Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Мемлекет басшысы:

      «– Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың  «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында».

        «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділерімен кездесуінде сөйлеген      

                                                              сөзі. («Aikyn.kz, 14 қараша, 2022 жыл.)

Болашақ жастардың қолында. Бұлай деп айтуыма негіз көп. Себебі қазіргі жастар анағұрлым білімді, ақылды, барлық нәрсені таразыға салып саралайтын, әділетті болып келеді. Себебі өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу. Біз жастар ақ пен қараның аражібін ажырата алатын күйдеміз. Себебі уақыт өткен сайын ақиқат пен жалғанның орны ауысып, барлығы өмірге жаңаша көзқараспен қарауда. Қазіргі жастар “Білекті бірді, білімді мыңды жығады” деген ұранмен өмір сүреді. Ол әрине жақсы. Бірақ заман ағымы деп өткенге біржола қол сілтеу орынсыз болар. Тарих төрінен орын алған ұлтымызға тән ұлттық болмысымызды ұмытпай, керісінше ұлықтасақ біздің бүгінгі келбетіміз көркем болмақ.

Біздің парыз ата-баба талай қасіретпен алған киелі жерді, тұғырлы тәуелсіздікті сақтап, қорғау, ұлы бабаларымыздың атына кір келтірмеу. Ескіні есіркемей, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабар алып, еліміздің өркендеп дамуына кішкене болсын үлес қосу. Кезінде үлкендеріміз “халқына пайдан тисін” деген сөзді жиі айтушы еді. Қазір сол үлкендер артқан үміт ақталу үстінде. Дәлірек айтсақ, қазақ жастары спорттан да, өнерден де шындалып мемлекетімізді әлемге танытып жатыр. Әрине, бізден үлкен қолдау болса, алар асу әлі алда.

Жас ұрпақ тарихқа көз жүгіртіп, қателіктен бой түзеп, ой түйсе біз сол кезде берекелі, ынтымағы жарасқан ел боламыз. Тек қана елдің емес жалпы әлемнің көзқарасын өзгертуде жастардың қолында. Ол үшін төзім керек, күш керек, қуат керек. Бойында ата-баба намысы мен қаны бар өрескел ұрпақ жасқанбай ең бірінші орынға намысты қойып, өзгеге еліктемей өз ана тілімізді құрметтесе бізден асқан бақытты халық жоқ шығар бұл жалғанда. Біз аға буынға қарап бой түзейміз, егер үлкендеріміздің бойында адамгершілік болмаса, бізді түзу жолға сала алмаса онда жастардан үміт күту бос әурешілік.

АЛИНА АЖАР,

Абай облысы, Абай ауданы,

«Ш.Тоқжігітов атындағы мектебі» КММ

10 «Б» — сынып оқушысы.

Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Сурет:aptamedia.kz

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *