«Келбетіңнен сенімнің күшін көрем!»
Бүгін, біздің ардақты әкеміз бен асыл анамыздың туған күні. Кемел жастың қырқасына шығып отырсыздар. Күні кеше ғана бірін жетектеп, бірін арқалап, енді бірімізді құндақтап көтеріп жүрген ұл-қыздарыңыз да ержетіп, есейді. Отау құрып, шаңырақ көтерді. Ел қатарына қосылды. Үбірлі-шүбірлі немерелеріңізді тәрбиелеп жүрміз. Ұлдарыңыз бен қыздарыңыздың барлығына қалаған мамандығы бойынша жоғары білім алуы үшін аянбай еңбек еттіңіздер. Әлі де тұғырдан түспей, немерелеріңізбен қатар, шәкірттеріңізге білім мен тәрбие беріп келесіздер.
Құрмет пен сыйластыққа толы өмірлеріңіздің жастық шағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қалашығында өтті. Әкеміз -Қоқымбаев Амангелді Мұқанұлы мен анамыз — Жолдасова Турсункуль Копбосынқызы филолгия факультетінің студенті атанып, бірге оқыдыңыздар. Сіздер оқыған қазақтың жоғары білімінің қара шаңырағы астында қаншама атақты ғалымдардан дәріс алдыңыздар. Үйрендіңіздер. Шәкіртке білім берудің сан қырын меңгеріп, тәжірибеден өттіңіздер.
Жүрек қалаған мамандықтарыңыз қазақтың дана Абайы айтқан бала оқытудан жалықпаған ұстаз жолына түстіңіздер. Қолға университеттің дипломын алған соң, алғашқы еңбекке жолына басқан қадамдарыңызды Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылындағы Айтжан Түркебаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастадыңыздар. Әкешіміз -1985-1986 жылдардан бері Айтжан Түркебаев атындағы мектептің психологы, Еңбекшіқазақ ауданы Екпінді орталау мектебінің және Құрөзек орталау мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Құрөзек орталау мектебінде психологы, Құрөзек орталау мектебінде директор, Еңбекшіқазақ ауданы Қарасай ауылында Абай атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, оқушыларға дәріс бердіңіз. Кей жылдары «Саты» ауылдық округі әкімінің орынбасары болып, ерекшелендіңіз. 2011 — жылдан бастап, жұптарыңыз жазылмай Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде рухы биік, өз елінің нағыз патриотын тәрбиелеумен айналысудасыздар.
Анашымыз — білім белесінде Айтжан Түркебаев атындағы мектептің оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданы Құрөзек орталау мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқардыңыз. Отбасындағы қос ұстаз – сіздер оқытқан шәкірттеріңіз білім айдынында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Балалар мен жасөспірімдерді ұлттық тәрбие құндылықтар аясында тәрбиелеу бағытындағы адал еңбектеріңіздің жемісін сыйлады деп білеміз. Оқушыларыңыздың білімдегі жетістіктері аудан, облыс, Республикалық пән олимпиадаларында, сатылай кешенді талдау технологиясы тақырыбындағы өткен қазақ тілі олимпиадасындасының командалық жарысында, Республикалық-инновациялық білім бәйгесінде топ жарды. «Алтын» медальді да иеленген шәкірттеріңіз бір төбе.
Мерейтойларыңызбен қатар отбасын құрғандарыңыздың 40 жылдық мерекесін де қатар тойлап отырмыз. Сіздердің өнегелеріңіздің шапағаты бізді адамгершілікке, шыншылдыққа, адалдыққа, төзімділікке тәрбиеледі. Сіздердің салған дара жолдарыңызды балаларыңыз жалғастырып, немерелеріңізге үйретудеміз. Ата-анамыз ғана емес, қос ұстаз ретінде сіздерден өмірлік қағидаларды көп үйрендік. Сын сағатта шешімді де сәтті де таба білдік. Бір әулет болып, сіздер шыққан биіктерге ұмтылудамыз. Сіздер қол жеткізген жетістіктерді көріп, әркез қуанамыз. Сіздер болсаңыздар ұл-қыздарыңыздың еңбекпен ерлегенін мақтан тұтып келесіздер.
Ата-ананың баласына берген батасы, балаларының ата-анасы үшін тілеген ізгі ниеті Жаратқанның қалауымен біртіндеп бір-біріне дарып, игілігі мол бақытқа кенелтуде. Сіздерді мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұдан кейін де алдымызда ұзақ жүріп, біздің тірегіміз, қамқоршымыз, қолдаушымыз бола беріңіздер! Біз де сіздерге қолқанатпыз. Көңілдеріңіз таңғы Күннің нұрындай шуақты, түнгі ашық аспан төріндей ашық болсын! Дендеріңізге саулық тілейміз! Ғұмыр жастарыңыз ұзақ болып, жүз жасау Алладан нәсіп болсын!
Сіздерді ата-анамыз деп ардақтасақ, «Ұстазым!» — деп құрмет тұтқан шәкірттеріңіз мәртебелеріңізді асқақтатсын! Немерелеріңіздің мейіріміне бөленіп, мерейлеріңіз үстем болсын деген ақжарма тілекпен:
Ұлдарыңыз бен қыздарыңыз, күйеубалаларыңыз бен келіндеріңіз және немерелеріңіз.
Алматы қаласы.