«Iqanat» олимпиадасының грант иегері

Бұқаралық ақпарат құралдарында  «Iqanat»  олимпиадасының грант иегері атанған жастарды марапаттау рәсімі туралы жаңалықтар таратты. Марапаттау кезінде еліміздің Оқу – ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қайта-қайта құшақтаған жасөспірімге бүкіл ел сүйсінді. Сүйсінгені, эмоцияға беріліп, жүрегі жарылардай қуанған баланың сол сәтін түсінген Бас ұстаз балаға қарсылық танытпады. Министрдің балаға деген шынайы ниеті, қолдауы – көптеген басшылық қызыметтегі лауазымды тұлғаларға сөзсіз өнеге болады деп білеміз.

Грант иелері — Ержігіт Құттыбек  туралы  ақпарат «Түркістан» арнасынан алынды.

                        «Ерсі болды ма деп, ұялдым»

Министрді құшақтап алған оқушы Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны Ержігіт Құттыбек желіде танымал боп шыға келді. Ержігіт Асық ата кентінің 8 — сынып оқушысы. Өз мектебінің үздігі. Бірнеше Олимпиадада жеңімпаз атанған. Бірақ соңғы жетістігі ерекше. Оның Iqanat Олимпиадасында грант иегері атанғандағы видеосы бүкіл желіні шарлап кетті. 110 баланың ішінде аты ең соңғы болып аталған ол сенер — сенбесін білмей, министрді құшақтап алған.

—60-70-100 оқушы кетті. Жүргізуші соңында он оқушы қалғанын айтты. Сол кезде жүрегім қатты толқып кетті. Жақсы тапсырған едім, ұтпай қалам ба деген сезім де болды. Қатты қобалжыдым. Үмітім таусылып, жылайын деп отырдым. Менің атымды айтқанда қатты қуандым. Тегімді айтқаннан бастап жүгірдім сахнаға қарай», — дейді Ержігіт.

Оқушы өзінің желіде танымал болып кеткенін кейін байқаған.

—Сол кезде министрді құшақтап алғаным ерсі болмады ма деп, — ұялдым. Кейін пікірлерді оқысам, бәрі ақ тілектерін айтып жатыр екен. Ақ тілектер мен бата мен үшін үлкен мотивация», — дейді Ержігіт Құттыбек.

Ержігіт көпбалалы отбасынан шыққан. Үйінің тұңғышы. Ол өзінің  осы жетістігі ата-анасының арқасы екенін айтады.

—Мектепке бес жасынан барса, төрт жасынан бастап анасымен бірге есеп шығарып, тапсырмалар жасап жүрді», — дейді оқушының әкесі Ғалымжан Бердияров.

Аталған олимпиадаға биыл республика бойынша 800-ден аса бала қатысқан.