Ардана – аспан аруы
Зеңгір көк аспан, ақ мамық бұлттар, ұшы-қиыры жоқ кең дала. Әлемдегі соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтардың бірі Су-30 СМ-ді тізгіндеген 27 жасар Ардананың күнделікті жұмыс барысында тамашалайтын әдемі көрінісі. Бірақ бұл әдемі романтика, арманыңның орындалу сәтінде басыңнан кешетін керемет көңіл күй оған бірден келген жоқ. Аға лейтенант Ардана Ботай жеткен жетістік бізді де бей-жай қалдырмады.
Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңындағы ендігі сөз «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, еліміз Қарулы Күштерінің мақтанышы, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет жауынгерлік ұшақты меңгерген ұшқыш қыз А. Ботай жайында болмақ.
2021 жылы 30 шілдеде ҚР Қарулы Күштерінің тарихында айтулы оқиға болды! Қазақстанда бірінші рет қыз бала әскери жойғыш ұшақты бағындырды. Көпфункционалды 4++ жаңа буындағы, жоғары маневрлі Су-30 СМ жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам орындады. ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов дербес ұшуға рұқсат беретін практикалық емтихан қабылдады.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов:
—ҚР Әскери әуе күштерінде тарихи оқиға болды деп те айтуға болады. Еліміз Қарулы күштерінің тарихында бірінші рет өздігімен экипаж командирі ретінде әскери ұшақ Су 30 СМ-де әйел ұшқыш аға лейтенант Ботай ұшты. Осылайша ол жауынгерлік авиациядағы әйелдердің ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді орындай алатынын дәлелдеді. Әрине, осы ретте оның жақсы дайындығын, көк аспанды бағындыруға деген ұмтылысын, мемлекетіміздің әуе шебіндегі қауіпсіздігін қорғау қызметінде жойғыш ұшқыш ретінде берілген тапсырмаларды орындап жүргенін атап өтуіміз керек. Бұл мақтанышпен айтарлықтай жағдай! – дейді.
…Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары 300-ден астам әуе шайқасына қатысқан қазақтың аңызға айналған ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігі бала Ардананың көңілінде мәңгілік орнығып қалды. Одан бөлек Ардана Ботай жалын шарпыған ұшағын жау техникасына бағыттап, соғыста ерлікпен қаза тапқан ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтың туып-өскен өңірінен. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген қыз бала кезінен батыр ерлігіне қанығып, еліктеп өсті. Қазір ол – Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының ұшқышы.
Авиациялық эскадрилья аға ұшқышы, аға лейтенант Ардана Ботай өзі жайлы былай дейді:
—Менің әке-шешем – Қарқаралы ауданының тумалары. Ал тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров – біздің жерлесіміз. Мен оларды үлгі тұтамын. Оның жастарға көрсеткен үлгісі мені қашанда ұстамды болуға және білім үйренуге ұмтылуға тәрбиеледі. Менің арманым – кезінде Тоқтар Әубәкіров ағамыз бағындырған МГ-29 ұшағымен ұшу.
Аға лейтенанттың қазірде жеткен жетістіктері аз емес. Қарағандының авиациялық базасында әскери қызметті жалғыз қыз – аға лейтенант Ардана Ботай өткеруде. Авиациялық эскадрильяның аға ұшқыш – жойғыш лауазымында ол ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді. Бірақ мақсатқа жету жолында бәрі бірдей тегіс болған жоқ. Мектептен кейін бойжеткен Ақтөбедегі Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына оқуға құжаттарын тапсырады. Бірақ оны оқуға алмайды. Әскери жоғарғы оқу орны қыз балаларды оқуға қабылдауға дайын болмай шығады. Алайда айтқанынан қайтпайтын Ардананы бұл да тоқтата алмады.
Ардана Ботай: – Сол кезде мен Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына түсуге бел будым. Оны «Әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін әскери қызметке орналасу мүмкіндігін іздей бастадым. Академияны бітіргеннен кейін менде 240 сағаттық рейд болды. Оның қырық сағатын мен Астана қаласының мемлекеттік авиациялық орталығында ұшып машықтандым. TL-20006 Tecnam P-2002, Diamond DA42 екі қозғалтқышты аса жеңіл ұшақтарын игердім, – деп ағынан жарылды.
