«Ойланатын уақыт болған жоқ»

       Қызылордалық 14 жастағы Абай Әмірхан осыдан бірер күн бұрын суға батып кете жаздаған баланы құтқарып, ерлік жасады. Кішкентайынан жүзуді үйренген ол, досы Мұхамеджан суға батып кете жаздағанда, ойлануға уақыт болмағанын айтады.
     Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлайды.

Қызылордалық Абай Әмірхан Берікұлы қаладағы 136 мектеп лицейінің 8 «Д» сыныбының оқушысы. Сол күні олар достарымен дарияға мұздың еріп жатқанын көруге барған.

   «Біз сырғанап, ойнап жүріп, мұздың ортасына қалай барып қалғанымызды білмей қалдық. Бір кезде мұз ойылып, Мұхамеджан деген досым суға түсіп кетеді. Мен оны басында байқамадым, тек «Әмірхан» деп айғайлағанда ғана, артыма жалт бұрылып, суға батып жатқанын көрдім. Оның суға түсіп, батып бара жатқанды көргенімде, ойлануға да уақытым болған жоқ. Тез суға түсіп, оны құтқарып қалуға тырыстым. Суға секіріп кіріп, Мұхамеджанға дейін малтып, желкесінен тартып, қалың мұзға дейін апардым», — дейді Әмірхан.

Балаларды судан алып шығуға Сұлтан, Нұрболат және Даниал сынды достары да көмектескен. Сөйтіп олар Мұхамеджан мен Әмірханды кезек-кезек судан алып шыққан.

Әмірханның анасы Гүлдана Жанулина Әмірхан өскенде Роналдо сынды әйгілі футболшы болғысы келетінін айтады.

      «1-2 сыныпта Әмірхан жүзу спортына қатысып, суда малтуды, жүзуді сонда үйренді. Ал 3 сыныптан бастап футболмен айналысып келеді. Қазір Қызылорда қаласының «Қайсар» футбол клубы, «2009» футбол командасында ойнайды. Әкесі, ҚР Ұлттық ұлан 55/47 әскери бөлімінің подполковнигі Жанулин Берік Абайұлы, кішкентай кезінен ұлын жан-жақты қылып өсірген. Батылдыққа, адалдыққа, достықты бағалауға үйреткен. Әмірхан көбінесе әкесінен үглі алады. Әкесі де, мен де ұлымыздың осы ерлігін мақтан етеміз. Құдай сақтаған шығар, бірақ сақтықта қорлық жоқ. Ана ретінде ата-аналарға айтарым, балаларға сақ болса екен», — дейді анасы.

 
                             Караван жаңалықтары — https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/