісінің қолынан шығатын. Қойдың жүнінен киіз басып, сол киізбен ақ шаңқан үй құратынбыз. Бізбен қатар үш ұлы бар апа жылда қонысын тігетін. Бізге туыс емес, бірақ арада үй жоқ көрші отырады. Ауыл адамдары оны «қара кемпір» — деп атайтын. Біз баламыз. Сонда да апаны онша ұнатпаймыз. Себебі? Себебі мынау:ойын баласымыз, кешке қарнымыз ашып үйге келсек, бізге тамақ берілмейді. Қолымызды жуып, дастарханға келіп, күтеміз. Алдымен қара кемпірдің балаларына тамақ беріледі. Біз содан кейін ішеміз. Ата-анамның бұл ісін кезінде түсінбедік. Сөйтсек, апаның жолдасы қан майданда ерлікпен қаза тапқан. Шейіт кеткен жауынгердің отбасын біздің ата-анамыз қамқорлыққа алыпты.

Жаз жайлауда асыр салған балалардың шат күлкісі тау қойнауын шаттыққа бөлеп жіберетін. Айнала жайылған мал. Қазан-қазан құрт қайнап, май шайқалып, аналарымыз киіз басып, ши тоқыған қайнаған еңбек болатын. Ауылдың жұмысшы жастары да осында болады. Кешке жастардың ойын-сауығы басталып, ауыл сыртында құрылған «Алтыбақанға» асығатын. Ән шырқалып, жайлаудың түнгі көрінісі  әсем әуенмен жаңғырып кететін. «Теңге ілу», «Ақсүйек» ойындары  болатын. Алайда, балаларға онда баруға болмайды, жібермейтін ата-анамыз. Жастардың тамылжыта салған әнін тыңдап, киіз үйдің түңдігінен аспандағы самсаған жұлдыздарға қарап, ұйықтап кететінбіз. Бір қызығы —  сол жастар үшін ата-аналар алаңдамайтын. Ауылда, әсіресе жазда той көп. Балалар – тойдың гүлі. Бізге ешкім ұрыспайтын. Және қумайтын, қайта бізге дастарханнан тәттілерді ұсына беретін.

              Ұстаз жолын таңдауыма мұғалімім себеп болды

—Сіз бала кезіңізден ұстаз болуға бел будыңыз ба?

—Бір ата-анадан бес ұл, бес қыз тәрбиелендік. Барлығымыз жоғары білім алдық. Әкеміз бен анамыз бізді адам болуға тәрбиеледі, бірақ мамандық таңдауға араласпады. Жар таңдауға да араласпады, әрқайсысымыз өз таңдауымызды өзіміз шештік. Біздің кезімізде жоғары оқу орындары ақылы болмады. Тегін білім алдық.  Әкеміз тапқан қаражатын біздің тамағымыз  бен  лайықты киім киюге жұмсауымызды қадағалады.  Әкем киімге өте ұқыпты қарайтын, ұлдарын да солай тәрбиеледі. Анамыз қыздарды тазалыққа, бауырмалдылыққа, талғамға үйретті, тамақ әзірлеу, үй шарауасына баулыды.

Бір ата-анадан тараған ұрпақтары

Ауылда 8 — жылдық мектепті бітіріп, 9 — сыныпты жалғастыру үшін Қарқаралы қаласындағы мектеп-интернатқа орналастық. Интернатта ерекше жасөспірімдік кезімізді өткіздік. География пәнінен Ғалияш Аманбаева апай сабақ берді. Бүгінгі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітіріп, ауылға жас маман болып келген. Мұғалімнің сабақ беру әдісі мені қатты қызықтырды. Алдыма ұстазымдай география пәнінен сабақ беремін деген мақсат қойдым. Орта мектепті бітірген соң, мен де Алматыға жол тартып, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті атандым. Университеттен соң, туған ауылыма келіп, география пәнінің мұғалімі болып орналастым. Директордың орынбасары қызметіне тағайындалдым. Білім беру мен тәрбие саласындағы жұмысым ауданнан жоғары бағаланды. Сол кезеңнің тәртібі бойынша КОКП (Кеңес  Одағы Коммунистік партиясы) қатарына қабылдандым. 1978 жылы аудан, облыстың белсенді жастары қатарында тәжірибе алмасу мақсатында Польша мемлекетіне бардым.

—Апай, туған ауылыңыз «Жамбыл атындағы кеңшар» екен. Жамбыл ауданына қалай келдіңіз?

