Ата – ана мен ұстаз арасындағы ынтымақ — шәкірт білімінің белесі
Кемелбекова Күміс Пармашқызы ,
«Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі.
«Жамбыл ауданының құрметті азаматы».
- Күміс Пармашқызы, сіз ұзақ жылдар жалықпай ұстаздық еттіңіз. Зейнеткерлікке шыққанда, қарап отырмай көптеген қоғамдық жұмыстардың ұйымдастырушысы болып келесіз. Зейнеткерлікке шыққан соң, аналардың үйде отырып қалмай, өзін қызықтырған іспен айналысуы үшін неден бастауы керек?
—Адам баласы өзінің өміріне серік еткен мамандығы бойынша зейнет жасына дейін тынымсыз, табанды еңбек етеді. Саналы ғұмырында еткен еңбегінің жемісін көретін сәт – зейнеткерлікке шығу. Зейнеткерлікке шыққан соң, көптеген ата – әжелер өзін жағада жалғыз қалғандай сезінеді. Бала – шағаның жанында болу, немере бағу – өз алдына. Себебі, үздіксіз еңбек еткен адам қариялық жасқа келгенде де өзіне ұнаған пайдалы іспен айналысса, қандай ғанибет!
Ата –әже үшін бәрінен қымбат – жұмыс, қадірлі еңбек – немерелерді ұлттық құндылықтар мәйегімен тәрбиелеу. Бүгінгі біздің еккен ағашымыз ертеңгі бәйтерек – балалардың болашағының тамырлануы. Тәрбие талбесігі – аналардың әлдиінде, аналардың тілі мен ділінде, жүрегінде. Бізге аналарымыз, әжелеріміз кішкентайымыздан үй шаруасына бірге араластырды. Үй, аула тазалығы, қонақ күту, ас мәзірлерін дайындауды үйрендік. Ұл балалар әкеге қарап ой түзеді, әкеге ұқсауға тырысты.
Бүгін біздің балалық шағымызда атқарылған шауалардың көпшілігі жоқ. Заман ілгерілеуіне қарай қолмен атқарылатын жұмыстардың барлығы жаңа технологияға көшті. Тіпті, дастарханға қойылатын тамақтың өзін дайын тапсырыспен алдыртады. мұндай әдіс ептеп ауылдық жерлерге де тарап келеді. Кафелерге тапсырыс бергендердің барын «Ақ әжелер» ансамблімен кездесулер өткізгенде, концерт қойғанда адамдардан естіп қаламын. Заманымыз цифрлық даму жолына түсті. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының артықшылықтарына сүйсініп отырмыз. Десекте, қала мен ауылдағы әжелердің өздері келіндері, немере қыздарымен бірге тоқу тоқыса, киім жөндеуді үйренсе, құрақ құраса – бұл істің пайдасы көп. Ұлдар үйдің кем – кетік жұмыстарын жөндеуді үйренсе, несі айып? Отбасылық қаражатты үнемдейді, басқа мамаындық иелеріне жалынышты болмайды. Екі қолға бір жұмыс таппай, босқа уақыт өткізуді отбасына пайдалы іспен алмастырады. Қажет дүниені біздер том – том энцеклопедиядан іздесек, қазір интернеттен үйде отырып – ақ көп нәрсені үйренуге болады. Интернеттен қажет емес уақыт өткізетін дүниелерді көргенше, жасөспірім өзіне пайдалы нәрсені үйреніп, өзі үшін, жанұясы үшін кәдеге жарата білсе, бұл да біткен істің бірі. Мүмкіндігі болса, әжелер кәсіпке икемі бар қыздарды жинап алып, үйірме ашып, неге шеберлік сабақтарын өткіізбеске?.
Қандай істі бастаса да, адамға ниет керек. Бірден тер төгіп, ізденіп, тырысып, ұмтылмаса, қайдан уыс – уыс ақша болады. Жаңа заманның жастарының көбінің ойы осы. Мен де көп зейнеткердің бірімін. Зейнеткерлікке шыққан соң, «Ақ әжелер» ансамблін құрдым. Қасыма әр салада еңбек етіп, зейнетке шыққан түрлі мамандық иелерін жинадым. Олардың көбі ұстаз. Өзім де өмірімнің 40 жылын бала оқытып, тәрбиелеуге арнадым. Әр зейнеткер өз мамандығы айналасында немерелерін, балалар мен жасөспірімдерге пайдалы іске үйретсе, ұлағатты сөздер айта білсе, бұл да тағлымды тәрбие.
- Бүгінгінің ұстазының болмысы әлсіз бе, әлде жанын қинағысы келмей ме көп ретте ұстазға ата-аналар риза болмайды. Әлде ата-ананың талабы тым жоғары болып кетті ме?
