«Мұғалімдер дақ түсірмес сенімге,
Ұстаз болып қалар мәңгі көңілде.
Жандар олар шәкірті озық болсын деп,
Өз тірлігін ұмытатын өмірде»

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, ақын

      Әлем бойынша алып қарасақ, ең көп мадақтаулар ана мен ұстазға арналған екен. Өйткені, екеуі де ұлы тұлға. Ұлағатты ұстаздар жайлы сөз бастасақ, айтар алғысымыз бен ілтипатымыз таусылмайды. Қолына алғаш қалам ұстаған шәкірт  дәптеріне ұстаз есімін жазады.  Ия, шын мәнінде ұстаз ол екінші ата-ана. Бұл қағиданы жоққа шығару мүмкін емес. Өзгенің баласын өз баласынаң артық көру, оған көңіл бөлу кез-келген адамның қолынан келмейді. Тек ұстазға ғана тән қасиет. Ал ұлағатты ұстаздар өздерінің өмірлерін  өзге басқаның баласының болашағымен, ержетіп, ақыл-ойының қалыптасуымен тікелей байланыстырған.

Олардың жүректері тек шәкірті жаңа өмірге аяқ басып, ақ үмітін ақтағанда ғана тыныштық табады. Ұстаз ешқашан қадір-қасиетін жоғалтпайды, керісінше өмір бойы абыройы асқақтап, шәкірттеріне өнеге болып өтеді. Осындай дәрежеге жетіп, ел есінде елеулі орын алу әркімнің басына қона бермейтін бақ қой. Әлемнің небір мықтысы да, небір данышпаны да ұстаздың алдынан өтеді. Қазақта “Ұстаздан шәкірт озар” — деген жақсы сөз бар. Ұстаз айтқан ақылдың, білімнің болашақта әйтеуір біреуі алдымыздан шығып бізге үлкен көмегін тигізеді.

Ұстаздың қайсысы болмасын әрбір шәкіртіне жылулық сыйлап, жүрегінен орын табады. Ал енді өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, бізді білім нәрімен сусындатқан аяулы жандарға сыйластық танытпау қателік емей не болсын. Шындығында біздің нағыз жанашырларымыз осы ұстаздарымыз. Еңбегі көзге көрінбеседе, санаты биік ұлағатты жандар біз үшін әрқашан қадірлі. Кейде балалыққа басып, көңілдеріне қаяу салуымыз мүмкін. Бірақ бұл біз ұстазды сыйламаймыз деген сөз емес, ешқашан ешқандай ұлы күш біздің оларға деген ыстық махаббатымызды сөндіре алмайды.

Шәкіртін болашақта биіктерден көру — әрбір ұстаздың арманы. Ал біздің мақсатымыз — ұстаздарымыздың басын тік ұстап, абыройын асқақтатуға себепші болу және “Менің оқушым!” – деп  жүректеріне мақтаныш ұялатып, мәңгі есте қалу.  Ұстаз бойына сіңіретін қасиет кез-келген адамның бойына дарымайды. Ол үшін қажыр-қайрат пен үлкен төзім, табандылық, жауапкершілік пен адамгершілік, шынайылық, қарапайымдылық керек.

Шын мәнінде біз бақытты ұрпақпыз! Себебі бізде сонау ғасырлар алдын қазақты оқу-білімге, еңбекқорлыққа шақырған қаншама ұлт ұстаздары бар. Сахараның алғашқы ұстазы, мектеп ашқан – Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлтымызға лайық, өмірін адал еңбекке арнайтын мамандықтын бірі де бірегейі осы ұстаз мамандығы. Ең жақсысы ешкімнің ала жібін аттамайсын әрі табыссыз қалмайсын.

Ұстаз — бүкіл дүниенің жақсылығын ұлықтаған ерекше жан. Ұлағатты ұстаздарды сыйлау біздің парызымыз. Әрбір шәкірт пен ұстаз жақсы қарым-қатынаста болып, бір-бірінің тіл табыса, сыйласа білсе, нұр үстіне нұр болады деген ойдамын. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» — дейді дана халқымыз. Заман ілгерілеген сайын жаңа технологиялар дамып, балалар мен жасөспірімдер қолдарына қымбат гаджеттер ұстай бастады. Телефонды пайдалы іске жұмсамай, мектептегі оқиғаларды түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеуге мүмкіндік алды. Менің ойымша, тәртіп бұзған, сабақ оқымай келген, сабақтан себепсіз қалатын, ұстазға сөз қайтаратын оқушыларға ақыл айтқан, тәртіпке шақырған ұстазды телефон видеосына түсіріп, интернетке тарату мүлде адамгершілікке жатпайды. Иә, кейінгі кездері жаңалықтардан осындай жайттарды жиі еститін болдық.

Әр оқушы, әсіресе орта буын мен жоғары сынып оқушылары өз қателігін түсініп,  ұстаздан кешірім сұрауы керек. Ұстазға қарсы шыққаның – ата-анаңа қарсы шыққанмен бірдей. Мектеп өмірінде кездесіп қалатын келеңсіздіктер ұстазды мұқалтпаса керек. Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі»- деген бағасы ешқашан төмендемейді. Мұғалім мәртебесі биіктей берсін. Ұстазынан білім алып, өмірден өз орнын тапқан шәкірттерінің тілегі осы деп білемін.

АЛИНА АЖАР,

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы,

«Ш.Тоқжігітов атындағы мектебі» КММ

10 «Б» — сынып оқушысы.

Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы,

                   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сурет:mavink.com

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *