Қарағандылық оқушы «Абай жолы» негізінде үстел ойынын жасады
Автор: Агата Мухамеджанова
Фото: NIS Қарағанды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-оқушысы Томирис Бақыт Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде Absolutely obsolete үстел ойынын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ойын жас буынға бос уақытын қызықты өткізіп қана қоймай, қазақ әдебиеті мен этномәдениетін терең түсінуге көмектеседі. Авторға үстел ойынын жасау идеясы «Абай жолы» романын оқу барысында келген.
«Абай жолының» бірінші томын оқығанда көп сөздер мен салт-дәстүрлерді түсінбедім. Қатарластарымнан сұрастырғанда, оларда да осындай мәселе бар екенін білдім. Сол себепті, шығарманы түсініп оқып, сөздік қорды арттыру мақсатында осындай үстел ойынын жасап шықтым», — дейді Томирис.
Алдағы уақытта ол жетекшісі Бақыт Мекеевамен бірге жобаны жетілдіруді көздеп отыр.
«Роман-эпопеядағы кейіпкерлер мен рулар жайлы бөлім енгізуді жоспарлап отырмыз. Ашып айтқанда, рулас кейіпкерледі анықтайтын, кейіпкерледің шығармадағы рөлін, олар қатысқан оқиғалар жайлы сұрақтар бар карталар қоссақ дейміз», — дейді оқушы.
Absolutely obsolete үстел ойынында қазір 60 карта бар.