Тарихтың сөнбес шырақтары

   Десек, ұмтылмас есімдердің қатарында майдан даласында жеңісті жақындатуға жанын шүберекке түйген ерлеріміздің есімі құрметпен аталады. Есімдері тарих беттеріне алтын әріппен жазылған ардагерлеріміз туралы айтқанымызда, ғұмырын ұстаздыққа арнаған – Қожабек Ахметұлының өмір жолын бүгінгі балалар мен жасөспірімдерге өнеге деп әңгімелейміз. Өткен ғасырдың 60 — жылдары Моңғолия елінен білім саласының үздіктері келіп, Қ.Ахметов басқарған мектептің білім саласындағы жетістігі тәжірибесімен алмасып, қайтқан. Африка құрлығындағы Конго Демократиялық Республикасынан да арнайы делегацияның ауылға келіп, қазақ мектебіндегі жаңашылдықпен танысқан соң, Қожабек атаның үйіндегі қазақы дастарханнан дәм татқанын балалары айтып, еске алады.

     Аудан ардагерлерінің ақсақалы Қожабек атаның туғанына биыл 102 жыл толады.  Жамбыл ауданының соғыс және еңбек ардагері, балаға білім беруден жалықпаған ұстаз шығармашылықпен де айналысқан. Өмірінің соңғы күндері «Жамбылмен үш кездесуім» атты шығармасын жазды. Үшінші кездесуі аяқталмады.  Шығарманың  мақсаты – ұрпақ тәрбиесі туралы баяндалады. Ұстаз хақында жылы лебізімізді білдіре отырып, оның өмірбаянымен таныссақ, сонау  ХХ – ғасырдың 21 жылы 15- маусымда дүниеге келген. Тарихта  аталатын аумалы – төкпелі, аласапыран кезеңнің перзенттерінің бірі. Мектепті 1938 жылы бітіріп, педагогтар тәрбиелейтін екі жылдық факультетке түседі. Факультетті бітірген соң, ұстаздық етуге Шиен орта мектебіне жолдама беріледі. Араға бір жыл өткен соң, соғыс басталып  атамыз майданға ел қорғау үшін аттанады. Ярославль жаяу әскери училищесін тәмамдаған соң, 281- атқыштар полкінің құрамында  Калинин фронты бағытындағы ұрыс даласында ерлікпен шайқасады. 2- Прибалтика фронты құрамындағы 23- бөлімшесі атқыштар взводының командирі, бригада старшинасы қызметтерін атқарады. 1945 жылы туған ауылына келіп, Қарасу, Жамбыл мектептерінде мектеп директоры қызметін атқарады.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінің тарих факультетін сырттай оқып, 1955 жылы бітіреді. Білім беру саласындағы жаңа бағдарламаларды оқыту мен тәрбие саласында жеткен жетістіктері аудан, облыс тарапынан оңды бағасын алды. Қожабек ата мектеп басқарған өткен ғасырдың 60- жылдары сол кездегі одаққа мәлім болды десек, қателеспейміз. Соның бір дәлелі — Моңғолия елінен арнайы делегация келіп, мектептегі басқару ісі тәжірибесімен алмасқаны одақ көлемінде кез келген мектептің біріне бұйырмайтын.

Африка құрлығындағы Конго Демократиялық Республикасынан да арнайы делегацияның ауылға келіп, қазақ мектебіндегі жаңашылдықпен танысқаны бір ғасырда бір рет кездесетін жайт. Ұстаз өз заманында ауылдық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланып, білім саласының жақсаруына, ауылдың дамуына атсалысып, бар уақытын арнады. Қожабек Ахметұлы басылым беттерінде ой-пікірі мен ұсыныстарын жиі жариялап отырған. Ардагер 1988 жылы еңбек демалысына шықса да, ауданның қоғамдық өміріне араласты. Тұрақты комиссияның төрағасы, ерікті жасақшылар тобының басшысы қызметтерін атқарды.

Ұстаз, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» жас өрендерді заманға лайық тәрбиелеп, тәлім беру жолындағы еңбегі шынайы бағасын алған ұстаздың екінші қыры – ақындығы. Шығармаларының тақырыбы да ана тілі мен тарихын құрметтейтін жас буынды өлеңдер арқылы тәрбиелеу. Өлеңдерінің мазмұны – жасөспірімдердің жандүниесіне  отанын сүюге, туған елін көздің қарашығындай қорғауға үйретіп, адал еңбек етуге баулиды. Ұстаздың алғашқы өлеңдер жинағы 1965 жылы «Жазушы» баспасынан «Сауысқан» деген атпен жарық көрді. Одан кейінгі жылдары «Тобық», «Бала мен шөнжік», «Бейбітшілік бесігі» атты өлеңмен жазылған ертегілері жеке кітап болып басылды. «Үш ақыл», «Өмір-тұлпар» поэмалары, 1995 жылы «Қарасай батыр» дастаны жарық көрді. Аудандық, облыстық басылымдарда «Құлансаз», «Сарыбай баба өсиеті» жырлары басылды.