—Айдап келген дәм, тағдыр ғой. Студенттік кезден дос болып жүрген азамат Жаутикбаев Бүйенбайға тұрмысқа шығып, Жамбыл ауданына қоныс аудардық. Отбасында Абзал, Азамат, Ернұр Бүйенбай ұлдары тәрбиеленіп, қатарға қосылды. Бүгінде балаларымыз өмірден өз орнын тапқан білікті мамандар. Ұзынағаш ауылына тұрақтап, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы мектепке 1979 жылы аға пионер вожатый болып, орналастым. Педагогикалық шеберлігі шыңдалған, біліктілігі жоғары ортада дәріс бердім. Рақым Дәуітұлы, Сейден Алимұлыдай мектеп директорларының ақыл-кеңесі, жас мамандарға деген қамқорлығын көрдік. Бізге дейін еңбек еткен ұстаздардың есімдерін бірінен бірін бөліп айтуға болмайды. Қайсысын алсақта, өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған нағыз ұстаздар еді. Тәлімгерім – Биташева Гүлжау Махимқызының адалдығы мен еңбекқорлығы қандай еді! 2000-2004 жылдары мектеп жанындағы интернаттың меңгерушілігін атқардым. Өзім де екі жылдай интернатта жатып оқығандықтан, балалармен тіл табысу оңай болды. Интернаттың да өз әлемі бар балалардың шат мекеніне айналған орталық қой.

1979-2011 жылдар аралығында 4 рет сынып жетекші болып, оқушыларым мектеп бітірді. Сыныбымның оқушылары өте алғыр, білімге құштар балалардан құралған сынып болды. Оқушыларым география пәнінен Республикалық деңгейде өткен пән олимпиадаларына, ғылыми – жоба жұмысы байқаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жетекшілік еткен жылдары мектеп бітірген түлектердің барлығы еліміздің әр өңірінде түрлі салада жемісті еңбек етіп келе жатқан мамандар, бір-бір отбасының иелері. Әлі күнге отбасылық қуаныштарына шақырып, құрмет көрсетіп тұрады. «Ұстазымыз!» деген құрметіне ризамын.

Қырық жылға жуық уақыт ұстаздық еткен жылдары өзім де бірқатар жас мамандарға тәлімгер бола білдім. Абай атындағы мектеп-гимназияда Жарасова Сая, Т.Рысқұлов мектебінде Гүлден, жаңа сайланған Жамбыл ауданы мәслихатының депутаты Гүлзира Нуриқызы тәжірибелері таратылған білікті ұстаздар. Басқа да шәкірттерімді мақтан тұтанамын.

Мектепті бітіріп, әр салада еңбек етіп келе жатқан Бердиярова Айгүл, Тілеужан Дина, Жаутикбаев Азамат, Ибраимова Айжан, Абдыкаимов Аманжол, Жаутиков Ернұр, Керимханов Азамат, Байжанов Сакен, Дауренбаева Гулнар, Сарымсаков Жанат, Қияқбаева Мадина, Бодықова Шынар, Буралкиева Эльмира, Қалиасқарова Айзада, Онашбай Марияш, Байымбетова Бақытжамал, Тәжібаев Жанболат, Мұса Қарлығаш, Ахабай Сапар, Тілеужанұлы Қуат, Омар Мақпал, Хасенова Гүлманат, Қарымбаев Айдостай шәкірттерінің есімін мақтанышпен атады М.Хасенова.

                        Мұғалім-ата-ана алдында беделін сақтауы керек

—Макен Зейноллақызы, тәрбие айна секілді, сынса орнына келмейді.  Бүгінгінің оқушысынан бұрын кей ата-аналардың өзіне ақыл-кеңес керек болуда. Ата-ана тым талапшыл ма, ұстаз – осал ма?

—Ойыңды түсіндім. Қазіргі жас ата-ананың барлығы дерлік тәрбиені интернеттен алуға тырысады. Отбасылық құндылықтарға айрықша мән берілмеген жанұяда тәрбие осал болады. Бүгінгі ұстаз шәкіртке айтқан қай сөзімді телефонға түсіріп алып, таратып жібереді деп алаңдаулы. Ұстаз еш алаңсыз білім беріп, оқушыны тәлім-тәрбиеге бөлеуі қажет. Еңбегінің жемісі – оқушыларға берген білімі. «Хайп» қуған жандар балаға талай жылдан бері дәріс беріп келе жатқан ұстаздың тәжірибесі, ел алдындағы абыройынан гөрі жеке басының әлеуметтік желідегі танымалдылығын алдыңғы орынға қоюдан мұғалім мәртебесіне нұқсан келтіруде.