—Сұрағыңызда айтылған екі кемшілік те бар. Сынып жетекші де, пән мұғалімі де ата – анамен тығыз байланыста болуы керек. Шәкірт тәрбиесінде көп салмақ сынып жетекшіге түседі. Ата – ана мен ұстаз арасында ынтымақ, түсініспеушілік орныға алмағандықтан, сын айтыла береді. Кей ата – ананың қала, ауыл мектебі болсын, талабы тым жоғары болады. Жоғары талап орындалуы үшін мұғалімге баланың қабілетінің ашылуына мүмкіндік берген жөн. Ұстазбен ақылдаса отырып, баласының бейімін байқап, талабына қарай берілген тапсырманың өз деңгейінде орындалуына, шығармашылығының дамуына ата – ана да көмектесе білсе, екі ортада мәселе туындамайды.
Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық салт – дәстүрлеріміздің орны қашанда биік тұрады. Ұстаз да, ата – ана да, ата мен әжеде осы қағиданы берік ұстанса, ұрпақ тәрбиесінде осалдыққа жол берілмейді.
- «Мектептерде шығармашыл ұстаздан гөрі дайынға қанағат ететін мұғалім көп» — деген пікірмен келісесіз бе?
—Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттерінің білімдегі жетістіктерімен өлшенеді. Біреудің дайын дүниесі ешкімге өмірлік мұра бола алмайды. Халқымызда «Білген кісі тауып айтады, білмеген кісі қауып айтады», — деген мақал бар. Ұстаздың білімі таяз, біліксіз болса, дәрісі де сондай өтеді. Шәкірті де жол ортасында тайғанақтап қалады. Ұстаз да – пенде ғой. Көпшілік тарапынан мұндай пікірлер де жиі айтылады. Қалай болғанда да, ұстаз бала оқытуда кемшілікке жол бермеуі керек. Ұстаз оқытып қана қоймай, шәкіртін тәрбиелейді де. Ішінара кездесетін бірлі – жарым мұғалім деп барлық ұстазға кінә артуға болмайды. Ұстаз жаны айнадай таза жандар деп білемін. Баланың бас ұстазы – ата – ана. Осы жайт та есімізден шықпауы кажет.
- Күміс Пармашқызы, қыздар тәрбиесі де осалдау болып бара жатқан тәрізді. Жасөспірім қыздардың беталысын көріп, кейде шошып қалатының рас. Шетелдік фильмдеріндегі қыздарға көп еліктейтінін, жасөспірімдердің әрекеттерін қайталауға тырысатынын байқаймыз.
—Осы сұрақ мені де көп мазалайды. Қазіргі жастардың бірқатарына сөз айта алмайсың. «Бүгінгі тренд» дейді. Қазақ халқының ежелден өшпей сақталып келе жатқан өз тренді бар. Әдемілікке ұмтылу – өмір заңдылығы. Әр қыз бала, бойжеткен қыздарымыз, келіндеріміз өз болмысымен сұлу. Сол сұлулықты жасандылыққа айналдырып алғанымыз өкінішті. Мұсылман дінінде ұзын тырнақ өсіру, жасанды кірпік, татуаж жасау, денеге сурет салдыру, шашын түрлі түске бояуға тыйым салынады. Соған қарамастан жасанды сұлулыққа жүгіну — қазір қала мен ауылға бөлінбейтін болды.
Қыз балалар да, ұлдар да өтпелі жаста сыртқы дүниеге көп еліктейді. Кинолардағы актерлерге, әншілердің образы қатты әсер етеді. Ұлдар да ғайыптан пайда болған шетелдік фильмдердің кейіпкерлеріне көп ұқсағысы келеді. Дана Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде:
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?,- дейді.
Сондықтан, әр бала үшін ата – анасынан артық үлгі болатын, өнеге тұтатын басқа жан болмауы тиіс. Әр бала болашақта өз жолын тауып, соны ұрпақтарына жалғастыруды мақсат етуі қажет. Алдына қойған мақсатының орындалуы үшін жақсы адамдардың ісінен, ғибратты сөзінен өнеге алса, ғанибеті сол. Ғылым жолына түссін, жаңа заман технологияларын игеретін түрлі саланың маманы болсын, елін жаңартатын, жерін көркейтетін, шетелдік мінберлерде сөз алатын Қазақстан жастары болсын.
Жас жастың өміріндегі өнегелі тұстарынан үйренгені – құптарлық іс. Ал, дәл солардай боламын деп имиджін соларға ұқсатуға тырысуы – жаман әдет. Өз имиджін қалыптастыруға ұмтылу – шеберлік. Жақсыдан үйрене отырып, оның игі қасиеттерін ұлттық болмысымызға орынды пайдалана білу – өнер.
- Күміс тәте, жасы үлкен жанмен сұхбаттасқанда, ізінен еріп келе жатқан жастар мен балаларға тілек- бата сұраймыз. Сізден де игі тілек болсын.
—Жастарымыз өмірлі болсын,
Өмірлері көңілді болсын!
Әр іске бейімді болсын,
Білімге зейінді болсын.
Ата –аналарына мейірлі болсын,
Ағайынға пейілді болсын.
Өздеріне сенімді болсын.
Лапылдаған жалын болсын.
Көп білетін ғалым болсын,
Алты Алашқа мәлім болсын!
Заманымыз тыныш болсын,
Үйлеріне ырыс толсын!
—Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Ж.Кучукова,
бас редактор
Алматы облысы