Франциядан Қасым ханның отбасылық қолжазбасы табылды

       ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Франциядан табылған Қасым ханның әйелі Айша ханымның қолжазба көшірмесін басып шығарды, — деп хабарлайды Qazaqstan tarihy.

Қолжазба — түркі тіліндегі (қыпшақ диалектісі) мұсылман теологиясы бойынша жазылған. Ғалымдар белгілі шығыстанушы В.П.Юдиннің XVI ғасырдың басындағы «Таварих гузида Нусрат нама» қолжазбасын көне қазақ тілінде жазылған деп сипаттағанына сүйене отырып, бұл жазбаны да аталған туындыға жақын деп тұжырымдайды.

«Қолжазба жеті тараудан тұрады. Әрбір бөлім исламның қасиетті кейіпкерлеріне қатысты бір немесе бірнеше хикаялармен толықтырылған. Бұл еңбек XV ғ. соңында өзбек-қазақ сұлтаны Қасым Жаһангирге (Қасым хан) үйленген Тимуридтердің билеушісі Сұлтан Хусейн Мырзаның қызы Айша сұлтан ханым-бегімге арналған. Қолжазба – Айша сұлтан ханым-бегімнің жеке кітапханасында сақталған. Кітап Шайбанидтер Мауереннахрға келгеннен кейін Орта Азиядан қашқан Тимуридтер арқылы Үндістанға жеткен. Қолжазбаны XIX ғасырда Францияның Ұлттық кітапханасы сатып алған. Қасым сұлтан мен Хусейн Байқара арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас белгісі және Қасым сұлтан мен Айша Бегімнің (Хусейн Байқараның қызы) үйленуінің болжамды күнін Хондемирдің «Хабибу Сияр» кітабынан байқауға болады», — деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Кітапты түптеу жұмыстары 2 аптаға созылған. Көшірменің жекелеген беттері біріктіріліп, бүтін блокпен мақта жібін қолдану арқылы тігілді. Сондай-ақ мұқабасына арнайы батист матасы қапталып, картон қағазы мен қанық жасыл түсті табиғи былғары қолданылды.Қолжазбаның түпнұсқасы Париж Ұлттық кітапханасында сақталған. Қолжазба шамамен 1501-1515 жылдары жазылған. Тарихи мұраның басы мен соңы болмауы себепті толық нұсқасы сақталмаған.

                                                                                                Автор: Е-history.kz

                                      Қасым хан

Қазақтың ұлы хандарының бірі (1445—1521 жылдар).    Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі — Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы және Шайбанидтер мемлекетінің ханы Мұхаммед Шайбани ханның бөлесі.Шешесі Жаған-бегім Ханым Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі.[1]

Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан 15 ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді.

Қасым ханның тарихта үш ұлының аты қалған. Олар: Мамаш, Хақназар хандар және Әбілқайыр сұлтан. Мамаш хан Қазақ хандығының тарихындағы аласапыран кезеңде билік етіп, қақтығыс кезінде қаза тапқан. Ал Хақназар хан қазақ халқының тарихында ұлы билеуші ретінде қалғаны белгілі. Әбілқайыр сұлтан Әзірбайджан шахы Исмаилмен болған шайқаста 1511 жылы қаза болған. Ал Қасымның немерелеріне келсек, Мамаш ханның ұрпақтары туралы белгісіз. Әбілқайырдың ұрпағы жоқ. Хақназардың үш ұлы бар олар:Мыңғатай, Дінмұхаммед (Тыным) және Бозғыл. Мыңғатай мен Бозғыл сұлтандар  1579 жылы Ташкент әміршісі Баба сұлтанның қолынан қаза болды.Тыным сұлтан Ташкент уәлаятының әміршісі және Ұлы жүздің ханы болған. Кейбір деректерде Тұрсын Мұхаммед хан сол Дінмұхаммедтің ұрпағы деп айтылады.

    Қасым ханның қасқа жолы — қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Бұл заңға енген ережелер:

  • мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы);
  • қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу);
  • әскери заң (қосын жасақтау, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
  • елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық);
  • жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері).

Бұл жарғы халық арасында ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598 — 1645) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды.

Сурет:facebook/Қуат Бораш

[1] «Уикипедия» ашық энцеклопеядиясы