Бас прокуратура ата-аналарға үндеу тастады
Қазақстандық ата-аналарға 2024 жылғы 26 маусымда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен ескерту түрінде үндеу жасалды, — деп хабарлайды Zakon.kz.
Құзырлы ведомство кәмелетке толмағандарға заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертті.
«ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі бойынша заңды өкілдерге үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2024 жылдың бес айында 2 474 тұлға 14 646 711 теңге сомасына айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша заңды өкілдеріне ескерту жасалды. Осы норманы бұзғаны үшін 46-дан астам тұлғаға ескерту түрінде жаза тағайындалды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін (ӘҚБтК 442-бабы 3-бөлігі) 2 001 тұлғаға 30 274 003 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айыппұл жеті айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Аталған санаттағы ең көп құқық бұзушылықтар мына өңірлерде тіркелді:
Шымкент қаласы – 4 425,
Түркістан облысы – 4 122,
Алматы облысы – 4 036,
Жамбыл облысы – 3 865;
Маңғыстау облысы – 3 549.
Сурет: Егемен Қазақстан