Атыраулық 5 жасар шахматшы ел чемпионы атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ең кішкентай шахматшы тұрады. Аты-жөні — Санжар Ермек. Жақында ақылдылар ойынына ден қойған ол шахматтың блиц түрінен Қазақстан чемпионы атанды.
Атырау облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 24 қаңтар — 2 ақпан аралығында балалар арасында шахматтан ел чемпионаты Шымкентте өткен.
«Чемптонатқа еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам бала қатысты. Атыраулық Санжар Ермек 6 жастағы балалар арасында шахматтың блиц түрінен бақ сынады. Бұл сайыста ол екі жүлдеге ие болды. Шахматтың блиц түрінен ел чемпионы атанды. Ал классикалық шахматтан қола жүлдеге иеленді», — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Кішкентай шахматты өткен жылдың сәуір айында ағасы-әпкесімен бірге «Guw chess» шахмат клубына қатыса бастаған. Мұнда жаттықтырушы Диляра Ғабитовадан шахматтың қыр-сырын үйреніп жүр.
«Санжар шахматты қатты ұнатты. Телефондағы ойындарға көңіл аудармайды. Ол 6 айда жақсы нәтиже көрсетіп, 4 және 3 разрядты иеленді. Былтырғы қараша айында 6 жасқа дейін балалар арасында Атырау облысының чемпионы атанып, Қазақстан біріншілігіне жолдама алды. «KSI chess Open» облыстық турнирінің жеңімпазы атанды», — дейді Диляра Ғабитова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубының құрамы жаңа ойыншылармен толыққанын хабарлаған едік.
Автор: Жолдасбек Шөпеғұл