Қазақстандық оқушылар тоғызқұмалақ ойынында рекорд орнатты
9 қыркүйек күні қала әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті атындағы саябағында Тоғызқұмалақ күні аталып өтті.
Іс-шара аясында 2028 мектеп оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойынын ойнап, «Қазақстанның рекордтар кітабына» енді.
Аталмыш рекордты Қазақстан Гиннес кітабының редакторы Қарлығаш Жаппар бекітіп, арнайы рекорд орнату туралы сертификатын Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұнға тапсырды.
Сондай-ақ, бүгінгі шара барысында Алматы қаласы тоғызқұмалақ ұлттық ойынның ордасы атанды. Бұл туралы Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов мәлімдеді.
Тоғызқұмалақ күні тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бірнеше мемлекетте тойланды: Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Латвия, Румыния, Бангладеш, Түркия және Колумбия.