«Қартпын» — деп ойын қарттыққа жеңдірмей, үнемі  ауданында өтетін шаралардан қалған емес. Реті келгенде, көтерілген әр мәселеге байланысты ойларын ортаға салып, шешімін табуға білек сыбана кірісетін сәттерінің де куәсіміз. Мақсаты – өз елінің шынайы патриоты тәрбиеленуі үшін өмірден білген-түйгенін айтып жүретін. Жасы үлкен қарттарды тыңдайтын жастар үнемі «Ағалап» алдынан шығатын. Сол жастар легі бүгінде отбасында бала-шаға мен немере, алды шөбере тәрбиелеп келе жатқан салиқалы ардагерлер.

Ардагер атамыз Қожабек Ахметұлының зайыбы,  Ахметова Күлнұрхан  Құстүтінқызы  туралы ерекше тоқталып, айта аламыз. Соғыс жылдары тылда еңбек еткен. Күндіз шаруашылықта есепші қызметін атқарса, кешке қарай шаршамай майдандағы жауынгерлерге деп жылы қолғап, шұлық тоқыған. Әжеміз ұлттық  салт – дәстүріміздің ажырамас бөлігі — қолөнердің нағыз шебері атанған жан. Жасының ұлғайғанына қарамастан, кілем тоқу, сырмақ сыру, түскиіз тігу, кестелері үлкен сұранысқа ие болды. Осындай бұйымдарымен Республикалық қолөнер шеберлері көрмелеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Айталық, анамыздың қолынан шыққан ерекше бұйымдары Францияның Канн қаласында, Чехославакияның Братислава қаласында, Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесіне қойылды. 1991 жылы Киевте ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің ІІІ – Халықаралық фестиваліне қатысып, К.Ахметованың еңбегі жоғары бағаланып,  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

  Бар ғұмырының соңғы күніне дейінгі жылдарын бала оқытуға арнап қана қоймай, оларды жырларымен жігерлендірген соғыс және еңбек ардагерінің есімі мәңгі ұмытылмақ емес. Қожабек ата мен Күлнұрхан анадан тараған ұл-қыздардың балалары да бүгін ержетіп, еліміздің экономикасын дамытуға кірпіш болып қалана білді.

—Ата-анамыз жайлы көзкөрген адамдардан оларға деген жылы лебізін естісек, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Ауданда еңбек етіп жүрген адамдар бізді танып, «Ағаның шәкіртімін» десе, әкеміз Қожабек Ахметұлын ғана емес, өткен ғасырда сұрапыл соғыста біздің осы шуақты күндеріміз үшін күрескен ардагерлерді еске алып, рухы алдында бас иеміз…,- дейді балалары.

                                                                                                                                                          Ж.Кучукова   

                                                                                       Суреттер: Ахметовтер отбасылық архивінен алынды.                                           

Қожабек АХМЕТОВ

БАЛАЛЫҚ  ШАҚ

Балалық шақ әлі күнге таң маған,

Табиғаттың ғажабына қанбаған.

Не көрсем де бәрі де әсем, бәрі жас,

Маған солай көрінгенге таң қалам.

Көргендерім көз алдымда тұр анық,

Су көтерген сұлу қыздай бұралып.

Күміс көмей арулардың әндері,

Естілетін ен даладан тым анық.

Жер ананың ғажап жерін көп көрдім,

Кездім талай Алатаудың бөктерін.

Біз үлгеріп үйімізге қайтқанша,

Нөсерлетіп тауда жаңбыр төккенін.

Қуатуғын бізді жаңбыр сабалап,

Таба алмай жүруші едік пана бақ.

Су-су болып сүмірейіп тұрғанда,

Ап-ашық боп тұрушы еді дала жақ.

Сол қызықтар жастық шақтың асқағы,

Неткен қызық адамзаттың жас шағы!

Туған жерді сүю деген мерейлік,

Бар баладан тап осылай басталды.

             ОТАН

Күн батқандай бірте – бірте кешкіріп,

Қаламыз-ау, қартайғанды кеш біліп.

Өмір озып кететінін байқамай,

Әлі жүрмін есейгеннен ес біліп.

Өлмейтұңын адамдай да көрінем,

Келем асып алты қырдың өрінен.

Болсам-дағы қарапайым жай кісі,

Ел тағдыры байланысты менімен.

Сол сеніммен қызыл қырғын от кешіп,

Адамзаттың қас жауымен беттесіп,

Қанымызбен қалдық қорғап, Ұлы Отан,

Саған адал болудан зор жоқ несіп!

Тер төгеміз гүл өссін деп тұрақта,

Жетпей кеткен достар үшін мұратқа.

Аман сақтап қалмаса да өздерін,

Отанды олар сақтап қалды бірақта!

Бар тілегім қажетіңе жарасам,

Асқар таудай көңілімдегі аласам.