Өзім оқушыларға жетекшілік еткен жылдары барлық жұмысым керемет болды деп мақтанудан аулақпын. Әрине, кемшіліктер болады, оны дер кезінде түзете білудің өзі зор жетістік. Пенде болған соң, ата-аналардың да талабы әртүрлі. Олармен тіл табысу да кейде қиынға соғады. Қай заманда өмір сүрме, ұстаз болсаң, оқушыңның кемшілігін ата-аналар жиналысына шығарма. Басқалардың көзінше баласы туралы жағымсыз пікір естіген ата-ана екіншісінің алдында жер болады. Содан келіп, ұстаз бен ата-ана, оқушы мен ұстаз арасында сыйластық жоғалады.

Басты қағида — халқымызда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналықта. Ата-ана талабы жоғары болады. Ата-ана қойған талаптан баласының білім деңгейі шыға ала ма? Көпшілік орындарда кей адамдардан «Мұғалімнің білімі жоқ», «Мұғалім балама төмен баға ғана қояды», «Менің балам кімнен кем» — деп ұстаз туралы осындай пікірлер айтылып қалады. Ұстаз – жақсы шәкірт тәрбиелеу үшін, ата-анамен тікелей сөйлесіп отыруы қажет. Ата-ана да уақытының жоқтығын, жұмыстан шыға алмайтынын сылтауратпағаны жөн. Бала өзінікі. Өз баласы үшін бір сәт мектепке келіп, ұстаздарымен сөйлесу үшін уақыт табуға міндетті.

 

—Апай, байқасаңыз, жас ата-аналар қалада болсын, ауылда болсын сабақтан кейін балаларын пән бойынша қосымшаға сүйреп жүргені. Мемлекет шәкіртке білім берсін деп бюджеттен мұғалімдерге қаншама қаражат бөліп, айлық жалақысын көтеріп жатыр.  Қосымша сабақ ақылы. Бұдан мектептегі білім жеткіліксіз бе деген ой туындайтыны рас.

—Қосымша білім беру орталықтарында әр баламен жеке жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ, әрине. Онда да ұжымдық жұмыс. Мұнда әр пән бойынша жеке сабақтар өткізілсе, мектепте алған дәрісін шыңдай алар. Ал, жалпылама өткізсе, оған ешнәрсе айта алмаймын. Ата-ана шешетін мәселе. Менің келіспейтінім, бастауыш сынып мұғалімі болсын, жеке пәнмұғалімі болсын, өзі сабақ беретін пәні бойынша сабақтан тыс уақытта қосымшаны беруі дұрыс емес. Зейіні бар

ата-анасымен бірге үйде сабақ оқитын, ата-анасы баласына көп уақытын бөлетін, көңіл-күйі тұнық бала қосымшасыз да білімді болады.

Әрине, сұрақ көп, мәселе де жеткілікті. Білім саласы жаңа бағдарламалар, жаңа технологияларды меңгеру, сабақты ғылымиландырып өткізу бағытында даму үстінде, дами береді де. Адамзат баласы барда білім саласы-мәңгілік. Сол мәңгілікті мәнді ету –  ұрпақтар мұраты, мақсаты, бағдаршамы  болса деген үміт пен арман біздікі.

  — Қандай ұстаз болдым деп ойлайсыз?                                                                                 

—Мен дәріс берген жылдары ата-ана бақыты, ұстаз үміті ақталды деп шәкірттерім мен ата-аналарға алғыс білдіремін. Сынып жетекшісі ретінде бағы жанған жанмын. Ата-аналар әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Шәкірттерім де мені ұмытпайды. Ең бастысы – менің ұстаз мамандығын таңдауыма өнеге болған Ғалияш апайыма шексіз ризашылық білдіремін. Ұстазымның жасы сексеннен асты, қатарымызда жүр.

                  Өзбекстандағы Абай даңғылы

Міне, аз уақыттың ішіндегі әңгімеміз талай естеілк пен ой-пікірдің ордасы болды. Жеке  тәжірибесі, балаға білім беру мен тәрбиелеу  жайлы орамды ойларын баспасөз басылымдары бетіне жиі жариялайтын зейнеткер,    

«ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иесі, бос уақытында туристік сапармен шетелге саяхаттап алатын  ардақты ана, мейірімді әже М.З.Хасеноваға амандық тілеп, екеуіміз де өз шаруаларымызбен кеттік.

Ж.Кучукова,

бас редактор, ҚР Мәдениет қайраткері

Дереккөзі: [1] El.kz

 

                                                                                                                                                                                                                                         Ташкенттегі Төле би бабамыздың кесенесі