Еліміздің Азаматтық авиация академиясының екінші курсында оқып жүргенде ол Финляндияның Хельсинки қаласындағы «Patria» ұшқыштарды даярлайтын мектебінен тәжірибеден өтеді. Сөйтіп еуропалық кластағы коммерциялық ұшқыш куәлігін де алады. ҚР Ұлттық гвардиясында қызмет етіп жүрген жылдары 22 жасар Ардана ауыр әскери-транспорттық ұшақ Ан-26-ны да әуеге көтереді. 2018 жылы Балқаш қаласындағы 53898 әскери бөліміндегі қызметінде оған оқу-жаттығу әскери ұшағы Aero L-39 Albatros сеніп тапсырылады. Ал бүгінде аға лейтенант қыз Су-30 СМ жаңа буындағы жойғыштарда ұшады. Бұл ұшақтың ерекшелігі сол – ол кез-келген ауа райында әрекет ете алады. Ол жаудың ұшақтарын құлатып қана қоймай, жердегі, теңіздегі, әуедегі нысандарды жойып, әуеге барлауын да жүргізе алады. Қазақстан Әскери әуе күштеріне бұл ұшақтар 2015 жылдан бері әкеліне бастаған.
Авиациялық эскадрилья командирі, подполковник Бірімжан Түлепбаев:
—Ардана Ботайдың ұшуға дайындалуы үшін толық оқу-материалдық база бар. Бүгінде ол бағдарламаның 50%-ын орындады. Өзін жақсы ұшу деректері бар, сауатты әрі жауапты ұшқыш ретінде көрсете білді. Оған қойылатын талаптар барлық ұшу құрамына қойылатын талаптармен бірдей. Ер адам, әйел адам деп бөлінбейді. Өйткені аспанда бәрі тең, бәрі бірдей, – деп бағалаған.
Жалпы жоғары маневрлі жойғыш ұшақпен ұшуға рұқсат алу үшін бірнеше ай бойы теориялық білім алып, арнайы Су-30СМ тренажерында жаттығады, штурман ретінде ұшады. Ардана бірнеше ай бойы Талдықорған қаласындағы авиациялық базада арнайы оқудан өтті. Теориялық оқыту үш ай, ал тәжірибелік сағаттар екі ай көлемінде өткен. Оқу нәтижесінде көптеген сынақтар мен емтихандарды сәтті тапсырған ұшқыш қызға Су-30 СМ ұшағымен өздігімен ұшуға рұқсат берілген.
—Алған әсерім керемет. Суреттеп айта алмаймын. Мақсатыңа жетуден артық бақыт бар ма?! Мен үшін бұл – үлкен қадам. Жұмыс барысын, жалпы барлығын біз жерде, тренажерда үйреніп, игердік. Сондықтан мен ерекше әсер алдым, тіпті белгілі бір дәрежеде адреналин деп айтар едім. Ескертулер болды, әрине. Су-30 ұшағымен ұшуды енді бастап жатқан ұшқыш болғандықтан, айтылған ескертпелерді түсініп, қабылдадым. Мақсатыма жетер жолдың бәрі тегіс болды деп айта алмаймын. Төзімді, еңбекқор болып, арман-мақсаттарыңның жүзеге асуын күте білсең, өздеріңіз көріп отырғандай, бәрі де мүмкін екен, – дейді жүзіне күлкі үйірілген жаужүрек қыз Ардана.
Аға лейтенанттың алдағы мақсаты – ұшу техникасын жақсарту, жер үстіндегі, әуедегі мақсаттарға және топтық ұшуларға жауынгерлік қолдануға рұқсат алу үшін әрі даярлық бағдарламасына машықтану дағдыларын пысықтау.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов:
—Аға лейтенант Ардана Ботай бүгін таза ұшу техникасын, ұшу, қону, қарапайым ұшу, күрделі ұшу өнерін көрсетті. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша жер үсті, әуедегі мақсаттарға жауынгерлік қолданулар қарастырылған. Одан кейін топтық ұшулар. Ары қарай бұл тапсырмаларды қалай меңгереді, соған қарайтын боламыз, – дейді.
Әскери ұшқыш болу, оның үстіне ұшқыш – жойғыш болып, жауынгерлік тапсырмаларды орындау – ер адамға тән қызмет. Десек те Отанды қорғау, оған қызмет ету жолында кәсіби тұрғыда аянбай еңбек ету – адам баласының бәріне ортақ міндет. Қазақтың 27 жасар ару қызы Ардана Ботай осы міндетті ерлермен тең дәрежеде абыроймен алып жүр.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы атану ол үшін күтпеген жағдай болды. Бұл өсіп келе жатқан жаңа заманның жастарына үлгі болуға деген үлкен мүмкіндік дейді ол.
—Егер адамда арман, үлкен мақсат болса, оның жүзеге асуы үшін барлық мүмкіндікті қарастыру керек. Мен сіздерге орындалмайтын арман жоқ. Бастысы сүйікті ісіңізді таңдаңыз және тек алға қарай қадам басыңыз дегім келеді,-дейді нық сеніммен Ардана Ботай.
Автор: Заңғар Кәрімхан
E—history.kz
kz