Қарағандыда 8 жастағы 3 сынып оқушысы Нұриден Амантай жанып жатқан үйден 2 жастағы қарындасын құтқарып қалды. Олардың тұрғын үйі толығымен отқа оранып, балалардың атасы мен әжесі күйік шалып қайтыс болған.

Өрт өткен жылдың желтоқсан айында болған. Бірақ кішкентай батыр ол туралы қазір ғана айта алады.Бала қолы мен бетінен күйік алып,ата-әжесінен айырылды.

Өрт үйде қарындасым екеуміз және атам мен әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылып кетті. Біз ол кезде ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізде не болғанын көру үшін шығып кетті, олар ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін мен олардың артынан барып, пештің жанында атам мен әжемнің жанып жатқанын көрдім. Мен дәлізден шығу мүмкін емес екенін түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіруге дайындалдым. Сол кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келіп, мен оларға қарындасымды беріп, өзім шықтым,дейді Нұриден.
—Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жан сақтау бөліміне, Нұриденді жалпы палатаға жатқызды. Өкінішке орай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың бес баласы бар, – дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова.
Надираның жұбайымен бірге төрт баласы бар. Нұриден мен Рабиядан басқа 10 жасар ұлы мен 13 жасар қызы бар.

Қаладағы № 36 жалпы білім беретін мектептің 3 сыныпта оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім арнайы келіп, оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлады.

Аида ЖАҢАБАЙҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *