Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, бұл өмірде әр адам – жеке тұлға, өзіндік орны бар жан екені анық. Уақыт өте келе ой мен сана жетіліп, әрқайсымыз сан түрлі таңдаулармен бетпе-бет келеміз. Сол таңдаулардың ішіндегі ең маңыздысы – дұрыс адам болуды таңдау.
Дұрыс адам болу – бір сәттік шешім емес, ол күн сайын жасалатын әрекеттер мен ұстанымдардың нәтижесі. Адалдықты серік етіп, әділдікті ту етіп, өзіңе де, өзгеге де зиян келтірмей өмір сүру – нағыз адамдықтың белгісі. Қоғамда түрлі жағдайлар кездеседі: кейде оңай жолға түсуге мүмкіндік туады, кейде ар-ождан таразыға түседі. Дәл осындай сәттерде адамның шынайы болмысы айқындалады.
Бүгінгі таңда бұл мәселе әсіресе жастар үшін өзекті. Ақпарат ағынының жылдамдығы, түрлі көзқарастар мен ықпалдар жас ұрпақтың санасына әсер етпей қоймайды. Осындай кезеңде әр адам өз құндылықтарын сақтай білуі тиіс. Өйткені дұрыс таңдау – болашақтың берік іргетасы.
Әрине, өмірде қателіксіз болмайды. Алайда әрбір қателіктен сабақ алып, алға ұмтылу – тұлғалық дамудың басты шарты. Адам өзін тәрбиелеу арқылы ғана қоғамды жақсарта алады. Әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек етіп, айналамызға мейірім мен ізгілік сыйласақ, бұл – үлкен әрі маңызды таңдау.
ДАУКЕЕВА Алима,
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
«Ұлан орта мектебі» 11 – сынып оқушысы
