Сурет: ЖИ; жолдаған автор
Арман – әр адамның өз өмірін басқалардан ерекше елестетуінің дәлелі. Сәйкесінше, кез келген адамда өз болашағына деген әртүрлі жоспары болады. Арман әртүрлі жағдайға қарай туындауы мүмкін. Мысалы, әдетке айналған күнделікті жұмыстың болашағыңның бір бөлігі ретінде елестете алудан пайда болған арман, өзіңнің пір тұтатын адамыңа қарап, еліктеу арқылы пайда болған арман, немесе бала күннен жүректе қалыптасқан арман.
Әлбетте арманның қалай пайда болғанының маңызы жоқ. Маңыздысы – сол арманды сатпай, соңында нәтижесін көріп, қиындықтың бәрін ысырып, еңбектің жемісін көру.
Шын мәнінде, арманды мақсатқа айналдырып, оған қадам басудың түрлі жолы бар: бірі арманын тез арада түсініп, жүрек қалауын орындауңа асығатындар.
Екіншісі, жарты жолдан қиындыққа қарсы жүруге батылы жетпей, арманын аяқ асты етіп, соңына бара алмай, үміті сөнген жан.
Алайда адамның болашағын өзгертетін – таңдауы. Арманның орындалуы тек сәттілікке емес, адамның табандылығы мен еңбегіне байланысты. Қандай қиындық кездессе де, оған мойымай, алға қарай қадам жасай білген адам ғана өз мақсатына жете алады. Себебі үлкен жетістікке бір күнде жету мүмкін емес. Ол күн сайынғы ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Кейде адам өз арманына күмәнмен қарап, «қолымнан келмейді» деп ойлайды. Бірақ дәл сол сәтте берілмей, өзіне сенім арту өте маңызды. Әрбір қателік – тәжірибе, ал әрбір сәтсіздік – алдағы жеңіске бастайтын сабақ. Сондықтан ешқашан қорқыныштың артыңнан еруіне жол бермеу керек.
Қорытындылай келе, арман – адам өміріне бағыт-бағдар беретін күш. Армансыз өмірдің мәні де, мақсаты да болмайды. Сондықтан әр адам өз арманына сеніп, оған жету үшін аянбай еңбек етуі қажет. Бүгін жасалған кішкентай қадамның өзі ертең үлкен жетістікке жеткізуі мүмкін. Ең бастысы – арманыңнан ешқашан бас тартпау.
ДАУЛЕТ Ақтолқын
Павлодар облысы, Ақсу қаласы,
«Үштерек ауылы орта мектебінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