Мен бүгінде солдатыңмын, туған ел,

Өзің үшін жаным пида қаласаң!

Бұл өмірдің астым біраз белінен,

Өлмейтұғын адамдай да көрінем.

Болсам-дағы қарапайым жай кісі,

Ел тағдыры байланысты менімен.

Дәуір жүгін көтерісіп қырды асам,

Қырды асам да шыққан күнмен сырласам.

Отан-ана, арманым жоқ дер едім,

Кемелдікті келістіріп жырласам!

              ЖЕҢІС  КҮНІ

Ал қызыл гүл, ару Май,

Сол бір жасыл көктемде.

Берлинде едім, дариға-ай,

Жеңіс күні жеткенде!

Көкірекке нұр бойлап,

Көкті түріп игі үні.

Көңілімде тұрды ойнап,

Туған Отан гимні!

Желпіндірді жер үстін,

Азаттықтың бақ күні.

Біздің ұлы Жеңістің,

Ұлы достық – авторы.

Салюттен нұр өргенде,

Шалқымаған жан бар ма?

Сол бір сәтті көргенде,

Көрмегенде арманда!

Тыныштыққа бөленіп,

Құстар сайрап қайыңда…

Бақыт құштым кенеліп,

Ару көктем мамырда.

Күн күлімдеп көзімде,

Көңіл шіркін жайланып.

Тұрдым сонда өзімде,

Жеңіс туына айналып!

МАҚТАНЫШ

Ақ басты Алатаудың кең бөктері,

Ән-күймен әлдилеген тербем мені.

Жадымда,

Қарт жырауға қанат бітіп,

Өлеңін асқар шыңнан өрлеткені.

Сарқырап аққан өзен бұлақтары,

Ұнаушы ед құздан толқын құлатқаны…

Сол таудың етегіне

Жамбыл бабам,

Мәңгілік орда тігіп, тұрақтады.

Қарт бабам айтып өтті қасіретті,

Дауысы ғасырларды басып өтті.

Көзіне ұлы одақты сыйдырды да,

Өзіне бүкіл елді ғашық етті…

Жыр-жүрек елдікті ойлап боздап еді,

Езілген халық мұңын қозғап еді.

Алтын заң аясында қайта түлеп,

Тоқсанда топты жарып озған еді.

Біз-дағы шауып көрлік, текіректедік,

Кететін кім бар жерге екі рет келіп,

«Мекенім- ата Жамбыл ауылы»-деп,

Айтамын мақтанышпен көкірек керіп.

                              «ҚАРАСАЙ  БАТЫР»

                                 дастаннан үзінділер

Ел арманы батыр болды еңселі,

«Қайдасың жау, қырам деген мен сені».

Қолды бастап майдан құрса жеңетін,

Сонда ғана көтерердей еңсені.

***

Қыран көктен қомдағандай қанатын,

Атой салып жауға қарсы шабатын.

Бір ұл туса қуанатын қазағым,

Батыр болар деген үміт қалатын.

***

«Отқа күйіп, су түбіне батпаса,

Ел сенімін қан майданда ақтаса.

Көз жасына еңіреген елінің,

Әруақ құдай ақ ажалдан сақтаса».

Осы қиял Алтынайдың арманы,

«Бер, құдай!»-бір батыр ұл зарлады.

Ақсарбасын құдайыға шалдырып,

Әулиелер зираттарын шарлады.

***

Көп кешікпей бір ұл келді жалғанға,

Таң арайы күншығыстан жанғанға.

«Бір керемет тұлға келді десті» жұрт,

Көрмегендер бір көруге арманда.

***

Жаугерлікпен күн өтсе де төс елі,

Қас жауына жібермеді есені.

Қарасайда он алтыға кеп қалды,

Жаңа туған жас сәби еді кешегі.

***

Көрді бала түйе қомын, ат жалын,

Ел күйзеліп, тас-талқан боп жатқанын.

Балалықтың еркелігін көре алмай,

Төсек қылды жаугер аттың қапталын.

***

Көрген түстей келмей тұрды нанымға,

Қалмағаны қалай жаудың жанымда.

Деп тұрғанда аң-таң болып Алтынай,

Әке, әкелеп Қарасай тұр жанында.

***

Ақ ниетім Қарасайым бата алған,

Асқақтасын асқар таудай атағың!

Қорға еліңді, жеріңнен қу жауыңды,

Ақта үмітін қазақ деген атаңның.

Соны айтты да жанарынан жас тамды,

Қамшы берді бұзау тісті таспалы.

Әке аманатын арқасына арқалап,

Бала жолы жаугерліктен басталды.

***

Айтып берді Қарасайдың ерлігін,

Жас жағынан жауға шабар кемдігін.

—Ал, қалмаса арашалап Қарасай,

Алдарыңда сөйлемес ем мен бүгін….

 

«Қарасай батыр» дастаны 1995 жылы жарық көрген.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *